Келіні жақсы үйдің керегесі алтын, бірақ...

Келіні жақсы үйдің керегесі алтын, бірақ...

Біздіңше, осы отбасы деп  аталатын шағын ғана мемлекеттің президенті саналатын ОТАҒАСЫЛАР қазіргі уақытта ұсақталып кеткендей. Себебі, қазіргі кейбір отағасы мен отанасының орны ауысқан сияқты. 

БІРІНШІ ОҚИҒА: 
АЙДАНА:
– Ағам жеңгемді таныстыруға алып келгенде ішім жылымаған. Бірақ айта алмадым. Үйдің тұңғышы әрі жалғыз ұлы болғандықтан  әкем мен шешем бар жақсысын жиып-теріп, құдалардың алдынан өтті. Оңтүстік жақтың қызы болғандықтан қалың малы да біраз қаражатты құрады. Той дегенде қу бас домалайтын халықпыз ғой, баяғы банктің босағасын тоздырдық. Тегін ақша секілді миллиондап ақша алып, той жасадық. Үш ай өтпей-ақ жас келіннің қылығы шыға бастады. Үйден әшекей бұйымдар, кейінге таман ақша жоғалды. Көршілер: «Сіздер жоқта келін темекі шегеді», – деп айтқанда сенбегенбіз.  Соңында ағам осының барлығы жарым деп жүрген жанның әрекеті екенін білгенде ажырасуға бел байлады. Оған қайғырып, басын ауыртқан келін жоқ. Киім-кешегін жинап, біз жоқта үйге ұры болып түсіп, тойдан қалған ақшаны, қымбат тондарды ұрлап кетті. Сұлу, көрікті бойжеткеннің ішінде сондай мыстан барын көргенде жағамызды ұстадық. Бала үшін жанын беруге дайын ата-анам қазір мемлекеттен алған қарызын төлеп, күн көруде. Ал ағам болса өмірін ойрандаған алаяқ қызға жолыққанына өкінуде.

Бұл біздің мысалға алған бір ғана оқиғамыз. Ал осындай қаншама оқиға қоғамда болып жатқанын санауға саусақ жетпейтіні өкінішті. Қыз барған жерінде бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп барады деген ақжарма тілек ұзату тойда сан мәрте айтылады. Бірақ оның астарына үңіліп, санасына тоқып жатқандары шамалы.  
Ұл бала ержеткенде бар ата-ана керегені алтын қылатын келінді Жаратқаннан тілейтіні анық. Әрине, кез келген жанның тілеуі қабыл болады. Оң босағада үкілеп отырған бір қыз ақ босасағаға оң аяғымен аттайды. Бұл әрбір сұлудың қолынан келеді. Бірақ тіршілік бір ғана күнмен өлшенбейді ғой. Келін болған күннен бастап, ол үшін жаңа өмір парағы ашылатынын қылықтыларымыз ескере бермейтіні көпшілікті алаңдатады. Мұның барлығын бір арнаға жиыстыратын болсақ, ТӘРБИЕ деген талбесіктің дұрыс тербелмеуінен. Жоғарыдағы мысалға келер болсақ, үлкен өмірге аяқ басқан перзентінің қуанышына бар жүрегімен қуанған ата-ананың шаттығын шашып, әп-сәтте-ақ, айрандай ұйып отырған отбасына іріткі салып қана кетпей, өзінің де, өзгенің де өмірін құртып кеткен қыз ата-ана тәрбиесін көрмеді деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Барлық әке-шеше қыз баласын ұзатарда: «Артыңа қарама. Барған жеріңде тастай батып, судай сің», – деп жібереді. Ішіне сыйған қызын, сыртына да сыйғызуды ешкім армандамайды. Қаламайды да. Бірақ перзент соны жасауға мәжбүрлейді. Бірақ солқылдап келген қызын құшақ жайып қарсы алатын ата-ананың да кінәсі жоқ емес. Осы орайда Халық Қаһарманы Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметованың бір естелігі есімізге түсіп отырғаны. Жас күнінде Зейнеп апайымыз өмірлік серігімен келіспей қалып, артық сөз айтқаны үшін бір шапалақ алған-мыс. Өмірінде ондай қорлық көрмеген жас келін, ала сөмкесін алып, үйден кетіп, төркініне келіпті. Содан анасына жылап-сықтап болған жайды баяндап отырғанда көреген анасы: «Қай бетіңнен ұрды?» – деп сұрапты. Жыламсыраған қызы: «Мына бетімнен», – деп сол бетін сипай бергенде анасы оң бетінен бір тартыпты да: «Өзіңнің теңің, өмірлік серігің. Отбасыңдағы кикілжіңді бізге айтушы болма. Сен кеткен қызсың. Өз шаңырағыңа бар. Қадіріңді кетірме», – деп үйінен қуып шыққан екен. Төркінімнен пана табамын деп ойлаған ойы іске аспаған соң, болған істі ұмытып, өз шаңырағына келген. Содан бері отбасындағы ыдыстың сылдыры мен сыңғыры есіктен ұзап шықпаған. Мұндай естеліктерін ел арасында жүргенде көпті көріп, бар жақсыны көңілге түйіп, қазақ қыздары мен келіндеріне үнемі отбасылық құндылық, қазақы тәрбие жөнінде ақыл-кеңесін айтудан шаршамайтын Зейнеп Ахметованың аузынан естіген үлкендеріміз өнеге қылады. Мүмкін біз мысалға келтірген қыздың да анасы осындай әрекет істесе, үкілеп өсірген қызы бүгінде бір шаңырақтың шаттығы болып, бесік тербеп отырған АНА болар ма еді? Кім білсін? 
ҚЫЗДЫ ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЙМАЙТЫН, КЕЛГЕН ҚЫЗҒА КЕТ ДЕЙ АЛМАЙТЫН, ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ КӨП КӨҢІЛ БӨЛЕ БЕРМЕЙТІН ОТБАСЫЛАР ПАЙДА БОЛДЫ БҮГІНДЕ. ҚАЗІР ЕКІ ШАҢЫРАҚТЫҢ БІРІНДЕ ОСЫНДАЙ ЖАҒДАЙ ОРЫН АЛАТЫНЫ ӨКІНІШТІ. ОҒАН КІМ КІНӘЛІ? БҰЛ СІЗДІ ДЕ, БІЗДІ ДЕ АЛАҢДАТУЫ КЕРЕК.  

ЕКІНШІ ОҚИҒА:
НҰРЛАН:
– Бір-бірімізбен бір жылдай араласып, шаңырақ көтердік. Отбасымызға түскен алғашқы келін болғандықтан ата-анам не киемін, не ішемін дегізбеді. Бар жақсыны алдына тосып, үлде мен бүлдеге орады десем артық  айтқаным емес. Біраз уақыт ауылда тұрдық. Кейін қаладан баспаналы болдық. Бұл да әкем мен шешемнің бізге жасаған тартуы еді. Мүмкін ол жас болды ма, әлде мен оған бар жүрегіммен сеніп, барлығын өз еркіне салып, тым босаңсытып жібердім ба білмеймін. Біраз уақыттан соң өтірік айтуды әдетке айналдырды. Содан түсініспеушілік болып, бір-бірімізге ауыр сөздер айта бастадық. Жастығы болар, мүмкін бұл ісін қояр деп өзімді-өзім жұбатып қоятынмын. Кейінге таман өзімді алдап жүргенімді түсіндім. Нәтижесі жақсы болмады. Өмірге кішкентайымыз келсе де ол өзін жар, келін, ана сезіне алмады. Қит етсе кетемнің астына салып отыратын. Түбі кетті. Төркіні қуана қарсы алды. Қазір ол тұрмыста. Тек ортада тірі жетім болып қалған ұлыма жүрегім ауырады. 

ЖАҚСЫ КЕЛІН – КЕЛІН, ЖАМАН КЕЛІН – КЕЛСАП. Ерлі зайыптының арасындағы сезімнің суынбауы үшін олар үнемі екі жақтап махаббат дейтін ыстық сезімге шоқ тастап отырулары керек. Біздіңше, осы отбасы деп аталатын шағын ғана мемлекеттің президенті саналатын ОТАҒАСЫЛАР қазіргі уақытта ұсақталып кеткендей. Себебі, қазіргі кейбір отағасы мен отанасының орны ауысқан сияқты. Таяуда ғана азық-түлік алуға дүкенге барғанымызда жарасымды жұпты көзіміз шалды. Бір қарағанда ішіміз жылып қалған еді, ол ойымызды шалбар киген ер азаматының іс-қимылы шайып кетті. Шашы төгілген бойжеткен қоларбаны өзі итеріп, жан-жағына қарап, қызықтап жүр. Ал ер деп жүрген азамат жүгіріп сөреде қаздай тізілген шайды, қантты алып, арбаға салып жатыр. Басқаны қайдам, өзімізге ерсі көрінді. Шағын ғана дүкеннен қайта-қайта кездесе бердік. Енді бір қарасақ, жаңағы азамат тәттілер салынған пакетті көтеріп арбаға қарай келе жатыр. Әйелі қарап тұр. Шыға беріс кассаға келгенде, әйелі ақша төледі. Сол ерлі-зайыптының әрекеті біразға дейін көз алдымнан кетпей қойғаны. Осыдан қарап біз отбасындағы отағасының беделін анықтай аламыз. Мүмкін ол жарына көмектескісі келген болар. Бірақ ол ас үйде не бар, не жоғын қайдан біледі? Демек, ол ер-азамат үйінде ас үйде, ыдыс-аяқтың қасында жиі жүреді. Не десек те, ОТАҒАСЫ, ЕР- АЗАМАТ деген таудай атауға лайық болуы керек емес пе? Біздің жоғарыдағы өмірден алынған пікірдің иесі мүмкін әйелін тым еркінсітіп жіберген болар. Әйелге бір мезгіл «тәйт» дейтін ер-азаматтың бір ауыз сөзі қажет-ау осы. 
ЖІГЕРСІЗДІК ЖІГІТКЕ ЖАТ. ҚОЯНДЫ ҚАМЫС ӨЛТІРСЕ, ЕРДІ НАМЫС ӨЛТІРЕТІНІ СЕКІЛДІ ЕР-АЗАМАТТАРЫМЫЗ НАМЫСТЫ БОЛСА ДЕЙСІҢ. МҮМКІН ҚАЗІР ОСЫНЫ БІЗ АРМАНДАП ТА ЖҮРГЕН ШЫҒАРМЫЗ, КІМ БІЛСІН?!
    
ҮШІНШІ ОҚИҒА:
Мақпал:
– Махаббат, қызық мол жылдарымыз бес жылға созылды. Екеуміз бір-бірімізге қатты бауыр басып кеттік. Алтыншы жыл дегенде ерлі-зайыпты атандық. Жалғыз ұл болғандықтан  бір шаңырақ астында енем, қайын әпкем және жиеншар өмір сүрдік. Енем өте қатал әрі талапшыл болды. Жай ғана үй жинасам да соңымнан тексеріп шығатын. Шымшып сөйлейтін кездері көп болатын. Ұл-қызының жалақысын өзі ұстайтын. Мен үй шаруасын мойныма алып, жұмыссыз отырдым. Күйеуім өз бетімен ештеңе де істей алмайтын. Енемнің рұқсатынсыз бір зат та алмайтынбыз. «Қызы бар үйдің бізі бар» дегендей, қайын әпкеммен де жиі қақтығысып қалатынды шығардық. Кейіннен мен бөлек шыққым келетін ойымды күйеуіме айтып ем, ол анасымен ақылдасатынын айтты. Енем бірден бұл ойыма қарсылық танытты. Отбасында ұрыс-керіс жиілеп кетті. Соңында біз ажырасып, бәріне нүкте қойдық. Көп ұзамай ол әулетке тағы да келін түсті. Қазір екі қыздың әкесі. Бөлек тұрады. Мен ұлыммен ата-анамның қолындамын. 

ЕНЕ – ЕКІНШІ АНА. Десек те, қазір ененің қатқыл қабағын көтере алмайтын келіндер көп. Әнші Гауһар Әлімбекова талай қаракөздерді тамаша өсиетті әнімен ұзатып келеді. Сол әнде мынадай шумақ бар. «Алдыменен өзіңді енең сынар, Емендей бол, ол сынға емен шыдар. Жас келінге қаттырақ қарағаны, Ширатып бір алайын деген шығар». Бірақ ширатып аламын деп сындырып та алатын енелер бар. Жаңа босағаны аттап, құт болып, сол әулеттің тұқымын көбейтіп, отбасындағы түтіннің түзу шығуы үшін барын салатын келінді күлімдеп қарсы алып, кеткен кемшіліктерін бетіне басып емес, ақылмен айтып, түсіндіру дегеніңіз де кешегі көшпен кетіп қалған секілді. Көбіне баласын келініне қарсы қойып, келінінің кемшілігін көпшілікке айтып, кекетіп отыратындар да бар. Көпке топырақ шашпайық. Десе де көпшілігі келін тәрбиелеуден қателесетін секілді. Бірақ бес саусақ ешқашан бірдей болған емес. Болмайды да. Сондықтан болар, қазір қит етсе келін енені, ене келінді жамандауға әуес. Мұнда көп салмақ енелерге артылады. Себебі, олар да осы жас келіннің соқпақты жолынан өткен. Олар да қателескен. Сондықтан да, келін жат жұртқа келгенде жаңа ортаға сіңіп, олармен тез тіл табысуы үшін отбасындағы үлкендердің көмегі ауадай қажет. Әсіресе, ененің қолдауы мен қошеметіне барлық келін зәру болады. Одан қалды қазір беташар тойда асабалар көбіне қасиетті домбыраны енесіне беріп, келінінің бетін ашқызады да: «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық», – деген бір ауыз сөзді қосып жібереді. Бірақ ол сөз айтылған жерде қалып қалады. 
Бір танысымыз ұзатылып кетіп бара жатқан келініне: «Неменеге жылап тұрсың? Жылайтының бар қал шешеңнің қасында. Сүрт көз жасыңды. Көрсетпе маған», – деп әлі шаңырағына алып бармай зілді дауысты, суық жүзді, қатқыл  келініне көрсеткенін естігенде жағамызды ұстағанбыз. Сол ене күні бүгінге дейін келінін құлындай ұстайды. Бірақ толқынды толқын қуып, ертең сол ененің күні келінге қарап қалмасына кім кепіл? Сонда жас келін болып түскен сәтінен бастап қорланған, ауыр сөздер естіп жүрегі тас болған келіннен қандай мейірім күтеді? Мүмкін ол ене қазір жас, бірақ уақыт өз дегенін алмай қоймайды. Қартайып, қалшылдап отырғанда келініне қай бетімен қарамақ? Міне, уақытты өтпейтіндей көретіндер, өмірдің алма-кезек екенін ескермейтіндер осы тұрғысында сәл де болса ойланып көрсе екен дейсің ғой. 

ҚАЙЫН ЕНЕ МЕН КЕЛІН АРАСЫНДА ҮЛКЕН ӨТКЕЛ БАР. ОНЫҢ АЛТЫННАН, КҮМІСТЕН НЕМЕСЕ ҚОЛАДАН БОЛУЫ ЕКІ ЖАҚҚА ДА БАЙЛАНЫСТЫ. ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ БОЛҒАНЫМЕН ОТБАСЫНДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ, ТАТУЛЫҚ, БЕРЕКЕНІҢ БІР АРНАДА ТОҒЫСУЫ ҮШІН ҚАМАЛДЫҢ АЛТЫНДАЙ БОЛЫП ЖАРҚЫРАП ТҰРҒАНЫНА НЕ ЖЕТСІН?! ОТБАСЫЛЫҚ БАҚЫТ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА ЕКЕНІН ҰМЫТПАЙЫҚ. 

Еңлік КЕНЕБАЕВА

 

Оқи отырыңыз