Алдын алған тиімді

Алдын алған тиімді

Қоғамдық денсаулық сақтау үлгісіне көшу кезінде ұлт саулығының сапалы көрсеткіштеріне қалай қол жеткізуге болады? Жан дүниеңді аурудан алшақ ұстаудың, жұқпалы сырқаттардан айығу, оның алдын алудың жолдары қандай? Міне, осы және өзге де мәселелер бойынша облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдымановпен сұхбаттасқан  болатынбыз. 
Сұхбаттасымыздың айтуынша қоғамдық денсаулық сақтау қызметін жолға қою ауруды емдеуді, оның алдын алумен алмастыруға, ұлт саулығының сапалы көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қызметтің негізгі функцияларына халық арасында салауатты өмір  салтын  қалыптастыру, жұқпалы және жұқпалы емес, травматизм сырқаттануларына мониторинг жүргізу кіреді. Сонымен қатар, халықтың  денсаулығын сақтауды насихаттау бойынша сектораралық өзара  іс-қимылды  қамтамасыз ету,  эпидемиологиялық  қауіпсіздік саласындағы заңнамалардың сақталуына бақылау  жүргізу, өңірлік және ұлттық деңгейлерде сырқаттанулардың дамуына ұзақмерзімді болжау да негізгі міндеттер қатарына жатады.
– Қоғамдық денсаулықты сақтау қызметінің міндеті мен мақсатын айта кетсеңіз?
– Медицина саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету қызметтің негізгі мақсаты болып табылады. Медициналық көмектің сапасын бақылау мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіру, реттеуші, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру да негізгі міндет. Қызметтерді облыстық деңгейде талапқа сай көрсету үшін бүгінгі күні  кадрлық әлеует жеткілікті және салааралық өзара іс-қимыл механизмі жолға қойылған.  
– Бүгінгі күні жұқпалы сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуал қандай?
– Жыл басынан облыста инфекциялық және паразитарлық сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Вакцинамен алды алынатын (дифтерия, қызылша, қызамық) және карантинді жұқпалар (оба, сібір жарасы, туляремия, Қырым Конго қанды қызбасы, құтырма) тіркелген жоқ. Жіті ішек, вирустық «А» гепатиті, менингококк жұқпасы, жалпы паразитарлық сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Сонымен қатар, бруцеллез, эпидемиялық паротит жұқпасы біршама өскен. Өңіріміз кене энцефалитінен эндемиялық аймаққа жатады, жыл сайын 10 жағдайға дейін тіркеледі. Инфекциялық және паразитарлық сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп, жұқпа ошақтарында алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар толық жүргізілді.
– Жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша бюджеттен  қаражат қарастырыла ма?
– Ең тиімді алдын алу шараларының бірі ретінде арнайы иммундауға үлкен көңіл бөлінеді. Департаменттің ұсынысымен, облыс әкімінің қолдауымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық сауаттылығын жақсартуға жыл сайын қаражат қарастырылады. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа  вирустық «А» гепатиті, тұмау, сібір жарасы, туляремияға қарсы иммундау жүргізілуде. Вирустық «А» гепатитіне қарсы 2 жастағы балаларды жоспарлы иммундау 2011 жылдың соңынан  басталған, нәтижесінде сырқаттанушылық 5 есеге төмендеді. Тұмауға қарсы иммундау жыл сайын «қауіпті топқа» жүргізіледі, оның ішінде жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер және медициналық қызметкерлер. Облыстық және аудандық деңгейде вакциналарды сақтау мәселесі шешілген, облыстық қоймаға 3 тоңазытқыш  камерасы, аудандық қоймаларға 41 тоңазытқыш шкафтары сатылып алынған. Туляремиядан қолайсыз табиғи ошақтары бар аймақтарда жыл сайын 2 қайтара жаппай дератизациялау шаралары, сонымен қатар жазғы сауықтыру лагерьлері аймағында және тұрғындардың жалпы демалыс орындарында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
– Әлеуметтік маңызды жұқпаның бірі туберкулез екені бәрімізге мәлім, осы жұқпамен сырқаттанудың бүгінгі жағдайы қандай?
– Облыс бойынша бір жылдың ішінде туберкулездің барлық түрімен шамамен 1100-1300 адам науқастанады, ағымдағы жылдың 9 айында 733 жағдай тіркелді. Соңғы жылдары  аталмыш аурудың дәріге төзімді түрлерінің өсуі байқалады. Міне, солай науқастанғандардың ішінде әлеуметтік көмекке мұқтаждары іріктелген болатын. Нәтижесінде өткен жылы туберкулезбен ауырған 1331 науқасқа жергілікті бюджеттен  материалдық көмекке 58 млн. 787 мың теңге, ағымдағы  жылдың 9 айында 963 науқасқа 42 млн. 836 мың теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, болашақта барлық аудандарда санаторлық типтегі балабақшалар немесе жаңадан ашылып жатқан балабақшаларда санаторлық топтар ашу туралы аудан әкімдеріне тапсырма берілген,  бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады деп ойлаймын.
– Облыс бойынша биылғы жылы лагерьлерде сауықтыру маусымы қалай өтті?
– Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің бақылауында 39 жазғы сауықтыру лагері бар. Осы жылы балаларды сауықтыру қала сыртындағы 33 лагерьде жүргізіліп, 16733 бала сауықтырылды. Сонымен қатар, мектеп жанындағы ұйқы мен тамақтану ұйымдастырылған 616 лагерь және 175 ұйқысыз ұйымдастырылған лагерь жұмыс істеп, 145686 бала сауықтырылды. Биылғы сауықтыру мерзімінде ерекше тәртіп бойынша санитариялық-эпидемиологиялық тексеру 23 қала сыртындағы және 34 мектеп жанындағы лагерьде жүргізілді. Қала сыртындағы лагерьлерде тағам өнімдерінің 176 сынамасы зерттеліп, оның 8-і нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес емес екендігі анықталды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде сауықтыру маусымында  демалған балалар арасында жұқпалы аурулар мен топтық улану жағдайлары  тіркелген жоқ, сауықтыру маусымы штаттық тәртіпте аяқталды.
– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбатты жүргізген Құралбек СӘБИТОВ.

 

Оқи отырыңыз