Көк тудың желбірегені

Көк тудың желбірегені

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым, – деп жыр сүлейі Сүйінбай бабамыз текке айтпаған-ау. Жаугершілік заманды бастан өткеріп, жау келгенде «аттан» десе атқа қонатын бабалар рухы асқақтап-ақ тұр осы бір қарапайым үш жолда. Баһадүрлер бойындағы батырлық пен өрлік, қайсарлық пен ерлік бөрілі байрағын бөтеннің қолына ұстатып көрмепті. Керісінше қайраттанып, тұлпарының тізгінін ұстағанда айбаттанып шыға келетінін қарт тарихтың қатпар бетінен сан мәрте оқып, санамызға тоқып келеміз.

Содан бері де күндер сы­нап­тай сырғып, апта бұлақтай жылжып, айлар бұлттай аунап, жылдар желдей есіп, ғасырды-ғасырға жалғап, жаңарған за­ман, жаһанданған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қолына алса бабаларымыздың қайдағысын қоздыратын бөрілі байрақ та­рихи жәдігерге айналып, мұра­жайдағы құнды мұра болып, тарих қойнауына енді де кетті. Ал қазір аспан түстес көкпеңбек Көк туымыз көкке өрлеп, еңсесі биік, еркін ел атандық. Ғасырлар қойнауынан сыр тартып, тағы сол Сүйінбай бабаның жыр жау­һарына сүйенсек, ұлттық бол­мысымыздың қандай болғаны айшықталып шыға келеді.

Бөрілі байрақ астында,

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

Міне, дәл осы ұлтқа қауіп төнгенде ұрандағанда бөгеліп тұра алмаған, жорыққа жортып шыққанда бөлініп қалмаған бөрілі байрақ пен ұшар басына бұлт ілген асқақ шыңдар былай тұр­сын, аспан асып Айға тігілген Көк Туы­мыз­дың арасында да бір­шама алма­ғайып заман өтті ба­сы­мыздан. Қолымызға қызыл ту көтеріп, мойнымызға қызыл галстук бай­лаған қоғамның да қызығы мен шыжығын көрдік. Дегенмен, қы­зығынан гөрі қан түстес матаға орақ-балға таң­балаған кезеңнің, «қызыр шал­ған» дейтін қазақ елін қызыл қан­ға бояғаны көп болды-ау. Уақыт емші жазған жараның бетін тыр­нап қайтемін. Оданда өткеніме салауат айтып, бүгініме қанағат жасап, еркін ел болған тұстағы еңсемді сан мәрте көтеріп, өзімен бірге аспан әлемінде қалық­тат­қан Туы­мыз­дың төңірегінде ой тербейін бүгінгі мерейлі мереке үстінде. Ба­баларым аңсаған тәу­ел­­сіздікті біздің маң­дайымызға бұйыртқан Тәңірімізге тәубе қы­лып, күпір­ліктен арылып, шү­кір­лікпен сө­зімді сабақтайын.

ТУ. Түсіне білген адамға – қас­терлі сөз, қасиетті ұғым. Ға­сыр­лар қойнауын қиял құсымен шарлап көріңізші. Туырлы­ғы­мыз­ды кескілеп – тоқым, керегемізді қиратып – отын еткен жаугер­шілік заманда Туымызды құлат­па­ған елміз. Тым тереңдемей-ақ, ақ киізге орап, хан сайлап, таққа отырғызғанда үш жүздің басын қосқан хан Абылай иісі қазақ жұртын өзінің ақ Туының астына жинады емес пе?! Сол ақ Ту хан ордасының айбынын асырса, бөрілі байрақ бабалар рухын шарболаттай жанығаны да ақи­қат. Осы тұста, ақиық ақын Мұқа­ғалидың «Райымбек, Райымбек» поэмасын есіңізге алыңызшы. Ал егер оқымаған болсаңыз, кө­кейі­ңізге түйе жүріңіз, сол батырға өлеңмен қойылған ескерткіш-жырда он бес жасар Райымбек батыр былай суреттеледі:

Келеді бала өз атын өзі

ұран­дап,

Қамшы сабына көйлегін

Ту ғып байлаған.  

Он бес жасар Райымбектің бұл қайсарлығы бүгінгі таңдағы отызында бас бола алмай, жас­пын деп, мас болып жүрген қай­сы­бір жастармен салыстыруға мүл­де келмейді. Орайы келген соң тілге тиек ете кеткенім ғой, әйтпесе, менің айтпағым, за­ма­науи жастардың бойындағы бой­күйездікті сөз ету емес, сонау дәуірдегі балаға батырдың рухын сыйлаған Тудың қуатын айту еді.

Жалпы Туға байланысты сөз қозғайтын болсақ, тым тереңдеп кететініміз рас. Батагөй ата­лар­дың алдын көргеннен шығар, ту туралы сөзді бала кезімде ес­тігенмін. Кеңестік заманның өзін­де бес уақыт намазын қаза қыл­маған Мұқаметжан атам мен Гүлзағира апамның дұғасында жүретін. Атам жарықтық оқыған көкірегі ояу, көзі ашық, тіршілігі мен құлшылығын қатар ұстаған жан еді. Намаздан кейінгі ұзын сонар батасын бергенде не айтып жатқанын аса түсінбесем де, алақанымды жайып, алдына оты­рып алатынмын. Сонда атам әр намаз сайынғы дұғасының соңын­да: «Екі дүниенің бақытын бұйыр­тып, мәңгі өмірде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) ақ туының астында болуымызды нәсіп ете гөр. Әумин!», – деп бетін сипап, намазын аяқтайтын. Құлақтан құйылған сол бата-дұға арада жыл­дар өтіп, маңдайым сәждеге ти­­генде санамда қайта жаң­ғы­рып сала берді. Бұдан түйеріміз Ту­дың мына өмірімізде ғана емес, арғы дүниемізде де маңызы зор екені. Шариғатпен сабақ­тас­тыр­ған ойымның арнасын ұлттық та­би­ғатымызға қарай бұрсам, қай­сар жұртымыз қасиетті Туын қайда қа­да­маған. Римнің тас көшесін тұл­парының тұяғымен таптаған Еділ қаған батысты құлдықтан азат етіп, бостандық Туын көтерді. Ұлы Дала төсінде туып, құл­дық­тың қамыты мой­нына тағылып, жат топырақта түлеген баһадүр Бейбарыс Мы­сыр жұртының сұл­таны болып, Алланың жердегі үйі саналатын алып мешіт салып, араб түбегінде имандылық пен батырлықтың Туын тікті. Өткен ғасырдың екінші ширегінің соңын ала тұтанып, тарих бетінде Ұлы Отан соғысы деген атпен қалған сұрапылда он бес одақпен бірге кеудесін оққа төсеп, жанын отқа лақтырған аталарымыздың ерлігі де осы Тумен тікелей бай­ла­ныс­ты. Жеңісті жақындатқан жам­по­зымызды ұзақ жыл ашық айта алмай, ақиқат кеш оралып, 9 мамырда бейбіт күннің дабылын қағып, Рейхстагқа Ту тіккен Ра­қымжан Қошқарбаев та бүгінде ұлт мақтанышына айналған ба­тырлар қатарында. Осылай тіз­белей берсек, Ту төңірегінде ша­ғын мақала ғана емес, том-том кітапқа бергісіз толғамдар жа­зу­ға болады.

Әсілі, Ту екі жағдадйда ғана төмен түсіріледі. Екеуінің де түбі жақсылық емес. Құдайым Туы­мыз­дың еркімізден тыс төмен түсірілуінен сақтасын. Бірінші соғыс жағдайында жеңіліс тап­қан кезде, екіншісі, қаралы оқиға орын алғанда. Осы орайда бір ғана көріністі көз алдарыңызға елестете кетейін. Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың бала» филь­мін­де Сартай батырдың соңғы демі шығар сәтте жоңғарлар жа­ғы­ның туын жастана құлауы, тарих бетіндегі қанды ғасырдың тоқ­тауына нүкте қойды. Яғни, жыл­дар бойы рухы сынып, намысы өліп бара жатқан қазақ елі ал­дас­пандай жарқ етіп, қиядағы қы­рандай саңқ етіп, Жеңіс туын кө­теріп, осынау Ұлы Даланың заң­ды мұрагері болып қала берді. Ал кешегі Ұлы Отан со­ғы­сында фашистік Германия же­ңі­ліс тапқанда туы төмен түсті. Ал ата дәстүріміз бойынша ту тағы бір жағдайда түсіріледі. «Бір­еу­дің кісісі өлсе, қаралы ол», – деп Абай атам айтқандай қаза­лы үй екенін білдіру үшін ілінген туды жаназа шыққаннан кейін алып тастайды. Яғни, тірі адам тірлігін жасайтынын, арты тойға жал­ғас­­сын деген ниеттің нышаны ғой.

Бірді айтып, бірге кетті де­меңіздер, бір ғана Тудың тө­ңі­регінде біршама ойдың ұш­қы­нын шығардық. Ондағы мақ­са­тым: «Бүгін – рәміздер күні» деп ресми сүрлеуді шиырламай, аз-кем болса да, Туға қатысты арғы-бергі тарихымыздан сыр суырт­пақтай отырып, оқыр­ман­ға, тәуелсіз елдің жарқын бола­шағы болатын жастарға ой тас­тау. Ту тек қана Мемлекеттік рәмізіміздің бірі ғана емес, ол – ұлттың рухы. Батырлығының белгісі, басынан өткерген ерлігі мен елдігінің көрінісі.

Аллаға шүкір, бір шетінде ұлттық ою-өрнегіміз бейне­лен­ген, қақ орта­сындағы алып күннің астында еркіндікті аң­са­ған, қырағы елі­міз­дің рухындай қанатын кеңге жая қалықтаған қыраны сурет­телген, күллі адам­­затқа һәм бар­лық жа­ратылысқа ортақ зеңгір аспан бедерленген Көк Туымыз бар. Туымыз мезгілсіз құламасын! Әлем алдында Көк туы көгінде желбіреген, бей­біт­шілік пен татулықтың, достық пен ын­тымақтың мекеніне ай­налған Мәңгілік Ел болуды нәсіп етсін!

Көк тудың желбірегені,

Елімнің асқақ беделі.

Таласқа түссе жан мен ту,

Жан емес маған керегі,

Көк тудың желбірегені!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

 

Оқи отырыңыз