Мейірім мерекесі

Мейірім мерекесі

Облыстық №1  психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемесінің   15 жылдығы аталып өтті.

Мекеме 2003 жылы   облыстағы медициналық көмекті қажет ететін балаларға жәрдем көрсетуді бастаған. Содан бері  дәрігерлер денсаулығында кемшілігі бар балаларға барынша жәрдем көрсетіп келеді. Наурыз айында мекеме басшысы Гүлнәр Төлегенова  өздерінде қызмет істеп, зейнетке шыққан ардагерлерді шақырып, ұйымның 15 жылдығын тойлады. Ардагерлерге дастарқан жайып, құрмет көрсетті. Бұл күнгі шат-шадыман басқосуға мекеменің алғашқы меңгерушісі Гүлжан Төлегенова, дәрігер сурдолог  Любовь Регер, дәрігер невропатолог Баян Құрманова, дәрігер окулист Дардаш Шаихова, дефектолог Дина Қаспақбаева, әлеуметтік педагог Жанна Құттыбаева, есепші Гүлнәр  Сәдибековалар келді. 
Той  Наурыз мерекесімен ұштастырылды. Мұндағы мамандардың басты міндеті 18 жасқа дейін мүмкіндігі шектеулі балаларды есепке алып, диагноз қою, медициналық көмек көрсету, арнайы білім беру, әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету, психологиялық-медициналық-педагогтік зерттеу жүргізу. Қиындығы көп мамандық иелері әр баламен жұмыс істеуге барынша көңіл бөлуі тиіс. Мамандардың өздері де  жұмысының нәтижесін көріп, сырқат балалардың денсаулығы жақсарғанына  куә болғылары келеді. Олардың мінез-құлқына, сұранысына да жауап береді. Балалардың денсаулығын қадағалап, болашағын бағдарлайды. Олардың ары қарай қайда баратынын шешеді. Медициналық көмек көрсетушілер   Талғар, Қарасай аудандары және Қапшағай қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді.  Міне, мұнда жұмыс істеудің өз қиындығы бар деуіміздің мәнісі осында.  
Мекеме 15 жылда талай ата-ананың көз жасын құрғатты. Өздері бағып-қаға алмаған балаларды тұрғызып-жүргізіп, сауатын ашып, ел қатарлы өмір сүруіне мүмкіндік жасады. Балалары жаттығумен айналысқанда ата-аналары  жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан да  15 жылда  педагог-дәрігерлер сырқаттардың денсаулығын  қалыпқа келтіруде ұшан-теңіз шаруа атқарды.  Шыдамдылық танытты. Сондықтан мекеме басшысының ардагерлерді жинап, құрмет көрсетуі кім-кімнің де көңілінен шықты. Зейнеткерлер мерекеге шақырған ұжым жетекшілеріне алғыстарын жеткізді. Басқосу  емен-жарқын әңгімелесумен ерекшеленді. Ардагерлер өздері қоғамға бейімдеген балалардың жетістігін,  амандығын білісті.  Жас мамандарға өмір өткелдері жайлы айтып, шыдамдылық пен мамандыққа адалдық төңірегінде ой толғады. 

Ақбөпе СЕЙІЛХАНОВА,
№1 ОПМПК маманы
Талғар қаласы

Оқи отырыңыз