Жүрек саңылауы жаңа тәсілмен жабылды

Облыстық кардиолог мамандардың кәсібилігін шыңдау мақсатында Алматыдан Азиз Оңласынов бастап келген ақ халаттылар шеберлік сыныбын өткізді. 

Облыстық кардиология орталығында оңды жаңалық. Өңірімізде тұңғыш рет жүрек қалқаншасын жамау отасы жасалды. Отандық медицинаның жедел дамуы Жетісу жеріне жеткені көңіл көкжиегін арттырып, жаңа мүмкіндікті паш етті. Окклюдер арқылы жүрек қалқаншасы саңылауын транскатерлі жабу әдісі бойынша басталған шеберлік сабағы сәтті басталып, абыроймен аяқталды. Облыс аумағындағы алғашқы отаға ілінген сырқаттарға, яғни екі науқасқа жаңа әдістің жолы бұйырды. 
Облыстық кардиология орталығында емделіп жатқан өңір тұрғындары бұрыннан бері жүрек ауруы бойынша тіркеуде тұрады. Көксу ауданынан келген Мерхат Барахов бойындағы туабітті сырқаттың қатерін кейіннен білген. Тіпті әскерге аман-есен барып келген ағамыз 40-тан асқан тұсында мұрнынан қан кетіп, тексерілу барысында жүрек ауруына шалдыққанын ұққан. Міне, бүгін сол нәубеттің бетін қайтаруға қолайлы сәт туды. Мерхат Тұрсынмаметұлымен тілдескенімізде Талдықорғандағы алғашқы отадан сәл де болса сескеніп, қобалжып, бойын қорқыныш жаулағанын да жасырмай айтып өтті. Бірақ осындай мүмкіндік туындаған сәтте тізімге алғашқы болып ілінгеніне қуанышты екендігі жүзінен аңғарылып тұрды. Ота жасалатын екінші науқас  Ольга Галушинко Ескелді ауданынан келген. Жүректе тесік бар деген диагноз арқалаған науқас жоспарлы отаға дөп түскеніне қуанышты екендігін жеткізді. 
Науқастарды ота алдында арнайы тексерістен өткізіп, дайындық жұмыстарын жасатқаннан кейін ота бөлмесіне жатқызды. Өз ісінің маманы атанған Азиз Оңласынов жүрек қалқаншасын жабу жұмысына кірісіп кетті. Жаңа әдістің мүмкіндіктерін биік деңгейде меңгерген маман дәл осы бағытта бұрыннан бері біраз ота жасап, сәтті аяқтаған. Медицина мамандарының сөзіне сүйенсек, негізінде бұл ота күрделі оталар тізімінде. Бұрын бұл ота  қиындығымен ерекшеленіп, науқас наркоз арқылы ұйықтатылып, кеуде қуысы ашылған. Содан кейін барып жүректің тесігін тігу жұмысы басталған. Ал қазір окклюдермен тамыр арқылы жүрек қалқаншасының саңылауы бітеледі. Бұл сәтте науқас ояу жатып, тіпті, ота барысын бақылай алады. Осы жайт та оған аса қауіп тудырып, қиындық келтірмейтін көрінеді. 
Облыстық кардиология орталығының директоры Рахымберді Сұлтанбеков өңірімізге білікті мамандардың келіп, шеберлік сабағын өткізіп жатқандығына бірден-бір себепші. Бас дәрігер мықты мамандарды өзі шақырған. Сондай-ақ, жетісулық дәрігерлер жаңа тәсілді барынша меңгеріп кетсе деген тілегі барын да жасырмады. Орталықта жылына 200-ден аса жүрек отасы жасалады, ендігі кезекте ақ халаттылар жүрек қалқаншасын жамау әдісін де ақырындап оталар тізіміне енгізбек. Ол үшін шеберлік сыныбын мұқият қарап, отаның қыр-сырын терең меңгерулері тиіс. 
Бас-аяғы бір сағаттан аса уақытты қамтыған ота сәтті аяқталып, Азиз Оңласынов науқастардың жағдайы қалыпты екендігін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа әдіспен жасалған ота науқастарға еш қауіп төндірмейді, керісінше, олар отадан соң  бірден оңалып, бірер күннен соң бойын тіктейді. Міне, осылайша қауіптен құтқарып, уақытты үнемдейтін жаңа тәсіл қос  сырқаттың оңай жолмен оңалуына септігін тигізді. Болашақта мұндай шеберлік сыныптары көбірек ұйымдастырылып, тіпті, облыс мамандары жүрек алмастыру жұмысын да меңгермек ниетте. 

Құралбек Сәбитов

Оқи отырыңыз