ҮЗДІК ЖАС ДӘРІГЕР

ҮЗДІК ЖАС ДӘРІГЕР

Азамат Әубәкіров үшін жыл табысты болды. Олай дейтін себебіміз, жас маман «Көшбасшы – 2018» облыстық байқауында дара шығып, «Үздік жас дәрігер» атанды.  Абырой биігіне көтерілген Азамат Батырғалиұлын Есіктегі аудандық ауруханаға арнайы іздеп бардық. Жүзі жарқын дәрігермен әңгімеміз бірден жараса кетті.

Асылы, әр баланың келешекте қандай маман болатынына ата-анасының тигізетін ықпалы аз болмайды. Музыканттар отбасында өскен Азаматтан да өнер адамы шығатын еді. Бірақ оның басынан өткен бір оқиға дәрігерлік жолды таңдауына себеп болыпты.
– Әкем Батырғали Сатанұлы Қырбалтабай ауылының тумасы. Шешем Базаркүл Камурадинова Қызылордадан. Олар Шымкенттегі музыка институтының түлектері. Студент болып жүргенде бір-бірін ұнатып, отау құрыпты. Сол жылдары мен туыппын. Кейін маман ретінде елге оралады. Қазір әке-шешем Есіктегі гуманитарлық-экономикалық колледжде еңбек етіп жүр. 
Ата-анасы Азаматты кішкентайынан музыкаға бейімдеді. Пианино мен домбыра аспабында ойнауды үйретті. Болашақта өздері сияқты өнер жолын қуады деп топшылағаны болар. Азамат қазір музыкант болып отырар ма еді, кім білсін, егер сол бір қиын жайға тап болмағанда?!
– Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде мені ит талады, – дейді Азамат. Алған жарақатым өте ауыр болды. Қатты қиналдым. Айлап, жылдап аурухана есігін тоздырдым. Ақ халатты абзал жандардың арқасында ғана ажал аузынан аман қалдым. Түн ұйқысын төрт бөліп, науқастарға жан-тәнімен қызмет көрсеткен дәрігерлерге қарап ризашылығым артты. Олар маған өмірдегі ең мықты адамдар болып көрінді. Сол сәттен бастап дәрігер боламын деген арман санамда мықтап орнықты. Бертін келе, әке-шешем де таңдауыма қарсылық білдірген жоқ. 
Арман жолында алға ұмтылған жеткіншек 2004 жылы Есіктегі медициналық колледжге оқуға түседі. Оны ойдағыдай тамамдаған соң, 2009 жылы Алматыдағы медицина университетіне құжаттарын тапсырады. Сынақтан сүрінбей өтіп, студент атанады. Жеті жыл бойы дәрігерліктің қыры мен сырына қанығады. Сөйтіп, 2016 жылы терапевт маманы болып өз ауданына оралады.
Жас дәрігер алғашқы еңбек жолын Есік қаласы маңындағы жеті мың тұрғыны бар «Саяжай» елді мекенінде учаскелік дәрігерлік қызметтен бастайды. Ол мұнда жүріп білікті маман ретінде көпшіліктің көңілінен шығады. Ауыл дәрігері бір ғана саламен шектелмейді. Оның әмбебап атануына тура келеді. Тынымсыз ізденіс, тәжірибе жинау біліктілігін жетілдіре түсті. Шипагерлік мүмкіндігін жан-жақты кемелдендірді. Белгілеген емі науқастардың жазылып кетуіне себеп болатын. Көп кешікпей Азамат саяжайлықтардың сүйікті дәрігеріне айналды. Сонымен қатар, ол әріптестері арасында да үлкен беделге ие болды.
– Әрине, дәрігер болу оңай емес. Өйткені, қателесуге хақың жоқ. Күн сайын алдыңа сан түрлі адам келеді. Олардың әрқайсысына жылы қабақ танытып, шағымдарын мұқият тыңдауың керек. Жылы сөз – ол да дәрі. Осындай қарым-қатынастың өзі науқастың жандүниесіне оң әсер етіп, оның аурудан тез айығуына деген сенімін күшейтеді. Ал сенім адамды сергітеді, – дейді ол.
Азаматтың жауапкершілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне риза болған басшылық бұдан кейін оны Алмалы ауылына бас дәрігер етіп жібереді. Ол жерде де елдің алғысына бөленеді. Осылайша жиырма алты жасқа енді ғана толған дәрігер зор сенімге ие болады. Бүгінде ол аудандық ауруханадағы терапия бөлімінің білікті қызметкері. 
– «Көшбасшы – 2018» жастар сыйлығына қол жеткізу мен үшін үлкен жетістік. Бұл – тек маған ғана көрсетілген құрмет емес, ол  ұжымның ортақ қуанышы деп ойлаймын.  Енді оған еңбегіммен жауап қайтаруға тиіспін, – дейді Азамат Батырғалиұлы. 
Әңгіме барысында Азамат Батырғалиұлы болашақтағы жоспарларымен де бөлісті. Білімін ары қарай тереңдете түсу үшін университеттің резидентура бөліміне оқуға түсуге дайындалып жүр. Жас маманның таудай талабын біз де қостадық. Дәрігердің жемісті, жеңісті күндері әлі алда. Бірақ қол жеткізген осы бір алғашқы жүлдесі оның жадында мәңгі сақталары анық.

Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы

Оқи отырыңыз