КИІЗ ҮЙДІҢ ҚАДІРІН ҚАШЫРМАЙЫҚ

КИІЗ ҮЙДІҢ ҚАДІРІН ҚАШЫРМАЙЫҚ
   Жаздың ортасы болатын, Ресейде тұратын бір жолдасым қонаққа келді. Алыстан келген қонақты бар ықыласымызбен күтіп, қонақжайлық танытып жатырмыз. Ежелден қонақ келсе шашылып қалатын салтымыз бар емес пе?! Шеттен келген орыс азаматына қазақы дәстүрмен құрмет көрсетіп, шаңыраққа шақырдық. Отбасымызды таныстырып, біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Артынша қаланы аралатып, түс ауа тағы да дастарқан жайдық. 
 

    Бұл жолы үйде емес, қазақтың салтын көрсетейік, дәстүрімізді білсін деген ниетпен қаланың ішіне тігілген қазақ үйге апардық. Үлкен ақ шаңқан қазақ үйге кіргізіп, ұлттық тағамның бәріне тапсырыс бердік. Ортаға қойылған үстелге құрт, май, бауырсақ, қымыз бен шұбат, дастарқанның қақ ортасына бір табақ ет келді. Мұны көрген қонақ таң-тамаша болды. Тіліміз жеткенше таныстырып, тағамдардың қалай жасалатынын, ұлттық асымыз деп қазы-қартамызды да айтып жатырмыз. Қойшы әйтеуір, қарнымыз жарылғанша ішіп-жедік. Қонағым да дән риза. Барлығы дәмді екен деп ілтипат білдіріп жатыр. Біз де алыңыз, алыңыз деп қолқалап қоймаймыз. Әңгімеміз де жарасып кетті. 
   Қонағымыз ішке ел қонғасын жан-жаққа қарай бастады. Жаман ішкенін айтады демекші, мұндағы менің айтпағым басқа. Әлгі келген қонағым тамақ ішіп бітісімен маңайына қарап отырып, «Бұрынғы қазақтар осындай үйде тұрған ба?» – деп сауалды төтесінен қойды. Біз де «Ия, бұл біздің үйіміз. Қазақ үй деп атайды. Орысша «юрта», – деп жамырап жатырмыз. «Дұрыс екен, тек ол кезде де осылай темірден жасаған ба?» демесі бар ма... Сол кезде бетімізден отымыз шығып, тілімізді тістедік те қалдық. Әлгі біздің қазақ үй деп кірген жеріміз кейінгі заманның талабымен істелген темір үй екен. Қанша қанат екені түсініксіз, зәулім үй. Ішіндегі жабдықтары да жоқ. Әйтеуір қазақ үй деп тігіп қойған үйдің ішін жылтыраған маталармен көмкеріп қойыпты. Шаңырағы да жоқ. Керегеде бір шапан мен түлкінің терісі ілулі тұр. Әйтеуір жоқтан бар. Осы кезде жолдасыма не айтарымды білмедім. Жауынның арасымен жүргендей майдалап: «Бүгінгі заманға оңтайлы етіп істеген ғой. Негізі қазақтың үйі басқаша болады. Оның жабдықтары мынадай», – деп ауызша тізіп бергеніммен көрсете алмадым. Ол менің көрсеткен сый-құрметіме марқайып еліне кетті, ал мен басым салбырап елімде қалдым. 
   Рас, бүгін жаңғыру деп жатырмыз. Ұмыт болған құндылығымызды қайта тірілтеміз деп жар саламыз. Сонда біздің қазақ үй жаңғыруға жатпай ма? Әрине, заманның талабы деп темірден жасалған қазақ үйді тігіп қойдық. Ертең  осылайша нағыз құндылығымыздың жойылып кетпесіне кім кепіл? Аздан кейін жастарымыз біздің үй осы деп темірден тігілген үйді көрсетеді. Ертең алдына алты қанат қазақ үйді әкелсеңіз оны тігетін адам таппай қалатынымыз анық. Оның әрқайсының өзіндік үлгісі бар емес пе? Алты қанат, он екі қанат, жиырма төрт қанат деген. Жастарымыз қанат дегеннің не екенін білмей шығады. Кереге мен шаңырақты, уық пен түндікті, туырлық пен бақанды танымай кетеді. Ішіндегі жабдығы бір бөлек. Бас арқан, басқұр, белбеу, белдеу, үзік дегенді мүлде естімейді. Неге, өйткені біз кірген қазақ үйде мұның бірі жоқ. Ол темірден істелген қазақ үй. Уығы шаңыраққа шаншылмайды, туырлығы уықтың бел ортасынан керегенің жартысына дейін жабылмайды. Бас арқаны тартылып, белбайлауы байланбайды. Ол әшейін темірден құрастырыла салынған конструкция. Осы мені қатты ойландырады. 
   Алғашында қаланың іші болғасын ыңғайлысы осы болған шығар деген ой түйдік. Сөйтсек онымыз бекер екен. Қазір жайлауға да осы темірден құрастырылатын үйді тігетін болыпты. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүреміз» деп жүріп ұлттық құндылықтан айырылып қалмасақ болғаны. 
   Кеңестің кезінде Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында киіз үй шығаратын арнайы кәсіпорын болған. Сол кезде барлық жабдықтары дайындалып, еліміздің барлық аймағына таратылып жатушы еді. Бүгінде ол кәсіпорынның қаңқасын ғана көресің.
   Осы жерде мен бір болған жайды айтып өтейін. 1988 жылы 7 желтоқсанда Арменияда күшті жер сілкінісі болды. Сол кезде күллі әлемнен, одақтас он бес республикадан көмек барып, армян халқының басына төнген ауыртпалықты бірге көтерді. Қазақ халқы да мұндай істен аянып қалмады. Алғашқылардың бірі болып азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек жөнелтілді. Сонымен қатар, жаңағы мен айтқан кәсіпорыннан киіз үй де апарды. Алғашында армяндар Қазақ даласынан барған үйді жақтыра қоймағаны анық. Барлығы шетелдік палаткаларға қол созып, жан сақтауға көшкен. Сояудай болып жатқан біздің уық ағаштарды отынға жақпақ болады. Елден барған ағайындар киіз үйдің әр ағашы біз үшін құнды, киелі екенін айтып, керегені тартып, шаңырақты көтеріп, туырлығы мен түңдігін жауып, үй екенін көрсетеді. Қақаған қыстың суығы қойсын ба? Таласып-тармасып алған палаткалар пана болмай, Қазақтың киіз үйіне жармасады. Қала қалпына келгенше қазақ үй армян халқына да пана болып, өз құндылығын көрсетеді. Міне, осындай қасиетті  үйдің ағашының темірге алмастырылып кеткені жаныма батады. 
   Қазір жастарды жиып, ортасына киіз үйді қойып, тігіңдер десе қалай болады екен? Әй, қайдам?.. Керегенің қалай керілетінін, уықтың қайда шаншылатынын білмейді. Шаңырақты мен көтеремін деп бір қыз бала жүгіріп шығып ұятқа қалармыз. Оның да өзіндік жолы, дәстүрі, заңдылығы бар. Бақанға шаңырақты іліп ер бала көтереді, керегені де ер-азаматтар кереді. Әйел азаматына тек уықты шаншуға және ішкі жабдықтарды әсемдеуге рұқсат берген. Бүгінгі жастар бұл заңдылықты білмейді. Алты қанат – ақ үй, сегіз қанат – ақ ала орда, он екі қанат – ақ орда, он сегіз қанат – ақ шаңқан, жиырма төрт қанат – алтын үзік, отыз қанат – алтын орда деген үйді көрмейтін шығармыз. Ертең балама қазақтың қазақ үйін суреттен көрсетемін бе,  темірді көрсетем бе? Басты қасірет осында болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, ҚАЗАҚ ҮЙДІҢ ҚАДІРІН ҚАШЫРМАЙЫҚШЫ!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ. 

 

Оқи отырыңыз