Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз не?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз не?

Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасына сай  қолға  алынған Ұлт Жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамның» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. 

Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Дамыған елдердің көпшілігі оны денсаулық сақтау саласында қолданып, нәтижесін көріп отыр. Мұнда арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуға болады.
Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондықтан да денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала ойластыру қашанда оң нәтиже бермек. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген жағдайларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұл мәселеге мемлекет және жұмыс беруші де белсенді араласпақ.
Мысалы, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Сондай-ақ, еңбеккер азаматтар өз жалақыларынан мақсатты салымдар аударады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.
Міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады.
Ал екінші түрі – міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын сақтандыру болады деп көзделуде. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға 2020 жылға дейін амбулаторлық-емханалық қызметті бюджет есебінен тегін көрсету де қарастырылған. Сондай-ақ, заңға сәйкес азаматтар жеке басына арналған, өз қаражаты негізінде немесе жұмыс берушінің қаражатына жасалатын сақтандыру түрлерін де жасай алады. МӘМС-ды енгізумен  ішкі жалпы өнімнен денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығын пайызы өседі, бұл медициналық қызметтердің жоғары сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Қаржыландыру көздерінің әртараптандырылуы және қаржыландыру мөлшерінің көбеюі Экономикалық ынтымақтастық және дамыған елдердің деңгейіне жету бойынша жүргізілетін нақты іс-әрекеттермен жалпы мақсаттарды нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, азаматтардың жеке шығындары азаяды. Мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасауда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни, қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар мен ҰОС ардагерлері және мүгедектерге мемлекет тарапынан төлемдер жасалады. Сонымен қатар, жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген, т.б. азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған. Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұрса болғаны.
Бір жағынан осы жүйе арқылы жекеменшік ауруханалар мен мемлекеттік ауруханалар арасында бәсекелестік орнайтыны рас. Себебі, медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемені таңдай алады. Тек сол мекеме МӘМС жүйесінде жұмыс жасауы қажет. Осы арқылы жекеменшік ауруханалардың қызмет көрсетуі қалай болса, өзіне емделушілердің келуі үшін мемлекеттік ауруханалар да қызмет сапасын арттыратын болады. 
Сонымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтардың денсаулықтарын  сақтау бойынша ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ететін жүйе болып табылады.

Өздеріңізді толғандыратын  сұрақтар бойынша мына  телефонға хабарласуға болады:
88000808828

Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы

Биылдан бастап  мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Медициналық сақтандыру қорында жиналған қаражат  ел тұрғындарының тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Осы орайда халықтан көптеген сұрақ келіп түскен еді.  Көкейкесті сұрақтарға берілген жауаптарды  жариялап отырмыз.

1. Сұрақ:  – Ел азаматы ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘлМС) енгізуден мен не аламын?
– Біріншіден, ҚР аумағында Сіз таңдаған кез келген емханадағы медициналық көмекті, емхананың шығыстарын толығымен Қор өтейді. Екіншіден, ТМККК және МӘлМС пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатыласыз. Үшіншіден, Сізге елдің кез келген дәріханасында ұсынатын, құрамы бойынша кеңейтілген және жақсартылған дәрілік заттардың тізбесіне толық қолжетімділік (Қорда фармацевтикалық қызметтердің жеткізушілері ретінде тіркелген). Төртіншіден, ӘлМСҚ-да Сіздің пайдаңызға аударылған салымдар және медициналық ұйымдарда Сізге көрсетілген қызметтер туралы ай сайынғы ақпаратты алу мүмкіндігі. Бесіншіден, сапасыз қызмет көрсетілсе немесе МӘлМС қатысушысы ретінде  құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Қор арқылы өз құқықтарыңызды және мүдделеріңізді қорғай аласыз. 
2. Сұрақ: – 1996–1998 жылдардағы ММСҚ-ның жұмыс тәжірибесі біздің есімізде. Осындай жағдай қазір де қайталанбайтынына кепілдік бар ма? 
– Қоғамда жүзеге асырылатын кез келген өзгерістердің өз жағымды және жағымсыз жақтары бар. 1996-1998 жылдарда сақтандыру медицинасын құру тәжірибесін сын көзбен ғана қабылдауға болмайды, оның сөзсіз жақсы жақтары бар. Бұл реформаның ең басты нәтижесі, экономикадан қосымша қаражатты тарту есебінен денсаулық сақтау жүйесі объектілерінің желісін және медициналық көмектің барлық ел халқына қолжетімділігін сақтау болып табылады. Мысалы, осындай мамандандырылған бағдарламаның болмауы балалар мектепке дейінгі мекемелерін жекешелендіруге әкеп соқты, оның салдары осы күнге дейін сезіледі. Одан басқа, 90-шы жылдардағы экономикалық шындықтар ағымдағы жағдаймен салыстыруға келмейді.  20 жыл бұрын көптеген кәсіпорындардың күрделі қаржылық қиыншылықтарға тап келгені бәріміздің есімізде. Олардың көбі банкротқа ұшыраған, еңбекақы бойынша үлкен қарыздары болған. Медициналық сақтандыру қорына қаржы аудармауға экономикалық дағдарыс негіз болды. Қордың жағдайы экономикалық белсенді емес халық үшін тұрақты аударымдарды қамтамасыз етуге жауапты жергілікті атқарушы органдардың да қиын жағдайына  байланысты күшейе түсті. Бүгінгі таңда біз экономикадағы жұмыспен қамтудың елеулі өсімін белгілейміз. Отандық кәсіпорындарда 6,5 млн.-нан астам жалданған жұмыскерлер еңбек етуде, ай сайын жұмыс берушілер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 53 млрд. теңге және өз жұмыскерлерінің пайдасына Әлеуметтік сақтандыру қорына 23 млрд. теңге аударады. Белсенді емес халық үшін ӘлМСҚ-а салымдарды төлеу бойынша міндеттемелерді мемлекет өз мойнына алатынын атап өткен жөн. 
Осының барлығы, жалпы, енгізіліп отырған медициналық сақтандыру жүйесінің тұрақты қызмет етуінің алғышарттарын қалыптастырады.
3. Сұрақ: – МӘлМС енгізу медициналық қызметкерлердің ақшалай «ризашылығын» шешуге қалай көмектеседі?
– Қазір біліктілігі, тәжірибесі, дағдылары мен білімдеріне қарамай, маман-дәрігерлер бірдей еңбекақы  алады. МӘлМС жағдайында пациенттердің өздері таңдаған дәрігерлер көрсетілетін қызметтердің көлемі мен сапасына сәйкес (немесе адекватты)  еңбекақыға ие болады. Азаматтар жарналарды аудара отырып, өз госпитализациялары немесе емханаға ақша аударады. Осыған байланысты, жүйенің қатысушылары, МӘлМС жүйесі белгілеген жарналардан басқа қосымша төлемдерді жүзеге асырмауға тиіс. Осылайша, сақтандыру медицинасының дамуымен медициналық көмекке бейресми төлемдердің проблемасы өзінің өзектілігін жояды. 
4. Сұрақ: – Мен үш баланың анасымын, ажырасқанмын, ресми түрде жұмыс істемеймін, алимент алмаймын, қосымша табыстар болып тұрады. МӘлМС-пен не істеймін?
– Біріншіден, Сіздің балаларыңыз үшін 18 жасқа дейін мемлекет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына салымдар енгізеді.  Екіншіден, егер Сіз жұмыс істемесеңіз және 3 жасқа дейінгі баланы күтумен айналыссаңыз, онда мемлекет сол кезеңге Сіз үшін де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды төлеуді жүзеге асырады. Басқа жағдайларда медициналық көмек алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін Сізге: а) Тұрғылықты орын бойынша жұмыспен қамту орталығына хабарласуыңыз қажет. Ол жерде сіздің біліктілігіңіз бен жұмыс тәжірибеңізге сәйкес жұмысқа орналасу нұсқаларын ұсынады. Егер ұсынылған нұсқалар жарамаса, онда Сіз жұмыссыз мәртебесін аласыз және бұл жағдайда мемлекет белгіленген уақыт ішінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Сіз үшін салымдар төлеу бойынша міндеттемені өз мойнына алады.  б) Салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелесіз және Сіз мәлімдеген табыстың немесе табыс болмаған жағдайда 2 минимальді еңбекақы төлемінің 5%-ы көлемінде салымдар жасауға болады. в) Егер Сізге алдындағы екі нұсқалар жарамаса, онда Сізге өз бетінше екінші деңгейдегі банктер арқылы төменгі еңбекақы төлемінің 5%-ы көлемінде Медициналық сақтандыру қорына салымдар жасауға болады.
5. Сұрақ: – Республиканың барлық аумағы бойынша сақтандырылған азаматтарға, мысалы, іссапарға жіберілген, демалыстағы адамдарға медициналық қызметтер көрсетіле ме? Әлде тек тіркелген тұрғылықты орын бойынша ма?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘлМС) пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер, сақтандырылған азаматтың орналасқан жерінен тәуелсіз, Қазақстан Республикасының барлық аумағында көрсетіледі. 
6. Сұрақ: – Маусымдық жұмыстарда немесе тұрақсыз сипаттағы жұмыстарда істейтін азаматтар үшін олардың табыстары қалай есептеледі? 
– Жұмыс істеу кезеңінде азаматтан алынған табыстан аударады, ал жұмыс жоқ кезеңде немесе  ТЕТ 5%-ы көлемінде өз бетінше аударады немесе тұрғылықты орны бойынша Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде хабарласуға тиіс. Бұл жағдайда оның орнына жарналарды мемлекет аударады.
7. Сұрақ: – ҚР-да жұмыс істейтін шетелдіктер, еңбекші мигранттарға медициналық көмек қалай қамтамасыз етіледі? 
– Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 2-бап 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ, оралмандар, егер басқасы қолданыстағы заңмен көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей құқықтарды қолданады және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде міндеттемелерді атқарады. Еңбекші мигранттарға медициналық көмек мемлекетаралық келісімдер шеңберінде көрсетіледі. Мысалы, Еуразиялық кеңістіктің бес елінің (Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларус) аумағында жедел және шұғыл медициналық көмек тегін негізде көрсетіледі. Егер мұндай келісімдер болмаса, онда еңбекші мигранттар ҚМС шеңберінде және ортаға қауіп төндіретін аурулар кезінде тегін медициналық көмек алады.
8. Сұрақ: – Жұмыссыздарға, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандарға және елдің экономикалық белсенді емес халқының басқа да санатына медициналық көмек қалай қамтамасыз етіледі? Елімізде олар қанша?    
– Статистикалық деректер бойынша, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандардың саны ҚР-да қазіргі таңда 500 мыңнан астам адамды құрайды. Бұл халық санаты 2020 жылға дейін, жоспарлық госпитализациялау, яғни адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнбейтін жағдайлардан басқа барлық медициналық қызмет пакетін алады. 
Сонымен қатар, аталған халық санатына мүмкіндік ұсынылады:
а) Тұрғылықты орын бойынша жұмыспен қамту орталығына хабарласуыңыз қажет, ол жерде сіздің біліктілігіңіз бен жұмыс тәжірибеңізге сәйкес жұмысқа орналасу нұсқаларын ұсынады. Егер ұсынылған нұсқалар жарамаса, онда Сіз жұмыссыз мәртебесін аласыз және бұл жағдайда мемлекет белгіленген уақыт ішінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Сіз үшін салымдар төлеу бойынша міндеттемені өз мойнына алады.  
б) Салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеле аласыз және Сіз мәлімдеген табыстың немесе табыс болмаған жағдайда 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап  2 төменгі еңбекақы төлемінің 5%-ы көлемінде салымдар жасауға болады. 
в) Егер Сізге алдындағы екі нұсқа жарамаса, онда Сізге өз бетінше екінші деңгейдегі банктер арқылы төменгі еңбекақы төлемінің 5%-ы көлемінде 2018 жылдың 1 қаңтар айынан бастап Медициналық сақтандыру қорына салымдар жасауыңызға болады.                          
9. Сұрақ:  – МӘлМС кезінде төлемшінің өлімі жағдайында жиналған қаражатты туыстарына беру қарастырылған ба?
– Жоқ, қарастырылмаған, әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе болып табылмайды. Әрбір төлемші салымдарының сомасынан тәуелсіз, барлық халық санаттары медициналық қызметтерге бірдей рұқсат алады.
10. Сұрақ:  – МӘлМС шеңберінде АИТВ-инфекциясы: механизмі қандай, сақтандыру тізбесіне кіреді ме, қаржыландыру және т.б. (қаншалықты қозғалады)?
– АИТВ-инфекциясымен байланысты, әлеуметтік-маңызды аурулардың тізіміне кіретін медициналық қызметтермен қамтамасыз ету, тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде ұсынылады және сақтандыру пакетінің кеңеюіне байланысты Қорға беріледі. 
11. Сұрақ: – Неше жасқа дейінгі балалар ММС жүйесіне енгізетін салымдардан босатылатынын айтыңызшы?
– 18 жасқа дейінгі балалар, студенттер және жоғары оқу орындарының түлектері бітіргеннен кейін     6 айға дейін ӘлМСҚ-қа төлейтін салымдардан босатылады. 
12. Сұрақ: – МӘлМС шипажайлық-курорттық емдеу алуды қарастырады ма?    
– Жоқ, шипажайлық-курорттық емделу көзделмеген. Бірақ, ӘлМС шеңберінде, сақтандыру қаражаты есебінен бірқатар аурулар (инсульт, инфаркт, онкология, трансплантология) бойынша оңалту көмегін кеңейту болжануда.   
13. Сұрақ: – Қазақстанның медициналық сақтандыру қорымен аумақтық белгісі бойынша шарт жасаған медициналық ұйымдар туралы қайдан білуге болады?
– Медициналық сақтандыру қорының ресми порталында ӘлМСҚ-пен келісімшарт жасаған медициналық ұйымдардың тізбесі орналасады, сондай-ақ, қордың ақпараттық қызметтерінде ақпарат алуға болады. 
14. Сұрақ: – ӘлМСҚ-пен шартқа отырмаған коммерциялық емхананың дәрігері жазып берген дәрілік заттарға жұмсалған шығыстарды ӘлМСҚ өтей алады ма?
– Коммерциялық емхананың дәрігері жазып берген дәрілік заттарды ӘлМСҚ арқылы өтеу, Қор мен емхана арасында келісімшарт жасалған жағдайда болады.
15. Сұрақ: – Емханаларда ұйымдастырушылық техника жетіспейді, ал қолданыста бары ескірген, сондықтан анализге рецептті немесе жолдаманы 40 минуттай тосуға тура келеді (осындай жағдай 6 емханада бар). Оған қоса қабылдау графигі сақталмайды. Сонымен қатар медициналық персонал екі есептілікті жүргізуге мәжбүр – қағаз және электрондық. Нәтижесінде, салалық  маманға жету үшін алдымен терапевт кабинетінің жанында жарты күн тұру керек, одан кейін УДЗ немесе басқа да тексерулерге жету үшін тағы 2-3 апта күту керек. Осындай жағдайларда, ақылы дәрігерге қаражаты жоқ науқастар алтын уақыттарын жоғалтады, ауру келесі кезеңге көшеді. Бұл проблема медициналық сақтандыруға көшкен кезде шешіледі ме?
– Біріншіден, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жағдайында, медициналық қызметтерді көрсетуге арналған конкурсқа жұмыскерлерінің саны, техникалық жабдықталу және медициналық көмек ұйымының құрылымы белгіленген төменгі талаптарға (стандарттарға) сәйкес келетін медициналық ұйымдар ғана қатыса алады. Екіншіден, конкурсты тек сапалы медициналық қызмет көрсеткендер ғана жеңіске жете  алады. Ал ауылдық денсаулық сақтауға қатысты болса, онда оларға жалғыз қызметтерді жеткізушілер ретінде, ӘлМСҚ, ұсынылатын медициналық көмектің сапасын жыл сайын арттыру талаптарын қояды. Үшіншіден, 2018 жылдан бастап ауруханалар мен емханаларда техникалық қайта жабдықтау мүмкіндігі пайда болады, өйткені осы жылдан бастап Қор амортизациялық аударымдарға қаражат бөледі. Төртіншіден, қолданыстағы ақпараттық жүйе бүгінгі таңда қабылдауға E-GOV, медициналық ұйымдардың өз порталдары арқылы жазылуға мүмкіндік береді. МӘлМС енгізу сәтіне қарай барлық ұйымдардың МӘлМС-тің АТ-жүйелеріне рұқсаты болуы тиіс.
16. Сұрақ:  – Медициналық сақтандыру дәрігер жазып берген дәрілерге жұмсалған шығынның орнын толтырады ма және қандай аурулар жүз пайыз өтеледі?
– Мемлекет қазіргі кезде халыққа ұсынылатын тегін дәрілік заттардың тізімін анықтады. МӘлМС пакеті шеңберінде осы тізбе тек сақталып қана қоймай, сондай-ақ, бірқатар позициялар бойынша кеңейтіледі және жақсартылады. 
17. Сұрақ: ММС жүйесінде сақтандырылған адам республикадан тыс жерде тегін емделе алады ма?     
– Жоқ. Медициналық сақтандыру қоры тек Қазақстан Республикасында көрсетілген медициналық қызметтерге ғана төлейді.   
18. Сұрақ: – Жұмыс беруші ӘлМСҚ-қа мен үшін салым төлейтіні туралы өз бетінше қалай білуіме болады?    
– Егер ғаламторға кіруге мүмкіндігіңіз болса, онда Сіз, Медициналық сақтандыру қорынан сақтандыру салымдарының аударылуы туралы ақпаратты автоматты түрде жеке электрондық поштаңызға ала аласыз немесе жеке мәліметтеріңізді көрсете отырып, Қорға ресми түрде сұрау жібере аласыз.  Егер ғаламторға кіруге мүмкіндігіңіз болмаса, онда Медициналық сақтандыру қорындағы салымдар туралы Сіз бекітілген емханаға, МЗТО, ХҚҚО, аумақтық жұмыспен қамту орталықтарына хабарласып білуге болады, 
19. Сұрақ: – Егер мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандарға жатсам, менде уақытша табыстар болса және мен жұмыссыз ретінде тіркелмеген болсам, онда мен ӘлМСҚ-қа салымдар аударуға тиіспін бе, егер тиісті болсам, онда қайдан және қанша пайыз аудару керек?
– Егер Сіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатсаңыз, онда 2020 жылға дейін Сізге жоспарлық госпитализациялаудан басқа медициналық көмектің барлық пакеті ұсынылады. 
Біз Сізге жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді және мәлімдеген табыстан аударымдар жасауға немесе  жұмысқа орналасу болмаса жұмыссыз мәртебесін алу үшін жұмыспен қамту органдарына жүгінуді сондай-ақ, өз бетінше екінші деңгейдегі банктер арқылы ӘлМСҚ-қа МЖА-ның 5%-ы көлемінде 2018 жылдың 1 қаңтардан аударымдар жасауды ұсынамыз.  
20. Сұрақ: – Жұмыс орнын ауыстыру кезінде, жаңа жұмысқа ауысқанға дейін менде 1-2 ай үзіліс болды, МӘлМС шеңберіндегі медициналық қызметтер пакеті жұмыс істейді ме? 
– Ұсынылатын нормалар бойынша соңғы салым жасалған айдан бастап 3 айдың ішінде МӘлМС-те медициналық көмекке құқық сақталады, сонымен бірге 3 айға жасалатын салымдарды төлеу міндеттемесі (қарыз) сақталады.
21. Сұрақ: – Жеке зертханаға жүгінген кезде медициналық сақтандыру қоры менің анализ тапсыруға жұмсалған шығыстарымды төлейді ме?
– Қор зертхананың қызметтерін тікелей төлемейді. Бірақ, егер зертхананың емханамен жасалған келісімшарты болса, ал емхананың медициналық сақтандыру қорымен жасалған шарты болса, олар Сізге тегін болады.
22. Сұрақ: – Адам сақтандырылғаны туралы қалай білуге болады?    
– Егер Сіз жұмыскер болсаңыз, онда заңнамаға сәйкес жұмыс беруші ай сайын, келесі есепті айдың 15-жұлдызынан кешіктірмей Сізге есептелген (ұсталған) және аударылған салымдар және (немесе) жарналар туралы мәліметті ұсынуға міндетті. Сондай-ақ, бұл ақпаратты Қордың бөлімшелерінен, МЗТО, ХҚҚО, e-gov порталында және Сіз бекітілген емханаларда тексеруге болады. 
23. Сұрақ: – Қай уақыттан бастап адам МӘлМС жүйесінде сақтандырылған болып есептеледі – еңбек шартын жасаған кезде ме әлде жұмыс беруші бірінші салымды аударған кезінде ме?
– Медициналық сақтандыру қорына салымды аударған сәттен бастап.  
24. Сұрақ:  – Ерікті медициналық сақтандыру сақталады ма? Қызметтер МӘлМС-ке немесе ҚМС-ке қосарланады ма? 
– Ерікті медициналық сақтандыру жойылмайды. МӘлМС пакетіне кірмейтін бөлек медициналық қызмет түрлері ҚМС арқылы төлене алады, мысалы, ересектерге арналған стоматология, зиянды өндірістерде жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін міндетті мерзімді қаралу, шипажайлық-курорттық емдеулер және т.б. Барлығы жеке адамның немесе кәсіпорынның қалауы мен қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты. Жеке адам немесе кәсіпорын (ұжымдық шарт негізінде) МӘлМС пакетінде қызметтерді қосарланбайтын ҚМС қызметтер пакетін таңдай алады. 
25. Сұрақ:  – Науқас емханаға процедура кабинетіне, емдейтін дәрігер белгілеген процедураларды орындау үшін шприцтарды өз есебінен сатып алып, өзімен бірге әкелуге міндетті ме?
– Жоқ, Сіз ТМККК және МӘлМС шеңберінде медициналық көмек алсаңыз, олар медициналық ұйымдарда  болуға тиіс.
26. Сұрақ: – Мысалы, адам үшін мемлекет салым төледі, одан кейін ол өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санатына көшеді. Үзілістер немесе екі еселік сақтандыру болмай ма?
– Екі еселік сақтандыру мүмкін емес. Өйткені, Сіз мәртебені ауыстырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кезде, бұл ақпарат салық органдарында көрінеді және медициналық сақтандыру қорына түседі. Егер Сіз жұмыссыз болып, одан кейін мәртебеңізді ауыстырсаңыз, онда сәйкесінше мемлекет жарналарды төлеуді тоқтатады.
27. Сұрақ: – Азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек қалай көрсетіледі?
– «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтарды тең дәрежеде пайдаланады және міндеттерді атқарады. Заңның 26-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын 12 әлеуметтік жағынан осал санатты шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жарналар мемлекетпен төленбейді. Сонымен қатар, министрлікпен «ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша және әлеуметтік-еңбек саласы» бойынша Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын 12 әлеуметтік жағынан осал санатты шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қорға жарналарды мемлекеттің төлеуі туралы ұсыныстар енгізілуде. 
Сонымен қатар, Заңның 3-бабының 2-тармағына сәйкес, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылатынын атап өту керек.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ТМККК ұсынуға қатысты, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 88-бабының 5-тармағына сәйкес, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналадағылар үшін қауіп төндіретін қатты аурулары болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
«Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» ҚР Заңының 8-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан шетелдiктер әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын пайдаланады және солар сияқты мiндеткерлiкте болады. Осыған байланысты, ҚР аумағында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ҚР азаматтарымен әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесiндегі тең ахуалын ескере отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасының тұжырымдамасы арқылы, ұқсастығына қарай, ҚР азаматтарымен қатар оларға ТМККК алуда тең құқық беру ұсынылады.
28. Сұрақ: – Сақтандыру бойынша көрсетілетін медициналық көмекке егулер жатады ма?
– Профилактикалық егулер барлық ел азаматтарына арналған мемлекет кепілдік берген медициналық қызметтердің базалық пакетіне кіреді (ТМККК). 
29. Сұрақ: – Жұмыссыздарға медициналық сақтандыру алу үшін жұмыссыз мәртебесін алуға тиіс деп айтады. Бірақ, егер ауылда жарамды жұмыс болмаса және ЖК ашуға да табыс жетпесе, тек 2-3 сиыр мен бақша ғана болса, онда қалай болғаны. Яғни, ертең бізге медициналық көмек көрсетуден бас тартылмай ма?
– Сізге көмек беруден бас тартылмайды, өйткені барлық азаматтар үшін медициналық көмектің кепілденген көлемі бар. Бұл жедел-жәрдем көмек және санитариялық авиация; әлеуметтік-маңызды аурулар және шұғыл жағдайлар кезіндегі медициналық көмек; профилактикалық егулер; амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етумен амбулаторлық-емханалық көмек (2020 жылға дейін). Одан басқа, Сіз медициналық сақтандыру қорына жарналарды ауылдық елді мекендерде «Қазпошта» арқылы, екінші деңгейдегі банктер арқылы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕТ 5%-ы көлемінде аудара аласыз.
30. Сұрақ:  – Госпитализацияға төлем қалай жүргізіледі?    
– Ақы төлеу, стационарда бір емделіп шығу жағдайы үшін сақтандырылған адамның қаражаты есебінен, Денсаулық сақтау министрлігі белгіленген тарифтер бойынша медициналық көмектің сапасын сараптама нәтижелері арқылы ескере отырып жүргізіледі.
31. Сұрақ: – Жұмыс берушілер аударатын жарналар жұмыскердің жалақысына байланысты ма?
– Иә, жұмыс беруші барлық жұмыскерлердің еңбектеріне ақы төлеу қорынан аударады, ал жұмыскерлерге арналған аударымдар олардың белгіленген еңбекақы көлемінен жүреді. 
32. Сұрақ: – Есептелген жалақыдан немесе салық ұсталып қалған (зейнетақы; табыс) жалақыдан төленеді ме?    
– Жарналар есептелген жалақыдан төленеді.
33. Сұрақ: – Кез келген стационарға немесе емханаға (оның ішінде жеке) тіркеусіз немесе жолдамасыз хабарласуға болады ма?    
– Шұғыл жағдайлар кезінде кез келген медициналық ұйымдарға тіркеусіз немесе жолдамасыз хабарласуға болады.
МӘлМС пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер Қазақстан Республикасының барлық аумағында, аумақтық тиістілігі мен меншік нысанына тәуелсіз ұсынылады. Сонымен бірге жалғыз шарт медициналық ұйымның Медициналық сақтандыру қорымен жасалған келісімшарты болып табылады.


Сұрақ-жауаптың толық нұсқасын  
www.fsms.kz сайтынан таба аласыз. 

Медициналық сақтандыру - ортақ жауапкершілік

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша тұрғындар арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілуде. 
2016 жылдың қазан айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша медициналық ұйымдардың басшылары Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде, орта буын медициналық қызметкерлер Талдықорған медициналық колледжінде кезең-кезеңмен оқытылуда. Бүгінгі күнге оқумен қамту 68%-ды құрады.
Облыс әкімінің орынбасары  денсаулық сақтау басқармасымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментімен келісілген, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының III кезеңін өткізуге жауапты спикерлердің тізімін бекітті.
Бұдан өзге, облыстық және аудандық, қалалық деңгейлерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша 2017 жылдың ақпан-маусым айларына медиажоспар бекітілді. 
Сонымен қатар, жоғарыда аталған жоспарға сәйкес, облыстық «Огни Алатау», «Жетісу», «Жәрдем», «Алатау», қалалық «Талдау хабаршысы», «Бизнес Дайджест», «Текелі тынысы», «Талдықорған ақшамы» және басқа газеттерде, аудандық баслымдарда дәрігердің және медициналық қызметкердің статусын көтеру бойынша 22 имидждік мақала, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық материалдар жарияланды. 
Денсаулық сақтау басқармасы облыстық «Огни Алатау», «Жетісу» газеттерінің редакцияларымен бірлесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған арнайы мақалалар шығарды. Сақтандыру медицинасы тақырыбына бұқаралық ақпарат құралдарында 103 мақала жарияланды.
Биылғы  14 ақпанда «Жетісу» телеарнасының тікелей эфирінде  облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша сұрақтарға жауап берді, 2017 жылғы 10 ақпан күні баспа үйінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы «Медициналық сақтандыру – ортақ жауапкершілік» тақырыбында брифинг өткізді.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой 2017 жылғы 27 наурыздағы Алматы облысына жұмыс сапары барысында өңірдің медицина қауымымен кездесу өткізіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі басымдықтарын түсіндірді және Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша Жолдауының негізгі бағыттарын іске асыру туралы әңгімеледі.  
Сонымен бірге 29 наурызда медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің аумақтық департаментінің басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі бойынша ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» аумақтық бөлімшесі - Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған кездесуге қатысты.  
Наурыздың 30 күні Алматы облысының мемлекеттік кірістер департаментінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша облыс жұртшылығының қатысуымен «дөңгелек үстел» өткізілді.
Қазақстанда биылғы 5 сәуірде тұрғындарды тіркеу бойынша «Емханаға тіркел – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз статусыңды анықта!» науқаны басталды.  
Осыған байланысты, 7 сәуірде сағат 11.00-де «Баспа үйінің» мәжіліс залында «Емханаға тіркел – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз статусыңды анықта!» тақырыбында баспасөз конференциясы өткізілді. 
Бүгінгі күні облыс бойынша елді мекендерде 570 кездесу өткізілді,  тұрғындардың ақпараттық-профилактикалық жұмысымен 81 649 адам қамтылды, сонымен қатар, 25 мың медициналық қызметкер ақпараттық-түсіндіру жұмысына тартылды.  
Денсаулық сақтау басқармасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбына кітапшалар, буклеттер, баннерлер дайындады, қазіргі кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі қағидаттарын түсіндіру бойынша бейнероликтер түсірілуде, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 30,0 млн.теңге бөлінді. 

Асхан Байдувалиев, 
облыстық денсаулық сақтау 
басқармасының басшысы.

Сіздің емханаңыз – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне «кіру қақпасы»!

Емхана – бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйым. Емделуші емханада қандай қызметтерді ала алады? Бұл жалпы тәжірибелік дәрігердің, учаскелік дәрігерлердің және салалық дәрігерлердің қабылдауы, зерттеу, ем-шара алу, медициналық тексерулер, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, балалар патронажы және жүкті әйелдерді қабылдау, үйге дәрігерді шақыру және «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталы арқылы стационарға емделуге жіберу.
Емхана – бұл қандай да бір медициналық көмек алуға «кіру қақпасы» болып табылады. Сіздің шын мәнінде қай жерде тіркелгеніңізді тексеру маңызды. Көп ретте азамат бір қалада, ауданда тұрады да, басқа мекенжай бойынша тіркеуде болады. Осындай жағдайда медициналық қызмет көрсету бойынша мәселелер туындауы мүмкін.
Азаматтарды алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымына (бұдан әрі - АМСК) тіркеу бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық мекемені еркін таңдау құқығын ескере отырып, тұрғылықты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін, оқитын жері бойынша іске асырылады.
Медициналық қызмет алу үшін, емхананы таңдау кезінде оның орналасқан жерінің сіздің үйіңізге жақын болуын ұмытпауыңыз керек.
Емхананың жақын орналасуы Сізге және Сіздің учаскелік дәрігеріңізге ыңғайлы. Үйге шақырған кезде ол Сізге уақытылы және сапалы көмек көрсете алады.

Емханаға тіркелуді қалай ресімдеу және тексеру керек?

Сонымен, Сіз емхананы таңдап алдыңыз, оған қалай тіркелуге болады? Мұны жүзеге асыру өте оңай. Бұл үшін Сізге емханаға жеке куәлігіңізбен келіп, бас дәрігердің атына еркін түрде өтініш жазуыңыз қажет және жеке куәлігіңізді беруіңіз қажет (ҚР заңнамасына сәйкес берілген төлқұжат, тууы туралы куәлік, басқа да құжаттар). Сізді тіркеу өтініш түскен күні жүзеге асырылады.
Сіз туралы мәліметтер «Тұрғындарды тіркеу регистрі» ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
Емханаға тіркелудің екінші тәсілі интернет пайдаланушылар үшін ыңғайлы. «Электронды үкімет» (еgov.kz) порталы арқылы электрондық құжат нысанында азаматтың мәліметтерін көрсете отырып, сұрау салу қажет. Емханадағы жауапты қызметкер электрондық сауалды тиісті ақпараттық жүйелерден алады және Сіздің тіркелгеніңіз туралы түбіртегіңіз, электронды түрде де ресімделеді. Тіркелгеніңіз туралы ақпаратты «еgov.kz» порталындағы «Емхананы таңда» бөлімінде анықтай аласыз.
«Сондай-ақ, азамат тек бір емханада ғана тіркеле алатынын білуі керек және бір уақытта бірнеше емханада тіркелуі мүмкін емес. Азаматтардың өздері өтініштерімен келіп, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымына тіркелу кезінде, бұдан бұрын бекітілген алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарынан автоматты түрде шығару «Тұрғындарды тіркеу регистрі» порталының мәліметтер базасы арқылы іске асырылады».
Азамат дәрігерді және емхананы еркін таңдау кезінде емханаға тіркелу бір жылда бір рет қана іске асырылады.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелері азамат жеке өзі жүгінген кезде тіркеуді іске асырады. Отбасы мүшелерін тіркеу олардың жазбаша келісімімен отбасының бір мүшесінің еркін түрде жазған өтінішінің негізінде, отбасының әрбір мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттарды берген кезде рұқсат етіледі.
Шұғыл жағдайда жүгінген кезде Сіз тұрғылықты жеріңіз бойынша емханада кезексіз, алдын ала жазылмай-ақ медициналық көмек ала аласыз.
Дәрігерді үйге шақыру тікелей телефон арқылы және «электронды үкімет» порталы арқылы электронды сандық қол болмаса да іске асырылады. Жүгінгеннен соң, тіркеу қызметкері дәрігердің келетін уақытын хабарлайды. Дәрігер үйге науқастың жүгінген күні келеді.

Сіздің емханаңыз – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне «кіру қақпасы»!

Емханаға тіркелу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін өте маңызды. Өйткені емхана арқылы денсаулық сақтау жүйесіне болашақ сақтандырылған азаматтарға сақтандыру медицинасының пакеті шеңберінде медициналық қызметтер алуға жол ашылады.
Тіркеу компаниясы барысында еліміздің әрбір тұрғыны өзінің алғашқы медициналық көмек ұйымына жататынын ғана емес, өз санаты туралы да айтуы керек. Сіз кімсіз – жалдамалы жұмысшы, жеке кәсіпкер, ресми түрде табысы жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтығын азамат немесе еш жерде тіркелмеген жұмыссыз азамат?
Ертеңгі күні сақтандыру статусын және қажетті медициналық көмек алу кезінде қиындықтар туындамас үшін, осының бәрін қазіргі кезде анықтап алған маңызды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу жағдайы жарна мөлшері және төлем кестесі туралы барлық ақпаратты Сіз өз емханаңыздағы тіркеу орны немесе сіздің учаскедегі медициналық қызметкерге жүгіну арқылы біле аласыз.
Медициналық сақтандыру  туралы кеңесті жақын емханадан ала аласыз!

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде емделушілердің статусын анықтау бойынша медициналық тіркеушіге жадынама

Азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханаға тікелей өзбетінше жүгінген кезде!
1. Азамат емханаға тұрғылықты жері бойынша жүгінеді;
2. ЖСН бойынша – медтіркеуші тұрғындарды тіркеу регистрінде (ТТР) емделушіні, оның мекенжайын, жұмыс орнын табады;
3. Берілген кестеге сәйкес, медициналық қызметті пайдаланушының статусын анықтайды (яғни сақтандырылған ба немесе сақтандырылмаған ба)

Азамат емханаға телефон арқылы жүгінген болса:
1. Азамат емханаға тұрғылықты жері бойынша телефон арқылы жүгінеді;
2. ЖСН бойынша - медтіркеуші тұрғындарды тіркеу регистрінде (ТТР) емделушіні, оның мекенжайын, жұмыс орнын табады;
3. Берілген кестеге сәйкес, медициналық қызметті пайдаланушының статусын анықтайды (яғни сақтандырылған ба немесе сақтандырылмаған ба)

Емделушінің «Электронды үкімет» порталы арқылы жүгінуі кезінде
Сауалды «Электронды үкімет» (еgov.kz) порталы арқылы өзі туралы мәліметтерді көрсете отырып, электронды құжат түрінде беруі тиіс.
Емханаға тіркелу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз статусы туралы ақпаратты «еgov» порталы арқылы «Емхананы таңда» бөлімінде және өз емханаңыздың сайтынан білуге болады (статусты анықтау бөлігінде «сақтандырылған» немесе «сақтандырылмаған» жүйе ағымдағы жылдың соңында іске асырылады).

Емханалардың бас дәрігерлеріне!!
емханада (медициналық тіркеушіден басқа) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша емделушілерге кеңес беретін менеджер тағайындалуы керек!

 

 

 

 

Оқи отырыңыз