ЖИДЕЛІДЕ АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ

ЖИДЕЛІДЕ АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 мектеп. 100 аурухана» бағдарламасын іске асыру мақсатында елімізде көптеген іс-шара жүзеге асты. Соның бірі – Балқаш ауданы, Жиделі ауылында бой көтерген заманауи фельдшерлік амбулатория пункті. Жыл басында бастау алған жаңа ғимараттың құрылыс жұмысы толықтай аяқталып, халыққа пайдалануға берілді.

Жиделі ауылының ажарына ерекше көрік беріп тұрған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Сайран Смағұлов, аудандық мәслихат депутаты, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Күмісбек Ербаев, аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Жарқын Беріков қатысты.

Алғашқы сөз алған  аудан әкімінің орынбасары Сайран Сейткемелұлы Жиделі ауылының тұрғындарын құттықтап, фельдшерлік амбулатория ғимаратының жұмысын жүргізген мердігер «Алмас М» ЖШС-ға ризашылығын білдіріп, ауыл тұрғындарына «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қанатты сөзді негізге ала отырып, ақыл-кеңесін жеткізді. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында денсаулық сақтау саласына назар аударғанын, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға қатысты маңызды ойлар айтып, медициналық қызметтің әлеуетін арттыруға басым бағыт берілгендігін жеткізді.

Келесі сөз кезегін алған ауыл тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Шадыхан Апсатов: «Ұзақ жылдан бері ауыл халқының арманы болған ғимараттың ашылуы біз үшін үлкен мереке. Мұнда басы ауырып, балтыры сыздағандардың керекті емін алып, сауығып кетуіне толық жағдай жасалған. Осындай қуанышты күн сыйлаған азаматтарға ауылдастар атынан алғыс білдіремін», – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы

Оқи отырыңыз