Салауатты елдің келешгі кемел

Талдықорған қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Клиникалық медицинаның өзекті мәселелері» атты І Халықаралық  ғылыми-тәжірибелік  конференция өтті. Жиынға Израиль мен Ресей Федерациясы медицинасының білікті мамандары, отандық ғалымдар, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты. Конференцияны өткізудегі мақсат – «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асырып, халықтың денсаулығын нығайту барысындағы атқарылатын іс-шараларды пысықтау. Пленарлық отырыста негізінен кардиология, ми қан айналымының бұзылуы, онкология, жарақаттану, ана мен бала, жедел медициналық көмек көрсету мәселелері сөз болды.

Конференцияға облыс әкімінің орын­басары  Бақтияр ӨНЕРБАЕВ пен  об­лыс­­тық денсаулық сақтау  басқармасының бас­шысы Асқан БАЙДУВАЛИЕВ қа­тысты.

Жиынның  басында «Жетісу өңірінің денсаулығы» атты бейнефильм көрсетілді.  Онда облыс көлеміндегі денсаулық сақтау саласы  бойынша жаңалықтар мен жетіс­тік­тер, сонымен бірге саладағы өзекті мә­се­лелер айтылды. Соңғы бес жылда об­лыс­­қа 350 маман келген. Соның 150-і ауылдық жерлерде жұмыс  істейді.  Облыс әкімінің  грантымен 82 студент дәріс алу­да.  Олардың біразы  еңбекке араласып та кетті. Жұмысқа келген 375 жас маман баспанамен қамтамасыз етілген.  Сондай-ақ,  Талды­қор­ғандағы медицина колледжіне жаңа құрал-жабдықтар сатып алынған. Қара жолдың бойында жол-көлік оқи­ғаларына көмек көрсететін 5 бекет бірнеше жылдан бері үздіксіз жұмыс жасауда.  Сон­дай-ақ, шалғай ауылдардағы жағдайы ауыр науқастарды ауруханаларға жеткізу үшін авиамедицина қызмет көрсетеді.  Бүгінгі таңда жиі кезде­сетін сырқаттың бірі –  жам­бас, тізе буын аурулары.  Эндопротездік ота жасау жүйелі жүр­гізілуде. Ота жасату үшін Үкімет та­ра­пынан қомақты қаржы бөлініп, квота бе­рі­луде.  Мұның бәрі соңғы жыл­дар­дағы жаңа­лық пен жетістік.   

Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев  медицина саласы қыз­мет­кер­ле­рін алда келе жатқан мерекемен құт­тық­тап,  ел үшін атқарып жатқан  еңбектеріне жеміс тіледі.  Конференцияға жиналған жұртшы­лық  Ақтөбеде террорлық актінің салда­ры­нан қаза болған азаматтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.  Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнер­баев пен Ресей университеті Медициналық институты госпитальды терапия кафе­дра­сының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы Павел Огурцов екеуі екіжақты әріп­тестік меморандумға қол қойды. 

Бақтияр Әлтайұлы  шалғайда тұратын ауыл халқына медициналық көмек  көрсе­ту­дің өз дәрежесінде атқарылып келе жат­қан­дығына тоқталды. Облыс тұрғында­ры­ның 73 пайызы  ауылда тұрады. Бүгінде жер-жерлерде ФАП-тар көптеп ашылуда. Сон­дай-ақ, арнайы мамандар әлсін-әлсін  амбу­латорияларға барып, тұрғындарды скри­нинг­тік тексеруден өткізіп, флюоро­гра­фия­лық көмек көрсетеді.  Иә,  медицина сыр­қаттың алдын алуға  барынша көңіл бө­луде. Бірақ, адамдардың  өздері кей кез­дері тек­се­рілуге немқұрайды қарап, жұқпаның ал­дын алатын екпеден бас тарта­ды. Әлем бойын­ша  тәжірибеден өткізілген  алдын алу шаралары көптеген сырқатты ауыздықтауға негіз болуда. Бұл тұрғыдан алғанда  деннің саулығының 80 пайызы адамның  өмір сүру салтына байланысты екенін әлі де білмей жатқанымыз өкінішті.

Конференцияда Мәскеуден келген про­фессор        М. Газимиев онкологиялық сыр­қаттанушылық және оны емдеу жолдары туралы сөз қозғады. Про­фес­сор­дың айтуын­ша, скринингтік тексерудің нә­тижесінде Қазақстан бойынша онкологиямен  сырқат­танған­дардың 39,6 пайызы аурудың I-II саты­сында анық­талған.  Ал аталмыш ке­сел­ге шалдыққандардың  41,6 пайызы ІІІ са­тыда, 18,8 пайызы IV  сатыға жеткенде бірақ білген.  «Егер тұрғындар қатерлі ісік дертіне уа­қытында тексеріліп тұрса,   мұндай қор­қы­нышты цифр болмас еді»,– дейді дәрігер. Чешен ұлы М. Газимиев өз сөзінде атала­рының бір кездері жер аударылып,  Қазақ­станда тұрғандығын,  олардың  жергілікті ха­лыққа ризашылық сезімде екенін айтып, тұрғылықты халыққа алғысын білдірді.

Конференцияда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі,  ме­дицина ғылым­да­рының докторы,  кар­дио­ло­гия және ішкі аурулар ҚазҒЗИ дирек­то­рының орынбасары Гүлнәр Жүніс­бекова  сөз сөйлеп, министр Тамара Дүйсенованың ыстық ықыласын жеткізді.  Денсаулық сақтау сала­сын­дағы жетістіктерге жергілікті мамандардың қо­сып отырған үлесінің мол екендігіне тоқталды. «Ден­сау­лық» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша ал­дын алу қызметін жетілдіру, денсаулық жүйесін қар­­­жыландыру,  сала құрылымын жандандыру ба­ры­сындағы  мақсаттарды айтты.

Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019  жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға орай өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференция екі күнге созылды. Екінші күні білікті мамандар об­лыс ауруханаларында халыққа қанқы­сымы, онкологиялық сырқат, эндокринологиялық кесел, аллергия және бүйрек, бауыр ауру­ларын емдеу жайлы тегін кеңес берді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Оқи отырыңыз