ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

    Талдықорғандағы «Нұр-Авиценум» медициналық орталығынан таң атқаннан кеш кіргенше адам аяғы үзілмейді. Солардың арасында сан түрлі жұмысты үйлестіріп, келушілердің әрбірімен жылы сөйлесіп, сұрағына шын пейілмен жауап қайтарып, жаны қалмай жүретін бір адамды кездестіресіз. Ол осы орталықтың меңгерушісі Шолпан Аралбаева еді. (Суретте сол жақтан екінші). 

 

    Еліміз тәуелсіздік алғалы бері денсаулық сақтау саласына да сан түрлі өзгеріс енді. Жекеменшік емдеу орындары көптеп бой көтеріп, тұрғындардың сапалы ем алуы үшін тынымсыз еңбек етуде. Сол қатарда 1992 жылы Талдықорғаннан  «Нұр-Авиценум» медициналық орталығы ашылды. Алғашында жүрек-қантамыры ауруларын емдеу бағытында құрылған орталық бүгінде сан түрлі ауруды емдеп, сауықтыруда өңірде көш бастап келеді. Бұған Шолпан Аралбаева сияқты білікті дәрігерлердің де үлесі көп.
Шолпан Қайыпбергенқызы Өзбекстанның Самарқант қаласындағы медициналық инстиуттың түлегі. Жастық шағы шетелде өткен дәрігер Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласындағы орталық ауруханда 29 жыл  еңбек етті. Нөкіс қаласындағы денсаулық сақтау бөлімі басшысының орынбасары да болды. 2004 жылы елге оралып, Талдықорған қаласына қоныстанды. Көп өтпей жүрек-қантамыры ауруларының емдеудегі мол тәжірибесін, біліктілігінен хабардар Владимир Крайсманның ұсынысымен  «Нұр-Авиценум» медициналық орталығына  жұмысқа тұрды.
– Шолпан Қайыпбергенқызының жүрек-қантамыр және сусамыр аурулары саласында білікті маман екеннін бұрында көп естігенмін. Жүздесудің сәті түспей жүрген еді. Талдықорғанға көшіп келгенде кездесіп, бірлікте жұмыс жасауға көндірдім. Медицина саласындағы бай тәжірибесін ескеріп, оған бірден орталықтың меңгерушілігін тапсырдық, – дейді «НұрАвиценум» медициналық орталығының директоры Владимир Крайсман.
   Содан бері де бірнеше жыл өте шықты. Күнді түнге жалғап істеген тынымсыз жұмыстар қанша қажытқанымен алдына келген сырқаттың ауруына ем тауып, жазылып кеткенінен ләззат алады. Бір жағынан, орталықтағы жас мамандарды тәрбиелеу арқылы орталықтың беделін өсіруге барынша үлес қосуда. Күні бойы кабинетінен қаралушылар үзілмейді, тіпті, демалыс күндері де ауру жағдайын айтып, кеңес сұрағандар телефонына маза бермейді.
– Мен үш рет инсульт, екі рет инфаркт алдым. Соның бәрінде Шолпан Қайыпбергенқызының мол тәжірибесінің арқасында аяққа тұрдым. Орталыққа салмақты сырқатпен келіп, ауруынан айығып, алғысын айтып кететіндерді жиі ұшыратамыз. Оның үстіне, орталықтағы меңгерушіден бастап, есік күзетшіге дейін кішіпейіл, ізетті, жаны таза адамдар. Яғни, ауру меңдетіп, есіктен қиналып кірген адамға жылы пейіл таныту жанға шипа, көңілге демеу болады. Ұжымды осындай жылылыққа ұйытып отырған Шолпанға алғысымыз шексіз, – дейді зейнеткер Хания Есдәулетова апамыз.
    Өткен жылдан бері медицина саласында міндетті сақтандыру атқарыла бастады. Бұл жұртқа танымал дәрігерлері бар, өзіндік емдеу бағыты қалыптасқан «Нұр-Авиценум» сияқты медициналық орталықтың жұмысын жандандырды. Қазірдің өзінде бұл орталыққа міндетті сақтандыру бойынша өңірдегі жүрек-қантамыр және сусамыр ауруымен ауыратын жеті мыңға жуық адам тіркелген. Бұл да Шолпан Аралбаева сияқты білікті дәрігерлерге деген сенімнен туындаған жақсылық.
Жолдасы Марат екеуі төрт баласын өсіріп, немере сүйіп отырған өнегелі шаңырақ.  

Қажет АНДАС.

Оқи отырыңыз