МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ МА?

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ МА?

    Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында мемлекет тарапынан кепілдік берілген медициналық қызметтер пакетін оңтайландыру, жаңа үлгісін әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Президенттің бұл бастамасын сала мамандары да қолдады.


    Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі Үкіметтің қаулысымен бекітіледі. Көмектің қазіргі форматы 2004 жылы жасалды. Жыл сайын жаңарып отыратын құжатта тегін медициналық көмектің барлық түрлері мен формалары, қызмет көрсету тәртібі мен ақысы, мемлекет тарапынан ақысы төленбейтін қызметтердің кейбір түрлері атап көрсетілді. Бұл құжат елімізде медициналық көмектің кез келген түрін тегін көрсетуге кепілдік берілгенін білдіреді. Мамандардың айтуынша, іс жүзінде жағдай бұдан өзгелеу. Тегін медициналық тексеру түрлері егжей-тегжейлі жазылғанымен онда ауруханалар қызметі мен жаңа технологияларды сипаттауда кемшілік бар.  Олай дейтін себебіміз, қағаз жүзінде қолжетімді болған медициналық көмекке шын мәнінде қарапайым халықтың қолы жетпей жүр. Медицина ұйымына тіркелу біраз машақат.
    Қазір қатерлі ісікті емдеуге арналған таргеттік дәрілер пайда болды. Бұрын біз мұны армандауға да жүрексінетінбіз. Лабораториялық диагностика толығымен автоматтандырылды. Қанды әйнекке тамызып зерттеу әдісі бүгінде көп елде қолданылмайды. Ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде жүкті әйелдің қолына 3D бейне беретін деңгейге жеттік. Халық саны  18 миллионға жетті, өмір жасы 6 жылға ұзарды. 
    Біздің елде медицина саласына жұмсалатын мемлекеттік шығынның үлесі жылдан-жылға төмендеуде. Есесіне, сіз бен біздің қалтамыздан шығатын  шығын көлемі жыл сайын артып отыр. 
    Мемлекет тарапынан кепілдік берілген медициналық қызметтердің көпшілігіне  сұраныс төмен. Барлығы екі мыңға жуық қызметтің үш жүзіне ғана сұраныс жоғары. Бірақ соның өзі тиісінше қаржыландырылмайды. 
Медициналық қызмет нарығында кепілдендірілген көмектің қазіргі тізіміне азаматтардың неліктен көңілі толымайтыны осыдан-ақ белгілі. Өйткені, қазіргі талап бойынша медицина ұйымдары осыдан 14 жыл бұрынғы бағаға, ескірген материалдармен жаңаша қызмет көрсетуге міндетті.
    Жалпы, бұл мәселенің өзектілігі соншалық, соңғы кезде оған мемлекеттік деңгейде басымдық беріле бастады. Оған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауындағы  мемлекеттің міндеттемелерді нақтылап, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің жаңа нұсқасын әзірлеу туралы тапсырмасы дәлел. 
    Бірақ бұл оңай шаруа емес. Кепілдендірілген көмек пакетін қайта қарау процесі тегін медициналық қызметтердің жаңа тізімін жасаумен ғана шектелмейді. Сайып келгенде, бұл этикаға, басымдықтарды таңдауға, техника мен қоғамдық консенсусқа келіп тірелетін мәселе. Енді осы мәселелерді қысқаша қарастырсақ. Қазіргі таңда кепілдендірілген көмек пакетінің шынайы көлемін медицинадан хабары бар денсаулық саласының маманы ғана түсіне алады. Себебі, көмектің негізгі мәселелері Үкіметтің арнайы қаулысында сипатталған. Одан қалғаны Денсаулық сақтау министрлігінің көптеген құжаттарында нақтыланған. Өкінішке қарай, мұндай құжаттар қарапайым азаматтар үшін түсініксіздеу. Әлем елдерінде кепілдік берілген медициналық қызметтің барлық түрі мен оларды алу тәртібін тәптіштеп түсіндіретін нақты құжаттар дайындау тәжірибесі қолданылады. Меніңше, осы тәжірибеге ден қойғанымыз дұрыс. Өйткені, әр азамат өз құқықтары мен мемлекет міндеттемелерінің шегін түйсініп, шекарасын ажырата білуі тиіс. Оңтайландыру нәтижесінде азаматтар кепілдендірілген тегін көмектің жан-жақты түсіндірілген, заман талабы мен қоғам сұранысына қарай жаңартылған тізіміне қол жеткізбек. 


Серік Тәңірбергенов,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры

Оқи отырыңыз