Жүрек-қантамырлар ауруларының алдын алу

Жүрек-қантамырлар ауруларының алдын алу

Жүрек-қантамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол көбіне ересек адамдарды мүгедектікке шалдықтырып немесе өлімге әкеледі. Жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қантамыры аурулары құрайды.

Басты себеп адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлмеуінен десек, сонымен қатар жағымсыз экологияның да салдары жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп барады. Оның негізінде, атеросклероздан басқа, адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсуі де бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі уақыттағы жүрек-қантамыры ауруларының эпидемиясы тамақтану құрамының өзгеруіне тікелей байланысты деп көрсетеді. Қоршаған ортаның 80% артық жағымсыз факторлары адам ағзасына жеген тамағы арқылы әсер етеді. Артық салмақ және семіздік, жүрек-қантамыры ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы болып табылады. Сондықтан адамдардың дұрыс тамақтану мәдениетінің де маңызы зор. Жүрек-қантамыры ауруларын қоздыратын тағы бір себеп – стресс, торығу, ол адамдарды жасына қарамай, жүрек талмасына ұшыратады. Адамның көңіл-күйінің денсаулыққа әсері мол. Көңіл-күйдің толқуы, мазасыздануы, біріншіден, адамның миы арқылы беріледі. Жағымсыз эмоциялар вегетативтік жүйені қоздырады, одан барып ағзадағы қан айналымына, ішкі органдарға, эндокриндік бездердің қызметіне әсер етеді. Соның салдарынан ағзадағы гормондардың балансы бұзылады. Алдын алуға немесе жеңуге болатын қауіпті факторлар – холестериннің жоғары деңгейі, артериалды гипертония, қант диабеті, семіздік, түрлі күйзеліс және темекі шегу болып саналады.
Орта есеппен алғанда темекі шегу адам өмірін 7-10 жылға қысқартады екен. Темекі шекпейтіндерге қарағанда темекі шегетін адамдар миокард инфарктісіне шалдығуы екі есе көп, ал, қайтыс болатындар саны 4 есеге артық екен. 
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, салауатты өмір салты кез келген жаста денсаулықты нығайту мен сақтаудың кепілі және аурудың алдын алу әр адамның өз қолында.

Ә. ҚУАНДЫҚОВА,
«Алматы облыстық  салауатты өмір салтын қалыптастыру
проблемаларының орталығы» ЖШС директорының орынбасары.  

Оқи отырыңыз