ЕМДЕЛУШІЛЕР ДӘН РИЗА

ЕМДЕЛУШІЛЕР ДӘН РИЗА

    Халыққа қажет жобаларды жекеменшік пен мемлекеттің әріптестігі негізінде жүзеге асыру  облысымызда кең қанат жаюда. Бұл орайда өңірде халыққа қызмет көрсету орындары, медициналық мекемелер және балабақшалар көптеп ашылуда.

 

   Талдықорған қаласындағы осындай бір денсаулық сақтау орны «Құрақты»  деп аталады.  Көпшілікке тегін және коммерциялық қызмет көрсететін орталықтың ашылғанына үш жыл.  Мекеме  жанынан  болашақта облыс тұрғындарына қызмет көрсететін кең, жаңа орталықтың қабырғасы көтерілуде. Онда  заманауи ультрадыбыстық зерттеу, рентген кабинеттері болады. 
   Мекеме директоры Қызырхан Дәуітов  алдағы уақытта «жедел жәрдем» қызметін көрсетуге де бел буып, кірісіп кеткенін айтты.  Бүгінде мекемеде 12 дәрігер бар. Тәжірибесі мол, білікті кардиолог, терапевт, уролог, эндокринолог мамандар келушілерге ынта-ықыласымен ем-дом жасайды. Сырқаттарға  кеселінің жайын түсіндіру,  науқаспен сырласындай сөйлесу  аталмыш мекеме қызметкерлерінің ұстанымы.  Бұл жайында «Құрақты» медициналық орталығының директоры Қызырхан Дәуітов:  «Дәрігерлер емделушілермен қарапайым, түсінікті тілде сөйлесуге тырысады.  Себебі, медицина тілін қарапайым халық ұғына бермейді.  Дерттен емделу жолын,  сырқат асқынып кетсе қандай жағдай орын алатынын емделушіге  жайлап түсіндіруге тырысамыз.  Бүгінде бізде ел алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер көп. Мысалы, Салтанат Әлімханқызы,  Алмагүл Жеңісбайқызы, Бану Еркешқызы, Оспанғали Ниетбаев және Гүлмира Халелқызы білім-біліктерімен көптің алғысына бөленуде», – дейді.  
   Орталықта  стоматологиялық кабинеттер бар.  Онда стоматолог-дәрігер және стоматолог-техниктер жұмыс жасайды.  Мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің заңдылығы бойынша  стоматолог-дәрігерлер жүкті әйелдер мен зейнет жасындағы тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді.  Биыл стоматолог-маманға 700-ден аса адам қаралыпты. Мұнда қан талдамасын жасайтын заманауи  зертхана да бар. 
Медицина орталығы халық көп жүретін  қалалық емхана маңынан ашылғандықтан келушілер саны да күн санап артып келеді. Бірақ, жекеменшік мекеме дегенді естіп, тегін емдемейді ғой деген түсінік қалыптасып қалған көпшілікте. Екіжақты әріптестік негізінде жұмыс істейтін мекемелердің белгілі бір қызмет көрсету пайызы тегін екенін көпшілік біле бермейді. Бүгінгі таңда оны білетін жүкті келіншектер «Құрақтының» сапалы қызметін алып, тіс және қызыл иегін тегін  емдетуде.  Дәрігерлер қауымы келушілерге медициналық көмек көрсетуге дайын. Ендеше, «Құрақтының» жылы да жарық ғимаратында білікті дәрігерлерден ем-дом алған көпшілік Қызырхан дәрігер бастаған ұжым жайлы мақала жазып,  алғыс айтуымызды өтінген екен.  Істеріңіз берекелі болсын, ақ желеңді абзал жандар.

Гүлжан Мұқашқызы

Оқи отырыңыз