ҚАЗАҚҚА ҚАНДАЙ ҚАСИЕТ ЖЕТІСПЕЙДІ?

Жүрсін ЕРМАН,
ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері:

– Қазақта ұлттық намыс жоқ. Ол әр адамның бойына керек қасиет. Біз Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз. Мынау жаһанданудың жұмырында жұтылып кетпеу үшін өзімізді алға сүйреу керекпіз. Ұлы мақсатқа лайық ұлы намыс қажет. Тілдің мәселесін көп айтамыз ғой. Ол да сол намыссыздықтан туған індет. Жеке дара тәуелсіз ел атанғанымызға жиырма жеті жыл болып қалыпты. Бір қарағанда, аз уақыт емес. Бірақ осыған қарамастан, ұлты қазақ бола тұра әлі де тәуелсіздіктің мән-мағынасын ұғынбайтындар, әлі де қазақ тіліне мұрын шүйіріп қарайтындар кездеседі. Солардың ішінде ел келешегі жастардың бар екенін сезгенде көңіл құлазиды. Тек көңілге үміт ұялататыны «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген Елбасының сөзі. Бірақ, осы сөздерді біздің қазақтар естімейтін секілді. 
Ана тіл мен ұлттық салт-дәстүрді құрметтеу – ұлттық намыстың бастауы. Бауыржан Момышұлы кезінде: «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам. Өз елінің бағасын білген пенде ғана басқа елді қадірлей алады. Өйткені, халықтардың туыстығы алдымен адамдардың өз ұлтына сүйіспеншілігі арқылы ғана келеді. Мен өзге ұлттарды құрметтеуші, өз ұлтын сүюші адаммын» деген. Өкінішке қарай, қазір кейбір қазақ бауырларымыз өзінің ана тілі – қазақ тілін білмейтініне ешбір намыстанбайды. Керісінше, «Қазақша неге сөйлемейсіз?» деп сұрай қалсаңыз, «тілі бөлек» болғанымен түрі мен есімі қазақы, өзіңмен қандас адам бір түрлі намыстанып, дүрсе қоя береді. «Менде шаруаң болмасыннан» бастап» «арандатушы», «ұлтшыл» сияқты небір пәле-жалаға ұшыратып, басыңызды дауға қалдырады. Сонда мұны намыстың қандай түріне жатқызамыз? Менімен қатар біраз ақын-жазушылардың ішінде балалары бір ауыз қазақша білмейтіндері бар. Қазақ тілін қазақтың өзі керек қылмай жатса, басқалар қайтсін? Бүгінде «Мен де аямай барымды саған беремін» деген Қасым ұстанымы әрбір қазаққа ауадай қажет-ау.