Менингококктың алдын алуға арналды

Облыс  әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов  жұқпалы сырқаттар, соның ішінде  менингококкты инфекцияның алдын  алу жөнінде жиналыс өткізді. Оған аудан, қала әкімдері, облыстық басқармалар мен мекеме басшылары, облыс, қала және аудандық денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлері қатысты. 

Жиын төрағасы Лаззат Махатұлы  менингококк жұқпасын ауыздықтауға тек дәрігерлерді ғана емес, барлық шенеуніктерді жұмылдыру керектігін айтты.  
– Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда менингококкты инфекциядан облыс бойынша 4 адам қайтыс болды. Кеселдің алдын алу шараларын күшейтуіміз керек. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқаққа сөз берейік, – деді Лаззат Махатұлы.  
Бауыржан Ербозымұлы облыс бойынша аталмыш кеселмен 5 адамның сырқаттанып, ем алып жатқанын айтты. Сондай-ақ, бойында осы кесел бар-ау деген күмәнді науқастарды бірден ауруханаға жатқызып, емдеу үшін жұқпалы ауруларды емдейтін мекемелерге  қосымша төсектердің қойылғандығын жеткізді. 
– Бүгінде сырқаттың алдын алу мақсатында барлық елді мекендерді аралап, кеселдің белгілері бар адамдар бар ма, соны анықтаудамыз. Бұл орайда, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Жұқпалы аурулар  ауруханаларына психолог дәрігерлер алдық. Мамандар сырқатын менингококкпен ұқсастырып, жүйкесі сыр бергендерге көмек көрсетеді. Оларды қабылдайтын арнайы кабинет аштық. Осыдан біраз уақыт бұрын тұрғындар  көптеп келетін, бүгінгі таңда жағдай біраз тұрақтанды, – деді облыстың бас дәрігері. 
Жиын барысында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов ҰБТ-ның жақындап қалғанын, сынақ тапсыратын орындарды дезинфекциялап, сырқаттанудың алдын алу шараларының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, басқосуда облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз алып,  жұқпаның салдарын түсіндіру, алдын алу, дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру барысындағы ойын айтты. Жұқпа көп шыққан ауданның бас дәрігерлерін орнынан тұрғызып, атқарылған, атқарылатын шаруалар жайлы  жіктеп сұрады. 
Жиын соңында Лаззат Махатұлы менингококк кеселінің ғана емес, барлық жұқпалы сырқаттардың алдын алу шараларын пысықтаңдар. Барлық елді мекендерді аралап, әр адамның денсаулығын назарда ұстаңдар,  аздаған күмән туса бірден ауруханаға жатқызыңдар деген тапсырма берді.  
Облыс бойынша жағдай тұрақты. Десе де орын алған кемшіліктер алдағы күнге сабақ болуы тиіс. 

Гүлжан ТҰРСЫН

 

Оқи отырыңыз