Ана тілің - арың бұл..

Ана тілің - арың бұл..

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» қабылданғанына табаны күректей сегіз жыл өтті. Осынша уақыт аралығында қазақ тілі мәселесінде алға жылжушылық бар ма, жоқ әлде бәрі сол баяғы бәз қалпында ма?

Түнеу жылдары мемлекеттік тілдің жоқшысы «Ана тілі» газетінде жарияланған ЮНЕСКО-ның мына деректері жанымды түршіктіріп, жағамды ұстатқан еді. 
«Басылымда жарияланған соңғы мәліметтерге көз жүгіртсеңіз, ғалымдар жан даусы шыға дабыл қағады. Оған себеп – соңғы үш ұрпақ ауысқанда жер бетінде өмір сүріп жатқан алты мыңнан аса тілдің 200-ден астамы құрып кеткен екен. Одан бөлек, 500-ден аса тілдің халі мүшкіл десек, мыңнан астамының «саулығы» сын көтермей отырған көрінеді. Әлемде 178 тілдің әрқайсында тек 10-50-ден сөйлеушісі қалған, ал 199 тілдің әрқайсында тек оншақты адам ғана бірі-бірімен тілдесе алатын жағдайда. Мәселен, Мэн аралының тұрғындары сөйлеген мэн тілі сол тілде сөйлейтін соңғы адам Неда Маддрелламен бірге 1974 жылы «көз жұмыпты». Сондай-ақ, 1992 жылы Теврика Эсанчаның өлімімен бірге Түркиядағы убых тілінің де «талқаны таусылса», Аляска шығанағындағы эяк тілі де былтыр өзінің соңғы сөйлеушісі Мэри Смит Джоунспен бірге о дүниеге аттанды».
Осындай сұмдық, бұлтартпайтын деректерді естіп, көріп отырып атасы немересімен, анасы баласымен орысша шүлдірлесетін қазақ еліндегі қазақ тілінің болашағы үшін қорқасыз ба, қорықпайсыз ба?! Алаңдайсыз ба, алаңдамайсыз ба?!
ЮНЕСКО-ның бас директоры Контиро Мацуцраның: «Тіл – табиғат пен ғалам ғажайыптары туралы деректердің қайнар көзі. Сондықтан, тіл жоғалса, адамзат арасындағы биологиялық әртүрлілік заңы бұзылады. Жоғалған тіл өзімен бірге бір халықтың бай рухани мәдени мұрасын, асыл да бағалы мирасы саналатын ауыз әдебиетінің тамаша үлгілері – поэзиялық шығармаларын, аңыз-ертегілерін, жаңылтпаш пен әзіл-қалжыңдарын ала кетеді», – деген сөздері осыдан бір ғасыр бұрын: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп қазақ тілінің болашағы үшін қам жеген ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынов атамыздың сөзімен ұштасып жатқан жоқ па?! 
Осындай қауіпті сезіп «тіл», «тіл» деп шырылдап жүрген Мұхтар Шаханов ағамызды «тілді саясатқа айналдырады, әйтпесе, құрып бара жатқан қазақ тілі жоқ» деп, аяқтан шалып, кекетіп-мұқатып отырған өзге ұлт емес, өз қазағымыз екенін көріп қаның басыңа шапшиды. 
Ресейдің Парламенті орыс тілін білмегендер азаматтық ала алмайтын заң да шығарып қойды. Өзгенің жаман әдетін тез қабылдап ала қойып, жақсысын, үлгілісін шатқаяқтап, қабылдамайтын қайран қазағым-ай! 150 миллион халқы бар Ресей сөйтіп алаңдаушылық білдіріп отырғанда, олардан он есе аз, бар-жоғы 18 миллион халқы бар қазақ елінің әрбір азаматы күрескер болса да артықшылығы жоқ!
Кеңес Одағының сұрқия саясатының нәтижесінде тілімізден, дініміз бен ділімізден айрылып, бала әкесімен, әжесі немересімен орысша сөйлесетін дәрежеге жеттік. Коммунистік идеологияның ықпалымен «орыс тілін білмеген нанын тауып жей алмайды» деген жағдай қалыптасты. Тіпті аға толқын өкілдері «Ой, бұл қазақша түсінбейді» деп баласының немесе немересінің ана тілін білмейтіндігіне намыстанудың орнына мақтанатын күйді бастан өткіздік. 
 Талдықорған қаласына «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жобасымен таныстырып, қалың жұртшылықтың ұсыныс, пікірлерін тыңдауға сол кездегі Республикалық тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров келген еді. Сөз кезегі ауданның бір әкіміне тиіп, қолындағы қағазын ілдәлдалап оқып шыққанда ұлт мүддесі үшін шырылдап жүретін Бауыржан бауырымыздың алдында ұялғаным-ай! Алдын ала барлық ауданға «бағдарлама жөнінде ұсыныс, пікір айтсаңыздар» деген хат жіберілген болатын. Әлгі әкімнің оқып шыққаны өзі басқарған ауданның ішкі саясат және мәдениет бөлімі атқарған мәдени шараларының есебі. Жаңа бағдарламаға тілді дамыту туралы пікір, ұсыныс айту қайда, айдалаға лағып кетті. Сол жерде: «әлгі әкімнің өз айтары болмаса, ең құрмаса қол астындағылардың не жазып бергенін алдын ала оқып, танысып, «мыналарың не?» деуге өресі жетпегені ме? Аудан басқарып отырған әкім деген аты бар емес пе?» деген оймен таңданып, жағамды ұстаған едім. Әбиір болғанда облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, ұлты чешен Атсалим Идигов бауырымыз қазақша сөйлеп, бағдарламаға қатысты жеті ұсыныс айтты.  
Мемлекеттік, ұлттық идеологияның бірден-бір қуатты құралы БАҚ екендігі белгілі. Теледидардағы түріктердің қатыгездік пен сан түрлі қитұрқылығы, байлық жолындағы атыс, шабысты үздіксіз көрсетулеріне тыйым бола ма, жоқ па? Қазақша хабар, қойылымдардың көбісі түн жарымнан кейін берілетіні жасырын емес. Сонда қазақтар жапалақ құсап ұйықтамай, түнімен, таң атқанша теледидарға телміреді дей ме екен? Одан қалса, еш тәрбие, үлгі-өнеге бермейтін жыртақ-жыртақ, у-шуға толы шоулар.
Газет тарататын дүңгіршектерге басыңызды сұғыңызшы, қазақ тіліндегі басылымдардың сан мөлшері қандай екендігіне көзіңіз жетеді. Шымкенттен шулатып шығып жататын, жалаңаш әйелдермен әрленген, жезөкшелікті дәріптейтін бәдік газеттерге толы. 
Балалар, жасөспірімдер тәрбиесі арқылы болашақ ұрпақ қалыптасатындығы шындық. Осы орайда, атыс-шабысқа толы, зорлық-зомбылық, қатыгездікті дәріптейтін түрік және орыс киноларынан арылу керек. Сол сияқты, Ресейдің «Nickelodeon» атты «балаларға арналған» деп аталғанымен балалыққа тән бір жақсы қасиеті жоқ, ұрпағымызға берер пайдасынан зияны көп арналарын көрсеткеннен не ұтамыз? 
Тағы бір айтпағым: мемлекеттік қызмет қана емес, қоғамдық қатынастың барлық саласында халықтың қазақ тілін жаппай игеруі, білуі үшін қажеттілік тудыру қажет. Неге Қазақстаннан Германияға көшкен немістер бар-жоғы 3-4 айдың ішінде немісше судай ағып шыға келеді. Өзімізде туып, өмір-бақи тұрып жатқан орыс, неміс, кәрістер, ішінара бір жар адамдар болмаса, бір ауыз сөз қазақша білмейді. Өйткені, қажеттілік тудыра алмай отырмыз. 
Сөз соңында айтарым, Ел Президенті Н. Назарбаевтың: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек» деген сөзін басшылыққа алуымыз керек. 

Жарнамалар сауатты жазылса

Тіл туралы заңнаманың орындалу барысында бірқатар олқылықтар бар. Біздің қаламыздағы жарнамалар мен дүкен маңдайшасындағы жазуларда, мекемелер атауларында орфографиялық заңдылықтарға сай емес жазылған қате сөздер көптеп кездеседі. Ондай атауларды орыс тілінен тікелей сөзбе-сөз аударғаны адамға өте оғаш көрінеді. «Когда нигде не жмёт» сөйлемі «Ештеңе еш жеріңді қыспай тұрса» деп аударылған. Міне, осындай аудармалар көңілден шыға ма? «Дүкен» сөзінің «Дукен» деп жазылуы қазақ тіліне деген немқұрайдылық па? Әлде қазақша білмегендіктен бе? Ал грамматикалық қателерге келсек, қазақтың төл әріптері көбіне өз орнына қолданылмай, орнына өзге әріптер орналасып жатады. 
Бұл тек біздің қаладағы кемшілік емес, демалысқа барғанымда Алматы, Астана қалаларынан да кездестірдім. Міне, осындай қателерді көріп, «Тіл туралы» Заңның орындалмауына қынжыласың. Жеке тұлғалар мен мекемелер басшыларының тілге деген құрметінің жоқтығы менің бала жүрегімді ауыртпай қоймайды. Осы жарнамаларды, аудармаларды жазған адам да, тапсырыс берген тұлғалардың да қазақша сауаттылығының төмендігі реніш тудырады. Сондықтан да осыған жауапты адамдарға қаламыздың әсем келбетіне көрік қосып тұратын жарнамалардың сауатты жазылып, дұрыс орналасуына жауапкершілікпен қарасаңыздар екен деген өтініш айтқым келеді.

Әлихан РАХЫМҒАЛИЕВ,
Талдықорған қаласындағы Назарбаев
зияткерлік мектебінің оқушысы

Ғабдул-Сәбит Юсупов, 
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

 

Оқи отырыңыз