АНА мен БАЛА ӨМІРІ

АНА мен БАЛА ӨМІРІ

Денсаулық саласының өткен жылғы жұмысын қорытындылаған алқа өтті. Онда 2016–2019 жылға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Жиынға  облыстық, аудандық, қалалық  медицина мекемелерінің басшылары және дәрігерлер қатысты. Алқаға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жетекшілік етті. 

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Бауыржан Ысқақ баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен саладағы кем-кетіктерді сөз етті.  
– 2017 жылы облыстық денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 82,8 млрд. теңгені  құрады.  Оның 74,7 млрд. теңгесі  республикалық  бюджеттен, 8,1 млрд. теңгесі жергілікті бюджет қоржынынан бөлінген.  Өткен жылғы бөлінген қаржы 2016-мен салыстырғанда 14 пайызға артық, – деді басқарма басшысы. Медицина саласына бөлінген қаржы жыл сайын артып келеді. Бірақ, кемшіліктер жетерлік. Соңғы жылдары ана мен бала өлімінің саны артқан. 
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар олқылыққа жол берген аудандардың жауапты мамандарын орнынан тұрғызды. Райымбек, Қарасай, Балқаш, Іле аудандары сынға алынды.  Барлығы бала өліміне ата-аналар өздері кінәлі деген жауап беріп, жалтаруға тырысты. Аналар жүктілік кезінде  есепке тұрмайды. Дұрыс тексеріс жүргізілмегендіктен, іштегі шарананың денсаулығындағы кем-кетікті байқай алмаймыз дегенді желеу етті мамандар. Өз кезегінде сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Эльмира  Ахметова жүктілік кезінде аналарды ерекше назарда ұстау керектігін айтты.  
– Кейбіреулер денсаулығы сыр бере бастағаннан өзінше ем жасайды.  Соның бәрі маманның  жүкті әйелге қай кезде, қандай ем жасау керектігін айтпағандықтан. Жөнсіз дәрі-дәрмек ішкендіктен іштегі бала кемтар болып дүниеге келеді. Акушер-гинекологтардың уақытында, дұрыс көмек көрсетпегендігінен ана мен бала қайғылы жағдайларға душар болып жатады. Сондықтан, дәрігерлердің біліктілігі мен жауапкершілігін арттыруымыз керек,– дейді ол. 
Талдықорған қаласында бруцеллез сырқаты көбейген.  Жақсылық Мұқашұлы бұл жөнінде жауап беру үшін қала әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаевты орнынан тұрғызды. Ол екі жағдайдың малдан жұққанын, қалғанының басқа елді мекеннен келіп дәрігерге тексерілгендерден  анықталғанын айтты. Аудандағы ана өліміне байланысты  Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаевтың атына сын айтылды.  
Жиында көптеген толғақты мәселелер айтылды. Облыста 106 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде көп жерде реаниматолог, неонатолог, гинеколог, педиатрлардың орны бос.  Осы олқылықтың орнын толтыру барысында  барша жауапты мамандар жұмыс істеуі керектігі айтылды. Аудандық, қалалық ауруханалардың бас дәрігерлерінің мереке күндері жұмыс орындарынан табылулары керектігі сөз болды. 
– Сырқаттар мерекені тойлай алмайды, ендеше дәрігерлер де  мерекеде демалмай жұмыс істеуі тиіс,– деді салаға жауапты басшы. 
Жиынның қорытындысында бас дәрігерлерге инвесторлар және  қайырымдылық қорларымен жұмыс істеу тапсырылды. Барлық медицина мекемелерін интернетпен, ортақ электронды жүйемен қамту жүктелді. Мемлекеттік және жекеменшік  серіктестік нығайтылуы тиіс екендігі айтылды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Оқи отырыңыз