Қайыршының да өз қайғысы бар

Қайыршының да өз қайғысы бар

«Сіңірі шыққан кедей», «Шық бермес Шығайбай», «Атымтай жомарт» сияқты сөз тіркестерін бала кезден аңыз-ертегілердің мәтінінен кездестіретінбіз. Аталмыш кейіпкерлердің шынайы өмірде кездесетіндігін есейе келе түсіндік.

Бұрындары да кедей мен бай арасында тартыстар туып, байлар «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» өмір кешсе, кедейлер қуғын-сүргінде, аштықта, айдауда жүріп, жұпыны тұрмыс құрған. Қазіргі қоғамда қайыршылық жұмыссыздық, кедейлік қаржылық дағдарыстан туатын әлеуметтік құбылыс. БОМЖ ұғымы (орыс тілінде «Без определённого места жительства») алғаш 1970 жылдары пайда болды. Осы жылы қайыршылыққа қарсы қолданылатын заң бекітіліп, уақытқа тіркеусіз қалған азаматтар да БОМЖ есебіне жатқызылып, жазаланды. Тоқсаныншы жылдарда да үйсіз-күйсіз қалғандардың көбеюі белең алған. Бүгінде қайыр тілеу, сұраншақтық сияқты әрекеттерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 449-бабымен тыйым салынған.
Уикипедия сөздігінде қайыршыларға өзінің тек биологиялық тіршілік етуін қамтамасыз ететін, физикалық қажеттіліктерін ғана қанағаттандыра алатын, қайыр сұраумен күн көретін, жиынтық табысы өмір сүру минимумынан екі есе аз адамдар деген анықтама береді. БОМЖ бен қайыршының арасындағы ерекшеліктерге тоқталсақ, біріншісі үйсіз, құжатсыз, туған-туысқандарынан мүлдем қол үзген мүсәпір, ал екіншісі баспанамен қамтылған төменгі тап өкілі.
Қазір аяғы жоқ, қолы сынған, денсаулығы нашар қайыршыларды жерасты өткелдерінен, тротуар, базар, автобекет маңынан жиі көреміз. Жаның ашиды. Алайда, елдің бәрі бірдей жомарт емес және халықтың қайыршыларға деген көзқарасы әртүрлі. Кілең араққұмарлар қайыршылық жолға түседі деп оларды көрсе теріс айналады. 
Адам саналы түрде қайыршылық қадамға бармайды. Сол себепті олар көмектің барлық түріне зәру, түзу жол сілтейтін адамдарға мұқтаж. Ислам дінінде қайыр-садақа беру мұсылманның бес парызының бірі саналатындығы бекер емес. 
Психологиялық заңдылықтарға сәйкес жақсылық жасау адамның жүрегін жұмсартып, көңіл-күйін көтереді.Үнемі айналаңа шуағыңды шашып, қолда  барыңды жоқ-жітік, жетім-жесірмен бөліссең өзіңе деген сенімділігің артады. 
Егер тағдыр тәлкегіне ұшырасаңыз өзіңіз не істейтін едіңіз? Құдай оның бетін аулақ қылсын, әрине. Қайыршылардың жағдайын, жан дүниесін тек осылай түсінуге болатын сияқты. Аяқ-қолы балғадай, екі беті алмадай қыз-жігіттер жұмыс таппай жүргенде денсаулығында кемістігі бар құжатсыз адамды басына пәле қылып кім жұмысқа ала қояды дейсіз? «Бас қайғы ма, байтал қайғы ма?». Қайыршылар дәрі-дәрмекке қаражаты жеткіліксіздігіне байланысты түрлі жұқпалы ауруларға, әсіресе туберкулезге көптеп шалдығып, өмірмен ерте қош айтысады.
Қайыршылыққа денсаулығы жоқ немесе әлеуметтік ахуалы төмен, бала-шағасын, жеке ба- сын асыраудың бұдан басқа жолын таба алмаған мүсәпірлер барады. Сондай-ақ, араққа салынып, отбасынан айырылып, депрессияға түскендер, түзу жолдан тайған ер-азаматтар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер, баласы жоқ немесе қараусыз қалған қарттар қайыршының кейіпін киеді. Ақжаулықты аналар мен ақсақалдар жас күнінде күш-жігерін балаларына жұмсап, қартайғанда ешкімге қажет емес болып қалады. Бұл ұрпақ тәрбиесінің рухани әлсізденуін білдіреді.
Жаз шығып, күн жылына бастағанда Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көрші мемлекеттерден ағылып келетін қайыршылардың санында шек жоқ. Халық арасында оларды «Ортаазиялық қайыршылар» деп атайды. Арасында жас баласын құшақтаған әйелдер көп ұшырасады. 
Көкейде қайыршылар да ата-анадан туып, кезінде отбасы, бала-шағасы болған шығар, қиындықтарға төтеп бере алмай, осындай күйге душар болды ма екен деген сауалдар туындайды. Оның да шындық жағы бар. БОМЖ-дан қалыпты адам қалпына қайта түсу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі, олар өмірден баз кешіп, оның мәнін жоғалтқандар. Қоғамнан шеттетіліп, жұпыны киініп, балағат сөйлеп, айналасындағыларға жағымсыз әсер ететін топ бұл әрекетінен арланбайды.
Жерасты өткелдерінде, базарда әдемі киініп, гитара немесе басқа аспапты иығына асынып, қоңыр үнмен ән айтып тұратын жастарды «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жү-ріп» нәпақа тапқыштар санатына жатқызар едім. Ертеңгі болашағын ойлайтын жас буынның қайыршылыққа салынуы бала күнінде ата-анасының еңбекке баулымағанынан, жалқаулықтан деп есептеймін. Олардың психологиясы паразитизмге ұмтылуға, жауапкершіліктен қашуға құрылған. «Әлем мейірбан жандардан құралақан емес» деген пікірді ұстанып, сезімталдық пен жанашырлыққа шақырады. 
Жуырда қайыршылармен тілдесіп көру үшін Ұзынағаш базарына бардық. Міскіндердің тұрақты орнынан сол күні ешкімді таппадық. Олар бейсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері «жұмыс істейді» екен. Себебі халық көп шоғырланады. Бір қайыршы мас болып отырды, тілдесуге шамасы жетпеді. Базарды аралап жүріп, арбаға таңылған мүгедек қайыршыны көріп қасына жақындадым. Аяғының саусақтары жоқ жүдеу кісі аянышты көрінді. Әңгімеге тартып едім, өмірін баяндап берді. 
– Есімім – Өткел. Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан автономиялы республикасында 1971 жылы туғанмын. 2000 жылы Қазақстанға жұмыс істеуге келгенмін. Алғашында Алматының «Қалқаман» ықшамауданында пәтер жалдап тұрдым. Ол кезде отбасым, яғни әйелім және екі балам бар еді. Кейін ажырастым. Қазір олар менімен мүлдем араласпайды. 2013 жылы Шымкентке барып, аязда қалып, екі аяғымды бірдей үсітіп алдым. Тұрақты тіркеуде тұрмағандықтан ауруханалар қабылдамады. Сөйтіп аяғымның үсіген жері асқынып, бір қайырымды кісінің көмегі арқылы ауруханаға қабылданып, екі аяғымның саусақтарына ота жасалынып, кесілді. Міне, содан бері көрген күнім қараң. Бұрынғы кәсібім қаңылтыршы еді. Бірде Шымкентте арбаға таңылған күйімде жұмыс істеп отырғанымды көріп, мұқтаж жандарға арнайы көмек беретін органдар маған көмек қолын созбақ ниетін білдірді. Алайда, тағдырдың айдауымен Қарағандыға қоныс аудардым. Кейін Алматыға келіп, күнкөріс қамымен қайыр тілеп көше кездім. Ұзынағашқа келгеніме бүгін жетінші күн. Ертең Алматыға қайтамын. Осы ауылдың бір жігіті Алматыдан үй жалдап беріп, құжаттарымды түгендетем деп уәде берді. Қазір соның үйіндемін. Қыста киетін киімім жоқ. Егер көмек беретін жандар табылса, маған киім жағынан қол ұшын берсе екен. Арақ ішпеймін. Қасымда араққа салынған қайыршылар да отырады. Қазір арақтың сапасы нашар, сондықтан біреулер ағзасын уласа, екіншілері өмірімен қош айтысады. Олардың ішінде бұрын отбасылары болған- дар бар. Жұмыссыздық қайыршылыққа итермелейді. Ресми түрде мүгедектіктігімді бекітіп, растайтын куәлік рәсімдеу үшін құжаттарымды жасатуым қажет, – деп жағдайын айтып мұңайды.
Ертесіне Ұзынғаштың базарына тағы жол тарттым. Ондағы мақсатым – екінші қайыршымен кездесіп, әңгімелесу. Оның неге қайыршылық жолын таңдағанын білгім келді. Сонымен Әли Фазылов есімді қайыршы Ұзынағаш ауылының 1967 жылғы тумасы екен. Ұлты – қырым татары. Туғаннан полиартрит ауруына шалдыққан, ІІ топтағы мүгедек. Отбасында әйелі де жиі ауырады, екі баласы бар. Балаларының бірі жиырмада, екіншісі жиырма үште. Олардың біреуі көлік апатына түсіп, жұмысқа жарамсыз болып қалған, үйде отыр. Ал кішісі Ұзынағаштағы училищені тамамдаған, алайда ол да жұмыссыз көрінеді. Сонымен бір отбасының асыраушысы 25 жыл бұрын көлік апатына ұшырап, жұмысқа мүлдем жарамай арбаға таңылғанын айтып, көзіне жас үйірді. 
– Бұрын Кеңес заманында жұмыс істегенмін, – дейді қайыршылыққа мұқтаждықтан барып отырғанын дәлелдегісі келгендей. – Қазір 100 мың теңге алатын отбасыларда да материалдық жетіспеушілік байқалады. Менің зейнетақым отбасын қамтамасыз етуге жетпейді. Оның үстіне азық-түліктің бағасы да қымбат, – деп қайыршылықты «кәсіп» етіп отырғанына ақталғандай болды. Бұдан  тапқаны күнделікті тамағына жететінін, егер жомарт жандар табылса, көмектің қай түрінен болсын бас тартпайтынын айтты.
Жұмыссыздық, денсаулығының жарамсыздығы немесе «ащы судың» кесірі қол жа-    йып, қайыр тілеуге апарады. Өмірде өз орнын тапқан, материалдық жағдайы дұрыс адам қайыршылық жолға түсіп, тіршіліктің ең төменгі сатысына дейін төмендемейді. Әлемнің екінші ұстазы, ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыз айтқандай «Қайыршысы жоқ ел бақытты». Қарттарын қаңғыртпай, жетім-жесірін жылатпаған мемлекет ертеңіне сенім арттырады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін қазірден қолға алып, ата-ананы қадірлеуді, меңгерген білімін ең алдымен өз қажетіне жұмсауды үйретсек, қайыршысыз қоғам құрып, көздеген мақсатқа қол жеткізеріміз анық. 

Майра АЛДАБЕРГЕНОВА 
Жамбыл ауданы

 

Оқи отырыңыз