МЕНИНГИТ - ҚАУІПТІ ДЕРТ

МЕНИНГИТ - ҚАУІПТІ ДЕРТ

   Алматы қаласынан басталған менингококк инфекциясы облысымызда да қылаң беріп, елді дүрліктірді.  Осыған орай өңірлік  коммуникация қызметі денсаулық сақтау басқармасының мамандарымен брифинг ұйымдастырды.

 

   Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Ахметова алғашқы сөзді алып, жұқпалы сырқаттың алдын алу  жайлы әңгімеледі. Бүгінде балалардың демалыс маусымы басталды. Көбі лагерьлерге, тынығу орындарына барады. Сол кезде демалыс орындарына жауапты мамандар ауаның тазалығына назар аударуы керек. Адамдар көп жүретін мекемелер, шомылу орындары тазалықты қатаң сақтауы тиіс.  Сырқаттанудың алғашқы белгілерінде дене қызуы көтеріліп, буындар сырқырап, әлсізденеді. Маманнның айтуынша, сырқат тұмауға ұқсайды. Яғни, суық тиген сияқты белгілер байқалғанда дереу дәрігерге қаралған жөн. Өз бетімен емделуге болмайды.  Брифингте қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев алдын алу шараларының ұйымдастырылу барысымен таныстырды. Олар халық көп жүретін орындардың тазалығын тексеріп, су мен азық-түлікте инфекцияның жоқтығын қадағалайды. «Менингиттен сақ болыңыз!», «Абайлаңыз, менингит!» деген кітапшалар таратып, қауіпті аймақтардың тұрғындарын ерекше назарда ұстайтындарын айтты.  
   Бұдан кейін дәрігер Бауыржан Сауранбаев жақын күнде облысымызда орын алған жағдайға тоқталды. Талдықорған қаласындағы ауруханада үш жасар бала менингит кеселінен көз жұмды. Оның себебін дәрігер дерттің меңдеп кетуімен түсіндірді. Сырқат бала ауруханаға кеш жеткізілген.
   Балаға барған «Жедел жәрдем» дәрігерлері бірінші ретте укол салып, дене қызуын түсіріп, қайтып кеткен. Қауіпті дерт осы мезгілде күш алып, миды зақымдаған. Облыста сырқаттың қауіпті түрі – менингококтық инфекцияның      4 жағдайы тіркелген. Дәрігерлердің айтуынша, олармен қатынаста болған адамдардың барлығы тексерілуде. Бірақ сырқаттардың бір-біріне мүлде қатысы жоқ дейді мамандар.
   Брифинг соңынан журналистер көкейкесті мәселелерді қозғап, сауалдар қойды. Мұнда әсіресе «Жедел жәрдем» көмегінің уақытында келмейтіні, телефон соқсаң өзіңді «тергеп» тұрып алатыны сөз болды. Бұл жөнінде денсаулық сақтау саласының өкілдері  істі қолға алатындарын, жұмысты жүйелейтіндерін айтты.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз