Бала батыр

Бала батыр

Адам баласы бойындағы жақсы қасиетін, батылдығы мен мейірімділігін, жанашырлығы мен бауырмалдығын әртүрлі жағдайда көрсете алады. Бірі жомарттық жасап, қайырымдылығын танытса, кейбір азаматтар сын сағатта өз өмірін ойлап жатпастан өзгені құтқарып қалудан тартынбайды. Сондай батыл жастың бірі – Алакөл ауданы, Теректі орта мектебінің 11-сынып оқушысы Елдар Абдиев. 
Алакөл ауданы, Үшарал қаласының 101 телефонына кешкі сағат 4 шамасында Теректі ауылы, Т. Рысқұлов көшесі, №69 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің өртеніп жатқандығы туралы хабар келіп түседі. Араға бірер минут салып Қабанбай ауылының №36 өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау капитаны С. Толқыновтың бастауымен 5 өрт сөндіруші оқиға орнына аттанады. Жалын шарпыған үйдің түгелдей тілсіз жаудың құрсауына түскенін көрген олар шұғыл түрде өз қызметтеріне кіріседі. 
Бір айта кетерлігі, өрт сөндірушілер келгенше он жеті жастағы Теректі орта мектебінің 11-сынып оқушысы Елдар Серікұлы жалын шарпыған үй ішіне  кіріп, төсек астына тығылып қалған 9 жасар Артем мен оның 6 жастағы қарындасы Ангелинаны сыртқа алып шығады. Сөйтіп, екі балдырғанның өмірін құтқарып қалады.
Өзін емес, өзгенің жағдайын ойлаған бала батырдың бұл ісі көпке үлгі. Жас болса да жалыннан сескенбей екі бірдей ауылдасын ажал аузынан алып қалған Елдардың батыл әрекеті мақтауға, мадақтауға тұрарлық.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы

Оқи отырыңыз