НИЕТ НӘТИЖЕГЕ БАСТАЙДЫ

НИЕТ НӘТИЖЕГЕ БАСТАЙДЫ

     Абай хакім: «Ісің өнімді болсын десең ретін тап», – деген еді. Шаруасын шалқыта білген адамдардың ұстанымы қашанда реттілік. Ұқсата білгеннің ұтатыны ұйымдастырушылығында. Қызырхан Дәуітов қолға алған ісінің ретін тауып, шаруасын дөңгелете білген жан. Сегіз қырлы, бір сырлы деген теңеу Қызырхандай азаматқа арналып айтылса керек. Мамандығы дәрігер болса да, кәсіпкерлікті жатсынбады. Ойға алған шаруасын ұршықша иіреді. Сонау тоқырау жылдары мал өсіріп, диқандықпен айналысуды қолға алды. Ауылшаруашылық саласының қыр-сырын меңгеріп, жерлестеріне диірмен салып берді. Май сығатын цех ашып, күнбағыс өсірушілердің өнімін қайта өңдеді. Алма бақты жайқалтты.

 

     Бүгінде Елбасының облыста қант қызылшасын қайта дамытуға байланысты бастамасын қолдап, тәтті түбір өсіре бастады. Алғашқы өнім ауыз тұшытарлық. Келесі жылы бұдан да жақсы болар деген сенім бар. Техника – өзінікі. Кезінде лизингпен сатып алған. Олар өсірген алма, алмұрт ауылшаруашылық жәрмеңкесінде көптің сұранысына ие. Алманың бірнеше түрі өсіріледі. Әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін кәсіпкерлер қарапайым халыққа қолғабыс етуі керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтарға қарата айтқан еді. Үлкен жүректі Қызырхан Дәуітов бұл бастамаға қолдау көрсетті. Ауылдастары қарыз сұрай келсе немесе біреудің отбасында қиын жағдай болып қалса көмек беруден қашқан емес. Азық-түлікпен, кейде қаржылай да көмек береді. Бүгінде ел Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолға алғаны белгілі. Ата-бабаны құрметтеп, тарихымызды әспеттеу барысындағы перзенттік борышын өтеуді Қызырхан Дәуітов азамат болып, ат тізгінін ұстағалы атқарып келеді.  
     Ол Жоңғар шапқыншылығында елді қорғаған Сатай батырдың 300 жылдығында Алакөл ауданының Қарабұлақ ауылында ескерткіш салып, ас берді. Кәсіпкер азамат алдағы уақытта батырдың кесенесін жаңартуды ойластырыпты. Осылайша, батыр бабаға құрмет көрсетпекші. Жастарды тарихты білуге, елжандылыққа тәрбиелеуде үлгі көрсетіп келеді. Азаматтың өткенімізге салауат жасауы – құптарлық іс. Бүгінде кәсіпкер Талдықорған қаласының ортасынан «Құрақты» атты емхана ашты. Мұнда стоматологиялық емнің барлық түрі жасалады. Тіс салу ісі жанданған. Стоматологиялық көмекке жүгінушілер көбінесе осы мекемені таңдап жатады. Оның себебі, «Құрақтыда» білікті дәрігерлер қызмет етеді. Тіс салу – өте жауапты кәсіп. Сапасы бірден байқалады. Емханадағы құрал-жабдықтар Қытай, Бразилия, Германия, Ресейден әкелінген.  
– Мен маманды қызметке алғанда үш ай бойы сынаймын. Сол уақытта дәрігер өзін жақсы жағынан көрсетсе ары қарай жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасаймын. Қай жұмыста болсын маманды жиі ауыстыруға болмайды. Себебі, ол ұжымға, жұмысына қалыптасуы тиіс. Біздегілердің көбі 10-15 жыл жұмыс істеп келе жатқандар. Тыңғылықты, сапалы жасалған шаруа өз нәтижесін беруде. Келушілер қатары жыл санап өсіп келеді, – дейді емхананың бас дәрігері Қызырхан Дәуітов.
    «Құрақтының» басқа емханалардан өзгешелігі – ғимараттың жаңадан арнайы салынғанында. Істің ебін білетін кәсіпкер оның ішін, құрал-жабдықтың орналасуын өзі ойластырған. Бүгінде дизайнер, сәулетшіге жүгіну белең алған заманда Қызырхан өз білім-білігіне сүйенеді. Емхананың іші дәрігерлердің жұмыс істеуіне де, келушілердің емделуіне де ыңғайлы жасалған. Мекеме іші қысы-жазы құстың ұясындай жып-жылы болып тұрады. Емхана ішінде дәріхана бар. Дәрілердің бағасы қымбат емес. Мұнда сондай-ақ, тұзды бөлме, батпақ емі жүргізіледі.  
    «Құрақтыда» қала тұрғындары ем-дом алу үшін күндізгі стационар ашылған.  Негізі ақылы емхана болғанымен, айына 60 адамның портал бойынша емделуіне жағдай жасалған. Келушілер дәрігердің қызметіне риза. Мұндағы білікті дәрігерлер Бақытсұлтан Исаев, Оспанғали Ниетбаев науқастарға бар ынтасымен көмек көрсетеді. Қолы епті медбике Нейля Қуанышқызының ширақ қимылы мен емді тыңғылықты жасайтындығы дертіне шипа іздеп келгендердің көңілінен шығады.  
Қызырхан Дәуітұлы мықты кәсіпкер, білікті дәрігер ғана емес, қамқор әке. Ол қос немересін дүниеге келе салысымен өзі бағып-қақты. Тіпті, аяқ-қолын созып, емдік массажды да өзі жасапты. Бүгінде бүлдіршіндер ширақ. Ерекше күтіммен бағылып-қағылғандықтан немерелерінің денсаулығы жақсы. Қызырхан Дәуітұлының екі ұл, бір қызы егемен елдің бір-бір кірпіші болып қаланған. Бәрі абыройлы. Қызметте беделді. Жары Нұрсұлу Рахимова – ұстаз. Ескелді ауданының білім саласында көп жылдан бері балаларға дәріс беріп келе жатқан білікті жан. Кәсіпкер болашақта медициналық мекемені бұдан да кеңейтсем дейді. Қасынан аурухана, тұрғын үй, балабақша салмақшы. Игілігін ел көрсе деген ниетте. Асқаралы алпысқа келген абыройлы азаматқа халық дән риза әрі еңбегінің жемісті болуын тілейді.

Гүлжан ТҰРСЫН.

Оқи отырыңыз