ОН ЕКІ ОҚУШЫНЫ ҚҰТҚАРҒАН БАТЫР

ОН ЕКІ ОҚУШЫНЫ ҚҰТҚАРҒАН БАТЫР

Қақаған аязда желтоқсан айының 18-і күні Іле өзенінің арғы  бетіндегі  мектепке оқуға  бара  жатқан он бес бала мінген қайық аударылып кетеді. Суға ағып бара жатқан он бес оқушының он екісін ажал тырнағынан арашалап, жағаға алып шыққан балқаштық Бейсетай Дәуренбеков туралы «Егемен Қазақстан» газеті биыл 20 қыркүйек  күні  жарық  көрген санында «Көкірек  көзіміз  қашан ашылады?» деген мақаланы дер кезінде жариялапты.

Мақала  жарыққа  шыққаннан кейін  екі  апта  өтпей-ақ батыр ата қайтыс болды. Аудан  халқы арулап,  келмес  сапарына шығарып салды. Батыр атаға соңғы сапарында халық шынайы батыр ретінде үлкен  құрмет  көрсетті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев  Үкіметке: «Кезінде Іле  өзеніне ағып  бара  жатқан он  екі баланы судан  аман-есен алып  шығып, өмірлерін сақтап  қалған  Бейсетай Дәуренбековтің ерлігін бағалап, оған «Халық  Қаһарманы» атағын беруді, батыр ерлігін мектеп  оқулықтарына  енгізіп, есімін  мәңгі  қалдыруды  ұсынамын», – деген сауал тастады. Депутат ұсынысын көпшілік қолдады. Өйткені, ерлік – елге  мұра.

Жастарды шынықтыратын,  ширататын - Бейсетай  ата  сияқты жандардың  ерлігі. Ол жас  ұрпақ  бойына ерекше  қуат  береді, рухтарының асқақ болуына ықпал етеді. Сондықтан, Б. Дәуренбековтің  ерлігін  тек  қазақ халқы ғана емес, басқа ұлттар да білсе екен, бабалар бойындағы айбарлылық бүгінгі ұрпақтың да бойынан табылса  екен дейміз. Мәжіліс  депутаты Омархан Өксікбаевтың  ұсынысы  жүзеге асып жатса, баршамыз үшін қайырлы іс болмақ. Ерлікті бағалау келешек ұрпақты тәрбиелеу  үшін аса  қажет.

Мақсат НҰРМАН,
Бақанас  аграрлы-индустриалдық колледжінің  мұғалімі
Балқаш ауданы

Оқи отырыңыз