Жартыжылдық нәтижесі қуанта қоймайды

Талдықорған көпсалалы емханасында ақ халаттылардың атқарған жұмыстары жүйеленді. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен өткен жиында денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылған шаруалар жүйеленді. Ағымдағы жылдың I жартыжылдығы бойынша біршама кемшіліктер айтылып, кеш қалған емдеу мекемелерінің басшыларына ескерту берілді. Облыс орталығының медицина мамандары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен емхана басшылары бас қосқан отырыс облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың баяндамасымен басталды.
 
Алғашқы мәселе – өңірлердегі иммундау жұмыстары айтарлықтай төмен деңгейде жүргізілген. Бұған себеп не? Керек қаражат толығымен бөлініп, тек атқарылар жұмыстар ғана қалған. Соған қарамастан кейбір аудан, қалаларда аталмыш мәселе бойынша көрсеткіш төмен. Міне, сондықтан да облысымыздың денсаулық сақтау саласы біраз өңірден көш кейін келеді. 
Бауыржан Ербозымұлы «Денсаулық 2016-2019» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар жайын жеткізіп, ағымдағы жылдың 8 айлық қорытындысын тілге тиек етті. Көптеген өңірлерде адам өлімі алты айлық көрсеткіш бойынша  1000 тұрғынға шаққанда 7,09-дан 6,99-ға төмендеген. 
Адам баласын өлімге апаратын негізгі сырқаттар қатарына жүйке жүйесінің ауруы, қан айналымы, инсульт, қатерлі ісік, жарақат, улану енеді. Кейбір сәттерде жазатайым оқиғалар мен тыныс алу органдарының дерті дәм-тұздың таусылуына түрткі болуда. Осы орайда өңірдегі өлім-жітім көрсеткіштерін азайту үшін үйлестіру кеңесі құрылып, 5 ауру түрі бойынша ұтқыр жүйе жүзеге асқан. Сондай-ақ, әр қала мен ауданда өлім деңгейін талдау үшін өңірлік комиссиялар құрылған. 
Өңірімізде шақалақтардың шетінеуі көптеп орын алған. Дәрігерлердің айтуы бойынша, көп келеңсіздік қатерлі ісіктің кесірінен болуы мүмкін. Ал қан айналым жүйесінен жазмыштан қайтқандар көрсеткіші 2017 жылмен салыстырғанда көбейген. Туберкулезбен ауырып күні таусылғандардың да көрсеткіші көтерілген. Осы орайда ауқымды істер атқарылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жазатайым құрбан болғандар да баршылық. Мәселен, алты айда облыс жолдарында болған 917 апаттан зардап шеккендер жетерлік. 
Облыс бойынша бала мен ана өлімі  айтарлықтай мәселе ретінде алға шыққан. Барынша күш салып, жүкті әйелдерді дер уақытында қарап жатса да оң нәтиже болар емес. Керісінше, аталмыш көрсеткіш күн сайын үдеп келеді. Осы орайда Жақсылық Мұқашұлы аудан, қала емханаларының басшыларына сөгіс беріп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.  
Жиын соңында облыстың денсаулық саласының көрсеткішін төмендетіп отыр деген аудандар әкімдерінің орынбасарларына қатаң ескертілді. Мәселен, Ақсу ауданында қан айналымынан қайтыс болғандар саны 252-ге жеткендігін айтып, 100 мың тұрғыны бар аймақ үшін мұның үлкен нәубет екенін сөзіне қосты. Сондай-ақ, Қаратал ауданында да уланып, жарақат алып жан тапсырғандардың 112-ге жеткендігін үлкен кемшілік қатарында атады. 
Сөз соңында Жақсылық Мұқашұлы сапалы қызмет көрсету керектігін тілге тиек етіп, ана мен бала, қоғамның әр перзентінің саулығы басты орында екендігін ескертті. Келер уақытта мұндай кемшіліктерді болдырмауды қатаң тапсырды.
 
Құралбек  СӘБИТОВ

Оқи отырыңыз