Шежірелі оқу орны қазыналы қарттың жасына келді

Шежірелі оқу орны қазыналы қарттың жасына келді

Жетісу жеріндегі іргелі оқу орындарының бірі – Талдықорған медициналық колледжі. Биыл колледжге 80 жыл. Осы уақыт ішінде оқу орны 40 мың түлекті  қанаттандырды. Шежірелі оқу орны Ұлы Отан соғысы жылдары  жылдамдатылған бағдарлама бойынша майданға медбикелер даярлап, аттандырған  қасиетті шаңырақ. Бүгінде жыл сайын 300-ге жуық тәлімгер қабылдайтын  оқу орнында 67 ұстаз еңбек етеді. Білім шаңырағының аясында болашақ медбикелерді оқытып, тәжірибеден өткізу үшін оқу кешені, тәжірибе кеңселері және жатақхана бар. Колледжде адам жанының арашашыларын тәрбиелеуде салғырттыққа жол берілмейді. Ұстаздарға қойылатын талап та жоғары. Берілген тапсырманы орындап, кәсібін терең меңгергенше білімгерлер курстан-курсқа өткізілмейді. Себебі, медбикенің өз борышын өтеуде, ем-дом  жасауда қателесуге қақысы жоқ. Сексен жылдық мерейтой қарсаңында аталмыш оқу орнының директоры Серік Жансеңгіровке арнайы жолығып, маман тәрбиелеудегі ұстанымы, бағыты жөнінде сұхбат жүргізген едік.

– Серік  Максимұлы, өзіңіз жиырма жылдан бері басшылық етіп келе жатқан оқу орнының тарихына,  өрлеу жолына шолу жасасаңыз.
– Аяжан  медициналық мектебін ашу жөнінде  Қазақстан дәрігелерінің 1936 жылғы І ғылыми-ұйымдастыру съезінде мәселе көтеріледі. Көп уақыт өтпей денсаулық сақтау комитеті облыстық  медициналық  мектептің жұмысын қадағалауды басшылыққа алады. Мекеме алғаш жұмысты бастаған жылдары бар-жоғы 10 шақты оқытушы қызмет еткен.  Сол жаңа оқу жылында 40 білімгер оқуға қабылданады. Ал 1940 жылдары жүз отыз  тәлімгердің  он шақтысы ғана қазақ балалары болған. Ұстаздар ауылдарды аралап, қазақтың ұл-қыздарын медицина мамандығын меңгеруге, оқуға келуге шақырған деген дерек бар.  Мектептің қарамағында 7 ат, бір автомобиль,  31 гектар жүгері, сұлы, күнбағыс, бидай өсіріліп, бапталған деген қызық деректер мұрағат құжаттарында жазылған. Ол кезде оқу корпусы қаланың  Абылайхан мен Төлебаев көшелерінің қиылысында орналасыпты.  
– Серік Максимұлы,  сексен –  қазыналы қарттың жасы. Осы уақыт ішінде оқу орны қандай биіктерді бағындырды?  Білім берудегі озық үлгілеріңізбен бөлісе отырсаңыз.   
Колледждегі  білім беру үрдісі Қазақстан Республикасының  мемлекеттік жалпы міндетті білімнің стандартына сәйкес жүргізіледі. Бүгінгі таңда колледж ұжымы оқу-тәрбие үрдісін модернизациялау арқылы бәсекеге қабілетті маман даярлау жолында оқытудың дуалдық жүйесін негізге алып еңбек етуде. Колледжде  фельдшер, мейірбике, дантист,  фармацевт, гигиена көмекшісі, медициналық лаборант және массажист, мейірбике ісі бойынша маман даярланады.  Заманауи талаптарға сай симмуляциялық орталықтың ашылуы үлкен жетістік. Симмуляция – медициналық маманды тәжірибеге дайындау мен жұмысты  бағалаудағы дағдыларды үйретіп, жиі қайталанатын әрекеттерге машықтандырып, қателікті түзетіп, тез  шешім қабылдауға үйрететін  заманауи технология.
Оқу орнында 2015 жылдан бері «Виртуальды клиника» деп аталатын орталық іске қосылды. Клиника – денсаулық сақтау жүйесі мамандарын дайындап, қайта даярлау мен біліктілікті көтеру үшін керек жүйе. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің кәсіби қабілетін дамыту,  ұйымдастыру мен оқу-әдістемелік тәжірибені жақсартудың тиімді әдісі. «Виртуальды клиника» болашақ маманның клиникалық тұрғыдан ойлауы мен  медициналық көмекті  тәжірибе жүзінде жасап машықтануына мүмкіндік береді.  Онда әртүрлі сырқатпен ауыратын адамның манекені, механикалық тренажер және муляждар бар. Пішіндерге ота жасап, аяқ-қолын таңып үйренуге болады. Акушер сабағында жасанды әйелді босандыруға да болады.  Сондай-ақ,  колледж қарамағында 250 орынды жатақхана, керек-жарақпен жабдықталған стадион, асхана, буфет, медицина пункті, фитнес-клуб бар.  Бұған қоса жаңаша түрде жабдықталған екі компьютер сыныбы, «Internet» жүйесі, мультимедиялық аудитория, мәжіліс залы білімгерлердің игілігі үшін жұмыс жасайды. 
– Сіз басқаратын медициналық колледж болашақта «Медбикелердің жоғары мектебі» дәрежесін алатын болыпты  деген жақсы жаңалықтан құлағдар болып жатырмыз. Бакалавриатпен тең деңгейде білім беретін жүйе қашан енгізілмекші?
– Бұрыннан қалыптасқан ұғым бойынша дәрігер негізгі мамандық та, аяжан оның көмекшісі болып саналады. Ол – дәрігер берген  тапсырманы орындаушы.  Шындығында оны екі бөлек мамандық деп қабылдаған жөн. Себебі, аяжан науқасқа ем-дом жүргізумен шұғылданады. Соған машықтанады, қыр-сырын меңгереді.  Тәжірибесі толыққан, ағзаны терең меңгерген мамандарымыз көп жағдайда  сырқатқа нақтама (диагноз)  да қояды. Өмірлік тәжірибеден кездестіріп жүргеніміздей, орта буын медицина мамандары адам емдеуде ағзадағы  кілтипанды жоғары білімді дәрігерлерден кем білмейді.  Сондықтан, оқу орнымыздың жоғары медбикелер мектебі болып құрылуы дәрежемізді арттыратыны сөзсіз. Мұндай деңгейге көтерілу үшін  дәрежеміз сараланды. Колледж өткен жылы  «Сапа көшбасшы – 2015» медалі және ұлттық сертификатымен марапатталды.  Медицинаның орта буын мамандарын тәрбиелейтін оқу орны  2016 жылдың  сәуір айында  институционалды және мамандандырылған  аккредиттеуден  сәтті өтіп, 6 мамандық бойынша  сәйкестік деңгейін дәлелдеді.  Өткен жылдан бастап Қытай Халық  Республикасының Үрімші қаласындағы  Шинжиян медициналық университетімен  халықаралық байланыс орнатылды.  Мақсат – екіжақты бірлескен  білім жетілдіру курстарын ұйымдастырып,  шеберлік сыныптарын өткізу.  
– Іс тетігін маманның шешетіні белгілі.  Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін даярлайтын ұстаздар құрамына тоқталыңызшы. Оқытушылардың білімін жетілдірудің қандай жолдары қарастырылған? 
– Қазіргі таңда ұжымда 67   оқытушы бар. Оның 53 пайызы жоғары білімді және бірінші санаттағылар. Педагогтар саны – 32, дәрігерлер – 35. Көптеген оқытушылар «ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі» және «Білім үздіктері» атағына ие. Жыл сайын колледж оқытушылары оқу жоспарына сәйкес әдістемелік бағдарламалар, көмекші оқулықтар, дидактикалық  материалдар құрастырып,  шығарып отырады. Оқытушылардың біліктілік  дәрежесін көтеруге мол мүмкіндік жасалған. Осының нәтижесінде «Жыл маманы – 2015» ұлттық сертификатымен Алтынай Құмарова, «Білім шыңы» төсбелгісімен Айгүл Кульчикова,  Гүлшат Қадірова, Қалиман  Ташкеева, Нұрсәуле  Каримова, Елена Тиникова  марапатталды. Сондай-ақ, шама-шарқымызға қарай жас отбасыларды, мамандарды жатақханамен қамтамасыз етеміз. Биыл жас маман Асқар Қайыров баспаналы болды.  
– Бүгінгі таңдағы оқу бағдарламасы көңіліңізден шыға ма? Көпжылдық оқыту тәжірибеңізде кездесіп келе жатқан келеңсіз жайттар  болса ашық айтсаңыз.
– Оқу құралдарын аударғанда мәтіннің мағынасына мән берілмеген. Аударма дұрыс емес. Қазақ тобының балалары кітаптағы сөздің негізгі ұғымын жете түсіне алмай қиналады. Қазақтың тілі бай. Айтар ойды жеткізу үшін керек  сөзді орынды пайдалану керек еді. Аудармашылар сөздікті  дұрыс пайдаланбаған.  Сөйлемді аударғанда мағынасына қарамай сөзбе-сөз аудара  берген.  Әдеби тілді айтпағанның өзінде, сөйлемнің басы мен соңы екі түрлі ойды айтып тұрады.  Сондай-ақ, ортақ  медициналық терминге айналып кеткен гипертония – қанқысымының көтерілуі, анемия – қаназдық, протез – жасанды мүше, кариес – тісжегі  сөздерін   қалыптасқан медициналық  термин бойынша   айта берсек  болар еді. Мамандардың нақтамасында сырқат аты  медицина тілімен жазылғаны кім-кімге де тиімді.  Латын тілінде қалыптасқан жазылу үлгісі де бар.  Бұл менің ғана емес, жалпы медициналық оқу орындары мен мамандардың қозғап жүрген мәселесі. 
– Білімгерлердің құрамына тоқтала кетіңізші.  Оқу орнында қалалықтар басым ба, жоқ ауыл балалары көп оқи ма?  Орта буын медицина мамандығын меңгеруге ұлдар бейім бе, жоқ қыздар ма? 
– Бүгінде колледж қабырғасында 1091 білімгер дәріс  алуда. Оның ішінде мемлекеттік тілде 775, орыс тілінде білім алушылар 316, ақысыз бөлімде 457 білімгер оқиды.  Бізде оқып  жатқан балалардың 80 пайызы ауыл балалары. Сондықтан, бірінші курста олардың қалаға қалыптасуына, ортаға үйренуіне мол мүмкіндік жасаймыз. Топ жетекшілеріне де солай талап қоямыз. Ұл-қыздарды мәдени ошақтарды аралатып,  бос уақытын тиімді пайдалануға үйретеміз. Спорттық секцияларымыз бар. Оқу орнының волейбол, баскетбол командалары  қаладағы оқу орындары командаларының арасында  жеңімпаздар қатарында.  Жаңадан келген білімгерлерді бірден салауатты өмір салтына бейімдейміз. Олардың бей-берекет жүрмеуіне,  денсаулығын күтуіне жағдай жасаймыз. Сабақтан  тыс уақытта білімгерлердің  сүйікті ісімен шұғылдануы үшін әртүрлі үйірмелер: интеллектуалды клуб, шылым шегуге қарсы орталық, би, домбыра үйретушілер жұмыс жасайды.  Тағы бір қуанатын жағдай, соңғы жылдары білімгерлеріміздің 30 пайызын ұлдар құрады. Бұрын қыздар көп келетін бізге.  Ұстаздық тәжірибемде бір байқағаным, ұл балалар емдеуге,  сырқаттың  салдарын жан-жақты ойлауға қыздардан гөрі бейім. Бозбалалардың көбінде туа біткен емшілік қасиет байқалады.  Мысалы, «Менің жүрегім қағады. Себебі не?» – деген сұрақ қойдым бірге оқитын  ұл мен қызға. Қыз:  «Жүректі тексерту керек.  Электрокардиограмма жасатыңыз», – деп тоқтады. Ал ұл:  «Жүрегіңіз қақса, қан айналым дұрыс емес.  Қан тамырлары тарылған, ішіне қақ жиналуы мүмкін немесе қаныңыз қоюланған», – деп  себебін кеңінен ойлап айтты. Содан кейін жүзіме барлай қарап тұрып:  «Басыңыз ауырмай ма?  Тез шаршап қалмайсыз ба? Сізде қан  айналым дұрыс емес, оттегі  дұрыс жеткізілмейді-ау, шамасы», – деген топшылауды естігенде риза болдым.  Шындығында  қан айналым – ағза жасушаларын оттек, су, белок, көмірсу, май, минералдық заттар және  дәрумендермен жабдықтайды.  Ұлдардың адам емдеуде кеңінен ойлайтындығын бұрын да байқайтынмын. Болаттың жауабынан кейін оған  көзім жете түсті. Сондықтан, медицинаға ұлдардың келіп жатқаны жақсылықтың нышаны. 
– «Көргені жақсы  көш бастайды» деген нақыл бар. Сіздің қоғам өмірімен біте қайнасып кеткеніңізді жақсы білеміз.  «Қазақстан Республикасы Денсаулық  сақтау ісінің үздігі»,  облыстың Құрметті азаматы деген атағыңыз бар. Тектілік адамға әкенің қаны, ананың сүтімен беріледі. Анаңыздың біздің әріптесіміз болғанынан да хабардармыз.  Әке-шешеңіз жайлы да естелік айтсаңыз. 
– Әкем  Максим мәдениет саласында  еңбек еткен.  Анам  Майра облыстық радиода қызмет істеген. Дара дауысты адам еді.  Жай сөйлегеннің өзінде мәнерлеп, жарқын, ашық  дауыспен  сөйлейтін.  Таң алакеуімдене эфирге шығуға  аттанып, кешке эфирді жауып үйге бірақ келетін. Сол кісілердің еңбекқорлығын, өзіне берілген тапсырманы  бұлжытпай орындайтын жауапкершілікті үйрендік.  Жазушы-журналистердің  өнегелі өмірлері көз алдымызда өтті.  Солардың бойындағы елжандылық,  адамдық қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Бүгінде еңбек етіп жүргенде  ата-анамыздың тәрбиесін естен шығармаймын.  Қызметке маман алғанда да  медицина мамандығын білетіндігіне және адамдық қасиетіне  ерекше көңіл аударамын.  Маман қасындағы  әріптестерімен сыйласа білуі қажет. Ұжымдағы бірлікті, еңбекті бір-бірімен ұштастыра білгені жөн.  Әкем: «Ешкімнің ала жібін аттама.  Өзіңнің күшіңе сен. Абыройлы бол!  Қолыңнан келген көмегіңді ел-жұрттан аяма.  Қызмет кетеді, адамның қызыл беті қалады», – дегенді жиі айтатын. Әке-шешенің ұстанымы бізге ұран болып қалды. Ата-анамның тәрбиесі өміріме  темірқазық болып жол көрсетіп келеді. 
– Кезінде колледжден білім алып, бірақ отбасы немесе әлеуметтік жағдайға байланысты  жұмыс істей алмай қалған мамандардың қызмет істеуіне қандай жағдай жасалған?   Білімін қайта  жетілдіре ала ма?  
– Бізде орта білімді медициналық және фармацевтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру, даярлау және қайта даярлау бөлімі бар. Мұнда денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін және медицина өтілінде ұзақ үзіліс болған қызметкерлерді «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында  оқытамыз. 
Әсіресе, тоқырау жылдарында  нарыққа кетіп қалғандар кейіннен қайтып келді.  Олар үшін арнайы курс аштық.  Жиырма күндей қайта даярлаудан өтеді.  Мамандар сол уақыт ішінде  бұрынғы мамандарды қайта дайындықтан өткізеді.  Жаңа медициналық құрылғылармен таныстырады.  Дәрі-дәрмектің  кейінгі шыққан түрлерін таныстырады. Содан кейін медицинаны бақылау департаментінде сынақ тапсырады. Екі мекеме рұқсат берген соң денсаулық сақтау саласындағы жұмысына араласады. 
– Отбасылы адамдар жұмыс істей жүріп  білім алуға талпыныс жасайды. Олар үшін кешкі мектеп бар ма? 
– Кешкі мектеп, сырттай оқу деген негізінде медицина мамандығында жоқ.  Оның бірден-бір себебі, мамандықтың жауаптылығына тікелей байланысты.  Оқу мен тәжірибені күн сайын, сағат сайын шыңдайтын біздің дәрігерлік жүйеде босаңсуға жол берілмейді.  Сондықтан күндізгі, іштей негізде ғана білім береміз. Бірақ медицина мекемелерінде  санитар болып жұмыс істеп жүргендер орта буын мамандық алғысы келетіндіктері жөнінде өтініш жасаған еді. Сондықтан, оларға арнап екінші  ауысымда, яғни, түстен кейін білім алуларына мүмкіндік туғыздық. Тәжірибемнен байқағаным, медициналық санитарлардың мамандықты меңгеруге деген құлшынысы жоғары.  Бар ынтасын салады. Әлде  сол салада жүргендіктен бе,  үйреткенді тез қабылдап, ем-дом жасауды меңгеруге деген талпынысы жоғары. Жұмыс істеп жүрсе де  күш-қуатын сала оқиды. 
– Сіздерде зағип балалар да оқытылады деп естіп едік. Олар қандай мамандық бойынша дәріс алады?  Жалпы  әлеуметтік көмекке зәру балалар бар ма оқу орнында?
– Иә, жыл сайын көзі көрмейтін 7 баланы қабылдап, оқытып жатырмыз. Олар емдік уқалау (массаж)  жасауды үйренуде.  Биыл тағы 7 білімгер қабылдадық.  Ұстаздар 14  маманды тәрбиелеуде.  Колледжде  21 жетім бала  есепте тұр. Олардың ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі, жатақханада тұруын ойластырып қойғанбыз. Барлық бала бақытты болуға лайық. Топ жетекшілеріне  қамқорлықты қажет ететін балалардың жағдайын үнемі назарда ұстауды тапсырамын.  Колледжде өтетін барлық шараға балалар бірдей қатыстырылады.  Оқу орнымыздың табалдырығын аттаған барлық баланы  шамамыз келгенше өмірге бейімдеп, қанаттандырып, азамат қылып аттандыруға күш саламыз. Балалар жақсы оқып,  колледж  намысы үшін белсенділік танытып жатса оқуға төлейтін қаржысын азайтамыз. Бірінші курсқа келген сарыауыз, әлжуаз ұл-қыздарды  көргенде: «Ойпырым-ай, мына бала қалай адам болады екен?» – деп  таңданатын кездерім де болатынын жасырмаймын. Жоқ, соңғы курсқа барғанда әлгі «балапан» кәдімгі бозбала мен бойжеткен болып, бой түзеп шыға келеді. Есейген, өзіне сенімді маманның қалыптасқанын көріп, қуанып қаламыз. Әсіресе, ағайын-туғанның  аманатын арқалап келген ауыл балалары бір-бір маман болып шықса, аман-есен оқуын бітірсе екен деген ой тұрады көкейімде. Әсіресе,  әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін балалардың қатарластарымен тең жүргені, еңбегінің жанғаны біз үшін қуаныш.
– Өңірдегі  медициналық мамандыққа бейімдейтін оқу орнының білім сапасы жоғары. Болашақта заманауи жаңалықтарды қабылдау мен  денсаулықты сақтаудағы озық үлгілерді тәжірибеге енгізу барысындағы   жоспарларыңызбен бөліссеңіз. 
– Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші?! Соңғы жылдары өзім оқытқан білімгерлерім колледжге балаларын  оқуға әкеле бастады. Келіп сәлем береді.  Осы мамандықты меңгергендіктің арқасында  ел алдында абыройы артып, бала-шаға өсіріп жатқандығын айтады. Ұл-қыздарын да халық денсаулығы үшін еңбек етуге баулығысы келетінін жеткізеді.  Өзіміз оқытқан мамандардың шыққан биігін естіп, біліп марқайып қаламыз. Әрине, заман көшіне ілесу міндет. Сондықтан соңғы жаңалықтарды уақытында меңгеріп, үйренуге тырысамыз. Мысалы, алдағы уақытта  медицина мамандары мен қайта даярлау курсын өтіп жатқан медицина қызметкерлері бақылау емтихандарын заманауи оқу орталығында тапсыратын болады. Олар өз білімдерін тәжірибе жүзінде төрт клиникалық станцияда  дәлелдейді. Емтихан бейне және дыбыстық жазу жүйесі бар арнайы кабинеттерде жүргізілетін болады. Болашақ маман белгілі бір уақыт аралығында науқасты толығымен тексеріп, оған қажетті көмекті көрсетуі тиіс. Сынақтан өтушіге бекітілген өлшеу-бақылау блогынан өз әрекетінің нәтижесін көріп отырады. Блоктағы мәліметтер Wi-Fi желісі арқылы теледидарға беріліп, үрдісті бақылап отырған нұсқаушы сынақтан өтушінің іс-әрекетін бірден бағалай алады.  Оқытуда  медициналық білім берудің мемлекеттік стандартының талабына сәйкес бағдарламалар қайта қаралып, біздің аймаққа тән өзекті мәселелермен толықтырылып отырады. Білім беруде  заман талабына сай оқу-әдістемелік жинақтар құру, дәрістің сапасын көтеруге қажетті медициналық құрылғыларды кезең-кезеңімен алып, жетілдіре бермекшіміз.  Оқу орнындағы басты ұстаным – білім сапасын арттырып, жастардың  бос уақытын тиімді пайдалану. Тәртіп бар жерде жетістік те болатыны белгілі.  Сондықтан,  ұстаздар мен болашақ мамандардың  өз ісіне, міндетіне жауапкершілік танытуын қадағалау басты мәселе болып қала бермек. Аталмыш мекемені басқарған жиырма жылда оқу орнымен біте қайнасып кеттім. Балалардың білім алуы мен медициналық көмекті жандандыруға байланысты жоспарлар көп. Оның бәрін кезең-кезеңімен іске асырып отырамыз.  Халық игілігі үшін еткен еңбегіміз жемісін беріп, ақталып жатыр.  Шыққан тауымыздың биік болуы үшін  ел алдындағы міндетімізді  әлі де  тың күшпен атқара бермекпіз!
– Әңгімеңізге рахмет. Маман тәрбиелеудегі ізгілікті істеріңізге сәттілік тілейміз!


Сұхбаттасқан
Гүлжан ТҰРСЫН.

Оқи отырыңыз