Медициналық қорға жарна жиналуда

Медициналық қорға жарна жиналуда

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз жұмысын бастады. Осы орайда, емханаларға тіркеу электронды жүйеге көшірілуде.  Жекеменшіктер сапалы қызмет көрсету үшін емдеу тәсілдерін жандандыруда. Мекемелер жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құрал-жабдықтар ала бастады. Емделуші мекемені өзі таңдайтын болғандықтан емханалар арасында бәсекелестік пайда болды.  Міндетті әлеуметтік сақтандыру – медицина саласын жетістікке жеткізетін әдіс.

Сең қозғалды.  Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы»  Заңына сәйкес өткен жылдың шілде айынан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерден әлеуметтік төлемдер түсе бастады. Биылғы наурыздың 1-і мен 31-і аралығында міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына түскен  жарнаның мөлшері 7,7 млрд. теңгені құрады. Жалпы, жаңа жүйе іске қосылған 2017 жылдың шілдесінен 2018 жылдың наурызына дейін қордың  «Ұлттық Банктегі» шотына 55,1 млрд. теңге көлемінде қаржы аударылған.
Оның ішінде, 46,8 млрд. теңге (85% жуығы) жұмыс берушілердің аударымдары. Қалған 8,3 млрд. теңге (шамамен 15%) жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалардан түскен. Алматы облысында көрсетілген кезеңдегі кірістердің жалпы сомасы    2 577 млн. теңгені құрайды. Көрсетілген мерзімде жұмыс берушілердің төлемдері 2035 млн. теңге, жеке кәсіпкерлердің жарналары – 542 млн. теңгені құрады.
Міндетті медициналық сақтандыру бойынша барлық ақшалай түсімдер қордың «Ұлттық Банктегі» шотында сақталады. Қордың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. Үкімет – ұйымның қызметін де бақылайды.

М. Клян,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының
халықты ақпараттандыру және өтініштерді  қарастыру
бөлімінің сарапшысы

Оқи отырыңыз