Таңғы нәсіп Тәңірден

Таңғы нәсіп Тәңірден

Таңғы нәсіп Тәңірден

Теңіз тамшыдан құралады.   Еліміз тұрғындарының саны жер-жердегі  жаңа туған сәбилермен және  сырттан көшіп келіп жатқан қандастарымызбен толығып келеді.  Қазақстандағы жайлылық пен тыныштық жерімізге қоныс аударушылар қатарының өсуіне негіз болуда.  Оның ішінде біздің облысқа  келушілер легі толастар емес. Бірден-бір себеп – өлке табиғатының саф ауасы мен өмір сүруге жайлылығында. Сондай-ақ, кәсіпкерлік пен мал шаруашылығын жандандыруға қолайлы. 

  Облыс  тұрғындарының саны  республика бойынша  Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін екінші орында.   Шымкенттіктердің қарасы   биыл 2 788 653 адамға жетсе, біздің облыс тұрғындары  1941,5 адамды құрайды.  Негізінде кәрі-жасымыз бар қарамыз екі миллионнан асқан еді. Бірақ,  Талғар, Қарасай, Іле аудандарының біраз бөлігін  Алматы қаласына  қосқандықтан, сол аймақта  тұратын  адамдар да   шаһар  тұрғындарының қатарына кіріп  кетті.   Облыс халқының қалада мекен ететіндерінің саны   450 мың адам болса, ауылдық жердегілер  1494-ді  құрайды.  Яғни, өлке тұрғындарының сексен пайызы орталықтан  шалғайдағы елді мекенде өсіп-өнуде.  Қалған жиырма пайызы тас қаланың тұрғындары.

Мақала демографияны зерттеу тұрғысында болғандықтан  аймақта тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың пайыз саны мен өсіп-өнуіне  сараптама жасап көрелік.  Облыста мекен ететін халықтың 70 пайызы қазақтар, 15,2 пайызы орыстар, 7, 86 пайызы ұйғырлар,  0,23 пайызы өзбектер және 0,26 пайызын украиндар құрайды. 

        Деректерге көз салсақ, облысымызда  туу деңгейі тарихи оқиғаларға байланысты толқып отырған. Соғысқа дейін аймақтағы туу саны  1000 адамға шаққанда 42,6 пайызды құраған.  Содан кейінгі жылдары дүниеге сәби әкелу кәдімгідей төмендеген. Ол, әрине, соғыстың салдары.  Елуінші жылдардан бастап туу көрсеткіші  қайта өсе бастаған. Ал, тоқсаныншы жылдары  бала туу деңгейі көп төмендеген. Дүниеге сәби әкелуді шектеу  елдегі   тоқыраумен байланысты еді. Экономикалық жағдайдың төмендеуі, жұмыссыздық  ертеңгі күнге деген сенімді азайтты. Бала өсірмек түгіл  өз басыңды асырау мұңға айналды.  Сол кезде  бір жылда 39,6 мың сәби  жарық  дүние есігін ашқан.  Өсім  екі мың оныншы жылдары  қайтадан жақсарып, бір жылда туған ұл мен қыз 48,3 мыңды құраған.  Ел еңсе көтеріп, бесік той тойлау үрдісі қайта салтанат құрды. Қала мен дала гүлденіп, әлеуметтік жағдай түзелгелі  шақалақтар саны арта түсті. Бірақ, былтырдан бері қайтадан бала санын шектеу байқалады.

  Ал енді соңғы екі жылдың көрсеткішіне көңіл аударып көрелік. Мысалы,  бала туу облыс бойынша 2014-те 41400-ді құраса,  былтыр  40751-ге  жетіп тоқтаған.   Шарана саны 650-ге азайған.  Мұны мамандар әлем экономикасындағы дағдарыспен байланыстырады.  Әзірге жағдайымыз қалыпты болғанымен, ертеңгі күніміз қалай болады деген қорқыныш салқыны  ұрпақ санын көбейтуге өз әсерін тигізген болу керек.  Біздің санамызда  баланың санын көбейте бергенше сапасына көңіл бөлейік деген ой қалыптасқан.  Дүниеге әкеліп алып, оқыта алмасақ,  керек-жарағын тауып бере алмасақ, ол бір сор деген қорқыныш та жоқ емес. Ал, өзбектер мен ұйғырлардың  күн санап емес, сағат санап көбеюі қазекемнің «бір тоқты туса, бір түп жусан  артық өседі» деген  қағидасын берік ұстағандай. Мысалы, соңғы жылдардағы облыс бойынша  «Алтын алқа» таққандардың  көпшілігін Ұйғыр ауданындағы  аналар құрайды.  Олардың ішкі есебіне ден қойып қарасаңыз, ұл-қызының көбеюін негізгі орынға қояды.  Қарап тұрсаңыз, алдыңғысы өзінен кейінгісін бағып-қағып, киіндіріп, жуындырып, үпір-шүпір өсе береді.   Бәрі бірдей білім қумаса да әйтеуір күндерін көріп кетеді. Өмірде  көлік жүргізуші мен аспазшы да керек емес пе? Ал біз бәрі оқып, қол қоятын қызмет атқарып,  төбесінен  күн түспейтін, басынан құс ұшпайтын жерде  жүрсе дейміз. Осылайша, қарамыздың көбеюін шектеп қоямыз.  Бізге де  «Алланың бергенін дүниеге әкеле берейік, аман болса бір жерден шығар», – деген түсінік қалыптастыру керек. Әйтпесе, елдің басына  аз ғана қиындық туса  қандастарымыз дүниеге сәби әкелуді шектей қояды екен.  Оны демографияны зерттеушілер айтып отыр.

  Облыстағы бала туу деңгейін зерттеу барысында  бірнеше мекеменің мәліметіне үңілуге тура келді.  Демографиялық жағдайды  статистика агенттігі  жан-жақты қадағалап отырады. Олардың  мәліметіне көз салсақ, дүниеге сәби әкелушілердің негізі отыз жасқа  дейінгілер.  Былтырғы қатарымызды көбейткен  нәрестелердің  16751-і осы жастағылардың отбасында туыпты. Яғни, әр нәрсе өз уақытында. Репродуктивті жастағылардың  уақыты келген соң отбасын құрып, ұрпақ өсіруге ден қойғандары жөн. Көрсеткіштерге көз салғанда тағы бір қызық мәліметке  кезіктік.  Оқырман қауымды  бұл жаймен де таныстырып өтуді жөн көрдік.  Соңғы бес жылда  дүниеге ұл балалардың келуі артқан. Осы уақыт аралығында  «ат ұстарлар»   23424-тен 25881-ге жеткен. Ал болашақта ұлттың анасы болар  нәзік жандылар саны  22151-ден 24202-ге өскен.  Сондай-ақ некеге  тұру көбейіп келеді. Өткен жылы   17256 некелесу тіркелген. Отбасын құрғандардың дені  жиырма мен жиырма тоғыз жас аралығындағылар.  Бір әттеген-айы  ажырасушылардың көрсеткіші де азаймай тұр. Бұл қжағдайды бастан өткерушілер әәйелдердегі сияқты ерлерде де ң репродуктивті  жаспен тұспа-тұс келді. Сондай-ақ, үш жүзге тарта отбасы сәби сүймей жатып ажырасқан.   Өмір болған соң өлім де бірге жүреді.  Дүниеден өткендердің ішінде  қылшылдаған жастардың да бары жанды ауыртады.   

Қайтыс болудың себебін саралап көрсек, былтырғы жылы қайғылы жағдайға ұшырағандардың  3035-і қан айналым жүйесі сырқатынан, 1513-і тыныс органдары ауруынан, 1367 адам қатерлі ісіктен, 109 адам жұқпалы індеттен, 48-і туберкулезден көз жұмған.       Статистикалық мәліметке көз салар болсақ,  биылға дейін   өңірімізде тұрғылықты  халық саны еселеп  артқан.  Көбеюімізге   көші-қон да оңды әсер етіп келеді. Тоқсаныншы жылдардың басында басталған  керуен  көш соңғы екі-үш жылға дейін тоқтаусыз ағылды. Қытай, Моңғол, Иран, Түркия елдерінен көшіп келген қандастарымыз  қарамызды көбейтіп, тарихи Отанына қайта сіңісіп үлгерді. Халықтың  көші-қонын есептеушілердің  құжаттарын ақтарып көргенде  2014 жылғы деректердің  толыққандылығына көз жеткіздік.   Мамандар жүргізген санаққа көз салып көрелік.   Осы жылы облысқа барлығы 39599 адам көшіп келген.  Соның 33541-і қазақтар, 3103-і орыстар, 265-і татарлар, 193-і әзірбайжандар.  Облысқа келіп қоныстанушылардың екі мың жарымы шет  елдерден келген. Қалғандары облыс, қалааралық орын ауыстыруларды құрайды.  Деректе көшіп келушілер мен қатар  кетушілердің де  тізбегі бар. Оның себебін, статистика басқармасы мамандары  жұмыс барысында орын ауыстырумен, басқа ұлт өкілдерінің тарихи  отанына көшуімен түсіндіреді. Тағы бір ерекшелік, көші-қонға қатысқан әйелдер саны ерлерден көп.

   Міне, бүгінгі таңдағы облыс демографиясының дерекке сүйенгендегі кескін-келбеті осындай.  Жеріміздің кеңдігі мен жайлылығын, шексіз байлығын ескерсек, көбеюімізге негіз жетерлік. Тек қорқақтамай,  әр баланың несібесінің Тәңірден берілетініне сенген жөн.

Гүлжан Тұрсын

 

 

Оқи отырыңыз