ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН БІЛІМ БАСТЫ НАЗАРДА

ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН БІЛІМ БАСТЫ НАЗАРДА

   Бүгінгі таңда облыс аумағында 30 білім беру орны мен     5 денсаулық сақтау мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аталмыш нысандардың Талдықорған аймағында орналасқандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін біліп қайтты. Кейбір істердің қарымдылығы көңіл қанағаттандырса, кейбірі, керісінше, су сепкендей сезімде қалдырды. Бірқатар мекемелерде жөндеу жұмыстары өз кестесіне сай басталғанымен белгіленген уақытында бітер түрі жоқ. Бірақ мерзімінен ертерек есік ашатын нысандар да баршылық. Атқарылған істің ақ-қарасын саралаған Жақсылық Мұқашұлы жүйелі істерді оң бағалап, кемшін тұстарды түзету үшін нақты тапсырмалар берді.

 

   Алғашқы жол Қаратал ауданына түсіп, Үштөбе қаласындағы аудандық ауруханаға бағытталды.  Әбден ескіріп, керегелері мен терезелері тозуға айналып, төбелері түсе бастаған денсаулық мекемесіне жөндеу жұмыстары  бір жарым ай бұрын басталған. Жергілікті тұрғындар уақытша ескі аурухананың ғимаратын паналап, сол арада емделіп бағуда. Бірақ ол да науқастарды ұзақ уақыт қабылдауға қауқары жетпейді. Себебі, бір бөлігі перзентхананың игілігінде болғанымен, бір бөлігінде диагностикалық тексеру жүргізілуде. Сондықтан күрделі жұмыс басталған нысанның құрылысын тезірек бітіру керек. Аудандық аурухананың бас дәрігері Біржан Асқарұлының айтуынша 450 сырқат қабылдайтын аудандық ауруханаға облыстық бюджеттен 350 млн. теңге бөлінген. Бұл аудан үшін үлкен қаражат. Сондықтан облыс әкімінің қолдауын қарымды игеріп, үлкен нәтиже шығару қажет. Осы орайда медициналық мекемеге бас сұққан Жақсылық Мұқашұлы бірқатар кемшіліктерді тізбектеп шықты. Үш қабаттан тұратын аурухананың монтаждау жұмыстары әлі бітпеген. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс жұмыстарының мердігері «Экспресс-Строй» ЖШС-ға сенімсіздік танытты. Себебі де жоқ емес. «АрхСтрой» ЖШС қадағалауындағы құрылыс қызметі қазірге бет-бетімен кеткен тәрізді. Біріншіден, техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмаса, екіншіден, жұмысшылардың тым аздығы күрделі жөндеудің кенжелеп қалатындығына күдік тудырды. Тіпті, құрылыс алаңында техникалық қадағалаушы бой көрсетпеді. Бас инженер Сергей Борисовичтің сөзіне сүйенсек, монтаждау жұмыстарының аяқталуына аз қалған. Сондай-ақ, қазір аталмыш алаңда 55 құрылысшы жұмыс жүргізуде. Бірақ  сенімсіздеу айтылған сөздің әрбіріне мән берген облыс әкімінің орынбасары құрылысшылар санының аздығын алға тартып, жұмыс жоспарының әлі бекітілмегенін айтып, үлкен әлеуметтік нысанның құрылысына зор жауапкершілікпен қарау керектігін қатаң тапсырды. Шымкенттен келген мердігерлердің жергілікті жердің жай-күйін білмейтіндігін бағамдап, тұрғындар тарапынан көмек қажет болса жұмыспен қамту орталығымен байланыста болуын да тапсырды.  Сондай-ақ ол өз сөзінде:
– Көптеген науқастар осы аурухананың бетіне қарап отырғаны анық. Сондықтан келісімге қол қойған соң айтылған мерзімде, сапалы түрде, жүйелі жұмыс жасап, халықты күттірмеу керек. Қажетті қаражаттың бәрі бөлінгендіктен облыстық денсаулық сақтау басқармасы, аудандық әкімдік аталмыш нысанды басты назарда ұстауы тиіс, – деп, тіпті, құрылыс алаңында жалақымызды бермеді дегендер болғандықтан, оның да себебін сұрап, қызмет ақысының жартысына қол жеткізгендерін естіді.
   Мердігерлерге аса сенім арта қоймаған облыс әкімінің орынбасары оларды сәт сайын қадағалап, құрылыс жұмыстарын үш ауысымға қойып, жылдамырақ бітіруін тілге тиек етті.
   Екінші болып Талдықорған қаласындағы оңтүстік-батыс тұрғын аумағында бой көтерген ғимараттың бірі – жаңа мектепке жол тартты. Сыртқы есігіне келгеннен-ақ қала көркін арттырар тағы бір жаңа нысанның құрылысы аяқталғанын аңғардық. «Астана құрылыс НСК» ЖШС жүргізіп жатқан жүйелі жұмыс соңына таяп қалған. Аталмыш мердігерлердің берілген тапсырманы мерзімді де сапалы жүргізетініне бұған дейін де көз жеткен. Себебі, бұған дейін бой тіктеген тұғырлы нысандар аталмыш компанияның қолынан шыққан. Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған №24 мектеп-лицейі ғимаратының тарлығын ескерген облыстық әкімдік бюджеттен 2 млрд. теңге қаражат бөліп, жаңа білім ордасының ашылуына үлес қосқан еді. Енді, міне, соның нәтижесінде 1200 баланы қамтитын жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды. Оқу ордасына бас сұққан Жақсылық Мұқашұлы атқарылған ауқымды істерге айрықша ризашылығын жеткізіп, мектеп есігінің қашан ашылатындығын, мұғалімдер мен оқушылар жеткіліктілігін сұрады. Аталмыш сауалдарға 5-6 күннің төңірегінде жалпы жұмыстар аяқталып, техникалық құрамның толықтырылуы жүргізілетіндігі жауап болды. Тар мектепте білім берсе де оқу көрсеткіші бойынша көш басында тұрған лицейдің директоры Мариям Бейсетбайқызы жүргізілген жұмыстардың басы-қасында болып, 25 тамызға дейін оқу ордасына байланысты жұмыстардың түгелімен жүйеленетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, мектеп директоры ұстаздық кадрларды  арнайы тестілеу арқылы, жаңартылған оқу бағдарламасының сертификатына қарап алатынын айтып, №24 мектептен 700-ден аса баланың осында көшіп келетінін және 1 тамыздан бастап арнайы бақылау арқылы бастауыш сыныптарға оқушылар қабылданатынын тілге тиек етті. Облыс әкімінің орынбасары қала бойынша ең ерекше мектеп осы болатындығын қуанышпен жеткізіп, құрылысшылар қызметіне ризашылығын білдірді.
   Аталмыш білім ордасына қарама-қарсы бағытта бой көтерген тағы бір жаңа ғимарат – музыкалық мектепке де енген облыс әкімінің орынбасары бірқатар істерді бағамдап шықты. «Стройсервис-97» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 940 млн. теңге бөлінген. Қазіргі күнге 65 пайыз құрылыс жұмыстары аяқталған музыкалық мектеп болашақта 300 баланың дарынын ашпақ. Арнайы Чехиядан алдырған 41 пианино мен 8 рояль да сапалы. Тамыздың 10-на  дейін барлық жиһаздар алынып, дайын бөлмелерге қойылмақ. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айының соңында аяқталып, көгалдандыру, асфальттауға дейін бітіп, өткізілмек.
   Облыс орталығының солтүстік батысынан бой көтерген жаңа мектептің құрылыс жұмыстары да аяқталған. Бүгінгі таңда 98 пайыз дайын тұрған білім ордасы 1200 балаға арналған. Бірақ құрылыс жұмыстарын қадағалау үшін  ғана емес, құжаттама және де оқушылар санының толықтығы, мұғалімдер жеткіліктігін  анықтауды көздеген Жақсылық Мұқашұлының көңілі толмады. Себебі мұнда 5-10 күндік құрылыс жұмысы ғана қалса да, қанша оқушы қайдан келетіні және орта есеппен 75 мұғалімді қандай деңгейде, қалай алдыратыны әлі күнге белгісіз. Облыс әкімінің орынбасары аталған кемшіліктерді бірден ретке келтіріп, 25 тамызға дейін барлық мәселе шешімін табу керектігін қала әкімінің орынбасарына қадап айтты. Соңынан №13 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын көріп қайтқан Жақсылық Мұқашұлы мұнда да бірқатар кемшіліктерді тізбектеп берді. Білім ордасының маңында ақыл-ой кемістігі бар балалардың мектебі де бар. Осы мекеменің бұрынғы жай-күйі көңіл түсіріп, адам шошырлық деңгейде болған. Міне, осыдан таршылық көрген кембағал оқушылар облыстық әкімдікке шағымданған болатын. Мүмкіндігі шектеулі жандардың сөзін жерде қалдырмаған жергілікті әкімдік аталмыш мекеме мен соның маңындағы №13 орта мектепке қаражат бөліп, құрылыс жұмыстары басталған. Бір өкініштісі, кембағал балалар оқитын ғимарат құрылысы сәуір айында басталғанымен, әлі күнге оңтайлана қоймаған. Небәрі бір айдың ішінде барлық жағдай тұрақталып, құрылыс бітеді дегенге сену қиын. Мектеп директоры Гүлнар Омарованың айтуынша мердігерлер жұмысы күнделікті қадағаланып тұрады екен. Өкініштісі, мектеп алаңында арнайы көлік тұрақтары тіпті қарастырылмаған көрінеді. Бас-аяғы 130 адам қызмет етіп жатқан аймаққа көңілі толмаған Жақсылық Мұқашұлы сапалы түрде тамыз айының 25-не дейін мектеп есігін ашсын деп қатаң тапсырма жүктеді.
   Талдықорғанның төрінен салынып жатқан неонталдық-хирургияны қамтитын облыстық балалар ауруханасының жұмыстары жүз пайызға аяқталған. Аталмыш мекеменің ерекшелігі бала туғаннан бастап, жағдайы нашар болса  28 күн ішінде, түрлі ота жасап, қалыпты жағдайға келтіруінде. Бұрын мұндай операциялық жүйе облысымызда болмаған. Жергілікті тұрғындар аталмыш мәселе бойынша Алматы ауруханаларының көмегіне жүгінетін. Міне, бүгінде осы олқылықтың орнын толтырған облыстық әкімдік 60 төсекті қамтитын, 30 палатадан тұратын, реанимация мен ота бөлмелері бөлек ерекше аурухананың еңсе тіктеуіне үлес қосты. Балалар ауруханасындағы екі ота бөлмесінде Оңтүстік Корея мен Қытайдан алдырған ерекше аппараттар орнатылған. Аталмыш аурухананың ендігі жұмыстарына төсеніштер мен кейбір қажетті материалдардың алынуы мен көгалдандыру, сыртқы келбетін кескінді ету кіреді. Былтыр басталған құрылыс жұмыстарына жалпы саны 908 млн. теңге бөлінген. Үш қабаттан тұратын ғимараттың сәні мен мәні, сапасы жоғары.  Облыстағы әскери қызметкерлердің және олардың отбасыларының денсаулығын қадағалайтын  әскери емдеу орталығына бас сұққан Жақсылық Мұқашұлы жүйелі істің тек ілгері екендігін жеткізді. Төңірегінен бастап, ғимарат ішіне дейін тап-таза аймақ көргенді таңдандырады. Аталмыш әскери емдеу орталығына Талдықорған аймағындағы әскери гарнизондағылар қарайды. Ал Алматы аймағындағылар үшін Алматыда арнайы салынған екінші мекеме бар. Емдеу бөлімшесінің қарапайым халықты емдеуге де құқығы бар екен. Қорғаныс министрінің 502 бұйрығы бойынша жалпы төсектің 10 пайызын дәрігерлер тәжірибесін арттыру үшін қарапайым халықты емдеуге болады.  Әскери емдеу бөлімінің қызметіне көңілі толған Жақсылық Мұқашұлы істің ілгерілеуін тіледі.
   Міне, бір күнге арналған медициналық мекемелер мен білім ордаларын аралау барысында көптеген кемшіліктер мен көңіл қуанышын арттырар сәттерге де куә болдық. Бастысы, сапа мен нақты нәтиже екендігін баса айтқан облыс әкімі орынбасарының әр сөзінен ой түйгендер түйткілді түйіндерді көп кешіктірмей шешіп қалар.

Құралбек СӘБИТОВ.

Оқи отырыңыз