Үздік мамандар марапатталды

Үздік мамандар марапатталды

Адам жанының арашашысы – Медицина қызметкерлерінің  мерекесі  салтанатты түрде аталып өтті. Ақжелеңді абзал жандардың жиынына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты. «Медицина, шындығында, өнер атаулының ішіндегі ең игісі», – деген еді медицинаның атасы Гиппократ.  Расында, адам  өміріне араша түсу  және тән мен жан саулығына қамқорлық жасаудан асқан игілік бар ма?!

Қоғамның ең басты құндылығы – адам. Ал еліміздегі ең негізгі әлеуметтік міндет – тұрғындардың денсаулығын сақтау. Бұл орайда облыс бойынша атқарылып жатқан шаралар ауыз толтырып айтарлық. Жиын барысында сөз алған Жақсылық Мұқашұлы өткен жылы      17 денсаулық сақтау нысаны іске қосылғандығын айтты.  Жамбыл ауданында жаңа перзентхана құрылысы басталып,  Сарқан аудандық ауруханасы қайта жөндеуден өткізілді. Текелі қалалық ауруханасының  жер сілкінісіне төзімділігін нығайту шарасы жүргізілуде. 
– Биыл облыстық денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы  46,4 млрд. теңгені құрады. Денсаулық сақтау басқармасының бюджеті 11,2 млрд. теңге, Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы 35,2 млрд. теңге көлемінде.  Облыстық денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту  жұмыстары үздіксіз  жүргізілуде. Медицина мамандарының жетіспеушілігі сезіліп келе жатқаны рас. Осы орайда, кадр тапшылығын шешу барысында шаралар қолға алынуда. Жыл сайын облыстағы медицина мекемелеріне 150-ге жуық  жас маман тартылуда.  Жыл сайын бірнеше мектеп бітірушіге медициналық білім алуы үшін облыс әкімі тарапынан грант бөлініп келеді.  Медицина саласының ардагерлеріне алғысым шексіз. Майталман мамандар, халық денсаулығын сақтауға бар білік-білімін арнаған Болат Балакойшиев, Тілеуберді Максимұлы, Салауат Сәрсембаев, Бақыт Ерғабылқызы, Оспанғали Ниетбаев, Ғани Ағыбаев, Шара Әнуарқызына рахмет айтамын, – деді Жақсылық Мұқашұлы.
Облыста тұрғындар саны   2 млн.-нан асты. Өңірімізде халық көп шоғырланғандықтан медициналық қызмет көрсету аясы да кең болатыны айдан анық.  Халық саны артқан сайын өзекті мәселелердің де туындайтыны бар. Бұл орайда денсаулық сақтау саласы мамандарының атқарып келе жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Соңғы жылдары жүрек, көзге ота жасауда жоғары көрсеткіштерге жеттік. Сондай-ақ,  бірнеше медициналық мекемеде бауыр-бүйректі емдейтін заманауи аппараттар алынды. Жылдағыға қарағанда биыл ана мен бала өлімі азайып, адамдардың өмір сүру жасы   72-ден  асты. 
Жиын барысында осындай жетістіктер айтылып, халық денсаулығын сақтау үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген медицина мамандарының мерейі өсті. Салтанатты шара барысында еңбегімен көзге түскен мамандар әртүрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Медицинаның үздік мамандарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы, мен Алғыс хаты  табысталды. Медицина саласы қызметкерлерінің арасында өткен  байқаулардың жеңімпаздары  бағалы сыйлықтарға ие болды. 
Шара соңында жиналғандарды денсаулық сақтау саласының ардагері Әшімғали Жұмагелдин құттықтап, ағалық ақ батасын берді. Мерейлі мерекеде құшақтары гүлге толған ақжелеңді абзал жандарға Сүйінбай атындағы филармонияның әртістері концерт қойып, шаттықтарын еселей түсті.

Облыс дәрігерлерінің арасында өткізілген «Үздік хирург» байқауының жеңімпазы Еркен Исаев пен «Үздік дәрігер» байқауының жеңімпазы Дамиля Клышпаева. 

Биыл 
облыстық денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 46,4 млрд. теңгені құрады. Денсаулық сақтау басқармасының бюджеті 11,2 млрд. теңге.

Жыл сайын 
облыстағы медицина мекемелеріне 150-ге жуық  жас маман тартылуда.  Жыл сайын бірнеше мектеп бітірушіге медициналық білім алуы үшін облыс әкімі тарапынан грант бөлініп келеді.

Облыста 
тұрғындар саны 2 млн.-нан асты. Өңірімізде халық көп шоғырланғандықтан медициналық қызмет көрсету аясы да кең болатыны айдан анық.

Гүлжан ТҰРСЫН

 

Оқи отырыңыз