Өлім-жітім азаймай тұр

Өлім-жітім азаймай тұр

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар денсаулық сақтау саласының кезекті отырысында үстіміздегі жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша медицина мекемелерінің жұмысына сын айтты. Сондай-ақ, барлық анықталған кемшіліктерді осы жылдың аяғына дейін жоюға нұсқау берді.

Алқа отырысы «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының басшысы Қуаныш Нұрғазиевтің баяндамасымен басталды. Ол тегін медициналық көмек туралы тарқатып айтып, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің маңыздылығына тоқталды. Бүгінде сақтандыруға 94 денсаулық сақтау мекемесі тартылған. Олардың елу алтысы мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік нысандар. Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен 15 қарашасына дейін медициналық мекемелерде тіркеу жұмыстары жүреді. Оған қоса, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады. Медициналық көмек туралы өтініштерді қарау кезінде мынадай мәселелер туындаған: «Е-лицензиялау» порталында медициналық қызметке лицензиялардың болмауы және лицензияларға өтінімдерде өндіріс базасы мекенжайларының жоқтығы.
Қордың өңірдегі басшысы өз баяндамасында аудандардағы «Жедел жәрдем» қоңырауларының санын мысалға келтірді. Соңғы мәлімет бойынша, Сарқан ауданында 38421 адам тұрса, соғылған қоңырау саны – 25805. Текеліде 30685 адам 19280 мәрте шақырған. Қапшағайда 63011 тұрғын 51337 рет хабарласса,  Ақсу ауданында 37457 адам 26 356 рет алғашқы медициналық жәрдем мамандарын мазалаған көрінеді.
– «Жедел жәрдем» көлігі такси ретінде қолданылады. Бұл алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек елді мекендерде нашар жұмыс істейтінін көрсетеді. «Жедел жәрдемді» шақыру кезінде келген ақпараттар түсініксіздеу болады. «Қызыл аймаққа» кірген мекендер сарапшылар тарапынан бақыланады, – деді Қуаныш Нұрғазиев.
  Айта кету керек, көбінесе созылмалы аурулары бар науқастар «Жедел жәрдемге» қоңырау шалады. Алайда өз уақытында емханаға бармаған адамның қанша көмектескенімен оңала қоюы екіұдай екенін түсінетін уақыт жетті. Осы ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ержан Сүлейменов 2016–2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде орындалуы тиіс негізгі міндеттерге тоқталды. Бүгінде халық денсаулығы көрсеткішінің оң динамикасы байқалады. Мәселен, былтырғыға қарағанда қатерлі ісікпен, туберкулезбен сырқаттанушылар саны азайған. Алайда алты айдың қорытындысы бойынша «Денсаулық» бағдарламасындағы тапсырмалар толық іске аспаған. Әсіресе, биыл өлім-жітім саны едәуір көп. Ең жоғары көрсеткіштер Алакөл, Ескелді, Қаратал аудандарында және Қапшағай мен Текелі қалаларында тіркелді. «Бір жамандықтың артында бір жақсылық бар» дегендей, нәресте өлімі өткен жылға қарағанда азайған. Балқаш, Райымбек, Сарқан аудандарында ана өлімі көбейген. Сондай-ақ, қатерлі ісіктерді анықтау кеш қолға алынатыны алаңдатады.
Келесі кезекте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Ахметова науқастар өлімінің негізгі себептеріне талдау жүргізді. «Алдымен тыныс алу ауруларынан қайтыс болатындар азаймай тұр. Одан кейін адамдар көп жағдайда қан айналымы жүйесі ауруларынан, үшінші, ас қорыту жүйесінің нашарлауынан, төртінші, жазатайым оқиғалардан, соңғысы қатерлі ісік ауруларынан көз жұмады», – деп атап өтті Эльмира Ақылбекқызы.
Қазіргі таңда елімізде тыныс алу ауруларына, қатерлі ісікке шалдыққандардың, әртүрлі заттан уланғандардың қатары өсіп, ас қорыту жүйесінің аурулары үдеп барады. Тағы бір айта кететіні, 2016 жылы тыныс ауруларынан Текелі, Ақсу, Іле, Көксу, Ұйғыр аудандарында қайтыс болғандардың саны біршама артқан.  Қаратал ауданында өлім-жітімнің 11 пайызға төмендеуі байқалғанымен, облыс бойынша көрсеткіш деңгейі бәрібір де жоғары. Ас қорыту жүйесінің ауруына шалдыққан тұрғындар Сарқан, Балқаш, Қапшағай, Ақсу, Көксу, Ескелді аудандарында көптеп кездеседі. Тыныс жолы ауруларының ең көп өсуі Текелі, Ақсу, Іле, Қаратал, Көксу және Ұйғыр аудандарында тіркелген. 
 Алқа отырысын Жақсылық Мұқашұлы:
– Көптеген кемшілік анықталды. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғындар денсаулығын нығайту көрсеткіштері төмендеген. Бұл – бізге сын. Құрал-жабдықтар жеткілікті. Мамандар да бар. Сонда себеп неде? Әлде дәрігерлер бірлесіп жұмыс істемей ма? Мүмкін, көптеген маман әрекетсіз отырған болар?! Олардың орнына жас, білікті, білімді  дәрігерлер тағайындау керек шығар?! – деп түйіндеді.
Жиын соңында Жақсылық Мұқашұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевқа белгіленген жоспар бойынша жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

Мұхтар КҮМІСБЕК.

Оқи отырыңыз