ЕНЕНІ ЖАУ САНАМАЙЫҚ

ЕНЕНІ ЖАУ САНАМАЙЫҚ

Қазақ киносындағы қойыртпақ қалжыңға құрылған ене мен келін қатынасы туралы жазғым келіп жүргеніне біраз болған. Жалпы өзің тыңғылықты білмейтін нәрсеге бас сұғып, өзімбілемдікке салыну әсте қате іс. Әсіресе, бұл жайтты ұлттық мүддеге қатысты қолдануға болмайды.

Кинотуындыны түсіру қолға алынған сәттен-ақ тізгінді сауатты мәтін жазушылар мен салмақты режиссерларға берген дұрыс. Әйтпегенде  «әттеген-айы» мен өкініші көп, сапасы сын көтермейтін туындының жарыққа шығары сөзсіз. Миллиондардың есебінен түсірілген дүниең ысырап болса есіл ақшаңа да обал емес пе? Қазақ келінге қай заманда да қызындай қамқор болып, қорғап, білмегенін үйретіп, жақсы ана болуға тәрбиелеген. Соңғы уақытта көгілдір экраннан түспейтін әзіл-шыны аралас дүниелерден бұл дәстүрдің ұшығын да көре алмадық. Қай бөлімін қарасаң да келін мен ененің алысқан-жұлысқанына, айқайласып-керіскеніне куә боласың. Құдды бір соғыс алаңы сынды.

Осындай ата дәстүр мен менталитетке жат, берері жоқ киносымақтар арқылы жас келіншектер мен болашақ аналардың бойына енені жеккөрушілік пен келінді кемсіту дәні себілуде. Ұлт жанашырларының негізгі қаймағы мәдениет саласында деп арқаны кеңге салып жүргенде осындай қателіктердің кетіп жатқаны ішіңді ашытады. Қарапайым студент байқаған кемшілікті оқыған-тоқыған, кино саласының майын ішіп, жілігін шаққан мамандардың көзі шалмағаны өкінішті-ақ.

Есті адам ессіз дүниеге көп назар аудара бермейді. Жарыққа шыққан туындының жақсысын саралап, сүзгілеп, ой таразысынан өткізіп көру сіздің құзырыңызда екенін ұмытпаңыз, көзі қарақты оқырман!

Айшабибі БҮРКІТҚЫЗЫ,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университетінің 3-курс студенті

Оқи отырыңыз