ДӘРІГЕРЛІК ҚЫЗМЕТ АЯСЫ КЕҢЕЙЕДІ

ДӘРІГЕРЛІК ҚЫЗМЕТ АЯСЫ КЕҢЕЙЕДІ

   Басты байлық – денсаулық. Ет пен сүйектен жаралғандықтан ауырмай, сырқамай тұрмайсың. Сонда алдымен жүгінетініміз – дәрігер.  Денсаулық сақшысының дұрыс емі мен жылы сөзі алдағы күніңе үміт отын сыйлайды.  Облыс тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Соған орай медицина мамандарының да жауапкершілігі күшейіп, ем-дом жүргізу әдіс-тәсілдері де жаңалануда.  Облысымыз жүрекке, көзге ота жасау, буын ауыстыру жағынан маманданды. Нәтижесі бәрекелді дерлік.  Аталмыш оталарды жасау үшін шетелдік заманауи аппараттар сатып алынуда.  Оны басқару үшін мамандар оқытылуда.  Дәрігерлер күні қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан ЫСҚАҚПЕН жолығып, денсаулық саласындағы көкейкесті мәселелер, медицинаның халыққа қызмет көрсету аясы жөнінде бірнеше сұрақ қойған едік. Мақсат – бар жаңалықты халыққа айтып, жеткізу. 

 
– Бауыржан Ербозымұлы, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне көшу барысында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтсеңіз?
– Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру жұмыстары облыстың барлық медициналық мекемесінде қарқынды жүруде.  МӘМС-ға сәйкес кез келген азамат өзі қалаған медициналық мекемеге тіркелуге құқылы. Әр медициналық мекемеге сақтандыру қорынан бөлінетін қаражат онда тіркелген адамдардың санына  байланысты бөлінеді.   
   Қазақстанда медицина саласы қарыштап дамып келеді. Қазіргі таңда дәрігерлер шетелге барып, тәжірибе алмасып, нәтижесінде ауыр оталарды өздері жасауда. Сондықтан,  Қазақстанда барлық ауру түрін тегін емдетуге болады. Ауыр ота жасайтын мамандар да жеткілікті. Қазақстанда ем жасалмайтын, сирек кездесетін сырқаттарға ғана шет мемлекеттерде  тегін емделуге  жолдама қарастырылады. Жолдаманы науқас тіркелген емхана береді. Алайда  тіркелуші емхананың қызмет көрсету сапасына көңілі толмаса,  басқа емханаға қайта тіркелуге құқысы бар. Емделуші емхана қызметінен бас тартқан жағдайда мекеме сақтандыру жарнасынан айырылып қалады. Сондықтан, емханалар қазірден бастап заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталып, ең мықты деген мамандармен келісімшарт жасасуда. Сақтандыру жүйесінің басты артықшылығы, аз ғана сақтандыру жарнасын төлесе де қымбат әрі сапалы ем ала алады. 
   Статистика бойынша елімізде емделушілер қатарын  балалар мен қарттар құрайды.  Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары  қалаға келіп емделетін. Қазір ауыл-аймақтардағы  емханалар біртіндеп медициналық құралдармен жабдықталуда. Егер аудан орталығында сырқатты емдеуге мүмкіндік болмаса, дәрігер облыс орталығына  жолдама береді.  Қала маңында тұратын тұрғындар жұмыс орнына жақын  емханаларға тіркелуіне болады.
–Бауыржан Ербозымұлы,  «Денсаулық» бағдарламасында мемлекеттік медицинаны жекешелендіру, сондай-ақ, дәрілік заттар, медициналық бұйымдардың қолжетімділігін арттыру барысында тапсырмалар берген еді.  Шешімі табылып жатыр ма?
– ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Заңының 88 бабында  көрсетілгендей ҚР-ның  барлық азаматтары кепілдендірілген тегін медициналық көмек алуға құқылы. Ал жеке санатқа жатқызылатын науқастар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрық негізінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.  Яғни, жарна төлеуші тіркелген емханадан барлық медициналық көмекті тегін алады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енген азаматтар дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі.  Облыста әлеуметтік маңызы бар ауруларға бөлінген дәрілер дәрігерлердің  рецептісіне сәйкес тоқтаусыз берілуде. Тегін дәрі алу кезінде науқас адам жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі тиіс.
– Мамыр, маусым айларында менингококк жұқпасы елді біраз дүрліктірді. Бүгінгі таңда жағдай қалай? Алдағы уақытта кеселді болдырмау барысында қандай шаралар жасалуда?
– Жыл басынан бері облыс бойынша 17 адам менингококк инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Науқастардың төртеуі дәрігерлер көмегіне кеш жүгінгендіктен  қайтыс болды. Екі адамның сырқаты менингококк инфекциясы емес, іріңді менингит  екені анықталды. Науқастарға дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетіліп, ем қабылдады.  Дәл қазіргі уақытта аймақтық инфекциялық аурулар ауруханасында үш адам емделіп жатыр.  Олардың бірі алдағы аптаның басында толық емделіп шығады.     Екі науқасқа әрі қарай ем жүргізілді.  Бірі өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Қазір жағдайлары жақсы. 
    Менингококк инфекциясын жұқтырған адам соңғы рет 18 маусым күні тіркелді.  Алматыда бірінші  менингококк инфекциясы тіркелген 21 мамыр күні  бұйрық шықты.  Барлық медицина қызметкерлері ауру жұқтырған адамға жедел көмек көрсету, алдын алу, таралуды шектеу, ұйымдастыру жұмыстарын  қолға алды. Денсаулық сақтау министрлігінің 1 маусымда шығарған бұйрығына сәйкес,  барлық медицина ұйымының басшылары жұмысты қадағалап, ұйымдастыру шараларына  жауапты адамдарды бекітті.  
    Облыс бойынша алдын алу шараларын кең көлемде жүргізгендіктен ауру дер кезінде ауыздықталды. Бір айта кететін жайт, тұрғындарға менингококк инфекциясы жұғу қатері төнген кезде жедел жәрдемнің жүктемесі бірнеше есеге өсті. Сондықтан, инфекциялық аурулар ауруханасына қосымша педиатр, терапевт  мамандар көмекке шақырылды. Аурухана аймағында инфекциялық ауру бойынша бірнеше маман қабылдау жүргізді. 
– Дүниежүзілік денсаулық сақтаушылардың сараптауынша, өлім-жітімнің басты себебі – жүректің ишемиялық сырқаты мен ми тамырларының зақымдануы. Осы кеселдерден жыл сайын 30 мыңға жуық адам қайтыс болады. Аталмыш сырқаттың алдын алу, емдеу барысында қандай шаралар іске асырылуда?
– Жүректің ишемиялық сырқаты, оның ішінде инфаркт  салдарынан өлім-жітімді азайту мақсатында Үкіметтің «Саламатты Қазақстан 2011-2015» және «Денсаулық 2016-2019 ж.» бағдарламасы қабылданды. Республика және облыс деңгейінде «Интегрированный модель оказания медицинской помощи при инфаркте миокарда 2016-2019» Жол картасы қабылданды. Қазір халық арасында жұқпалы емес аурулар қатарындағы жүрек ишемиясы мен онкологиялық аурулар ерекше белең алып тұр. Қазақстанда бұл аурулардың алдын алып, ерте анықтауға мүмкіндік беретін құрылғылар да бар. Бірақ  көп жағдайда адамдар денсаулықтарына немқұрайды қарағандықтан, ауруын асқындырып алады. 
    Кеселдің алдын алу үшін өзі тіркелген емханаға  жылына бір рет барып, скринингтік тестілеуден өтіп тұруы тиіс. Сонымен қатар, облысымызда Талдықорған қалалық көпсалалы клиникалық аурухана  мен облыстық кардиология орталығында  ангиограф аппараты орнатылған.  Маман дәрігерлерді басқа облыстардан шақырып, олардың шетелде оқып, білім алуына жағдай жасадық.   Қазір аудандардан ауруларды жедел және жоспарлы жеткізу шарасы қолға алынып, тұрғындар уақытында ем қабылдауда.  Аудан ауруxаналарындағы жедел жәрдем көліктері лаборатория, электрокардиограмма аппараттарымен жабдықталып, ондағы дәрігерлер білімін көтеруден өтті. Қазіргі таңда аудан және қалалардағы медициналық мекемелердің 80 пайызға жуығы кардиолог дәрігерлермен қамтылған. Сонымен қатар, кардиология орталығында коронарлық  стенттеу және   ашық жүрекке ота жасаудың барлық түрі тегін іске асырылады.
– Скринингтік тексерудің нәтижесіне тоқталсаңыз. Қатерлі ісік, туберкулез дертін ауыздықтау барысында заманауи аппарат алу, дәрігерлік көмек көрсету жағы қалай шешілуде?
– Қатерлі ісік, туберкулез дерті әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жатады. Кеселдің  алдын алу үшін бірінші кезекте тұрғындарға түсіндіру  жұмыстарын жүргізу  керек. Яғни аурудың туындау себебі, одан сақтанудың жолдары халыққа үнемі түсіндіріліп отырылуы  қажет. 
    Жыл бойы барлық білім беру орындары мен мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Туберкулез дертінің алдын алуда  қолға алынатын шара манту, «БЦЖ» екпесі болып табылады.  Мектеп пен балабақшаларға үш айда бір рет мониторинг жасалады. Сонымен қатар, джин-эксперт аппараты екі сағатта нақтама қояды.  Яғни, флюорографияға  түскісі келмеген адамның нақтамасын джин-эсперт аппараты арқылы бірер сағатта анықтауға болады.  Құрылғы науқастың ерте ем алуы мен басқа адамдарға жұқтыру  қаупін тудырады.  Бұрын бұл ауруды зерттеуге бір айдан үш айға дейін уақыт кететін.  Сонымен қатар,  «Джин Эксперт» аппараты зертхана мамандарының биоматериалмен жұмыс істеуін шектейді. Яғни, туберкулезді жұқтыруына жол бермейді.  Мұндай аппарат Талдықорған және Талғар туберкулез ауру-         ханаларында бар. Науқастарға тегін көмек көрсетіліп, дәрі беріледі. 
 – Денсаулық саласын сандық жүйеге көшіру барысы облысымызда қалай жүргізілуде?
– Медициналық мекемелер сандық жүйеге жылдың аяғына дейін толық көшуі тиіс.  Қазір медицина мекемелері компьютермен жабдықталуда.  Сонымен қатар, сандық қызмет көрсету мәселесі алдағы жылдарда түбегейлі шешіледі. Өйткені, жоспар бойынша  2018 жылы барлық мекемелерді компьютермен қамтамасыз ету қарастырылған. 
Қазіргі таңда облыс көлеміндегі 511 медициналық ұйым медициналық ақпараттық жүйеге қосылған.  Талдықорған қаласындағы «жедел жәрдем» қызмет көрсету мекемесіне 2018 жылдың қаңтар айынан бастап «Көмек -103» ақпараттық жүйесінің де іске қосылуы алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп, тұрғындар өмірін сақтап қалуға  мүмкіндік туғызады.
– Облысымызда дәрігер және медбикелердің жетіспей жатқанын естиміз. Шешімін табу барысы қалай? Жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсету өз дәрежесінде ме?
– Бір ғана гинекология саласында 95 маман жетіспейді. Атап айтар болсақ, 26 акушер-гинеколог, 19 неонатолог, 19 педиатр, 31 реаниматолог маман қажет. Алайда орын алған мәселелерді шешудің жоспарын қарастырып жатырмыз. Атап айтар болсақ, дәрігерлердің білімдерін жетілдіру, жаңа құралдармен қамтамасыз ету, педиатр мамандар санын 77,4 пайыздан 81,5 пайызға көтеру жоспарланған. Мамандарға ұтымды ұсыныстар жасау арқылы реанитматологтар санын 55,7 пайыздан 65,8 пайызға арттыру көзделіп отыр. 
– Қазір балалар арасында жүрек, асқазан, көз аурулары көбейіп кетті деп дабыл қағылуда. Білім беру мекемелері мен балабақшалардағы дәрігерлік тексеру, көмек көрсету жайына тоқталсаңыз.
– Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы бұл мақсатта жүйелі  жұмыстар жүргізіп келеді. Білім беру мекемелері және балабақшалармен тығыз қарым-қатынастамыз. Әсіресе, кезекті екпе салу кезінде ата-аналарға алдын ала хабар беріліп, балалардың денсаулығын жіті бақылайды. Қыс айларында тұмау өршіген кезде алдын алу шараларын жүргізеді.  Балалар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында  түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, акциялар ұйымдастырылып, түсіндірме парақшалары таратылды. Балабақша мен білім беру орталықтарындағы мейірбикелер жергілікті емхана және дәрігерлермен тығыз жұмыс жасап, балалардың уақытында дәрігерлік тексеруден өтуін қадағалайды. 
– Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысы қалай? Дәріні кімдер тегін алады?  Кеңінен тоқталсаңыз.
– ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдар, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына арналған дәрілік заттардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы»  бұйрық бар. Бұйрық 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. Жаңа бұйрықта амбулаторлық негізде тегін қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың тізбесі бекітілді. Тізбеде көрсетілген 48 аурудың қатарына  әлеуметтік маңызы бар артериалдық гипертензия, асқазанның ойық жарасы, тыныс демікпесі, қатерлі ісік аурулары, туберкулез, гематологиялық аурулар, гемобластоздар, аплазиялық анемия, балалардың церебралдық сал ауруы, псиxикалық аурулар, АИТВ инфекциясы сияқты кеселдер кіреді. 
   Сандық жүйеге көшу медицина саласындағы бірқатар мәселелердің оң шешім табуына ықпал етті. Өздеріңіз білесіздер осыдан біраз уақыт бұрын   қант диабеті және балалар миының салдануы (немесе ДЦП) сияқты сырқат түрлері тегін медициналық көмек көрсетілетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығарылатыны туралы ақпарат тараған. Осы мәселеге байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  тегін дәрімен қамтамасыз етілетін ауру тізімі қысқартылмайтынын, керісінше, медициналық сақтандыру аясында дәрі-дәрмек тегін берілетін сырқат тізімі біртіндеп кеңейтілетінін айтты.  Денсаулық саласына елімізде ерекше көңіл бөлінген. Болашақта да әлеуметтің өзекті мәселесі күн тәртібіндегі басты тақырып болып қала береді. 
– Әңгімеңізге рахмет!
 
Гүлжан ТҰРСЫН.

Оқи отырыңыз