Алакөлге барып қайт

Алакөлге барып қайт

Жыл өткен сайын Алакөл аймағы­ның туристік әлеуеті артып, алыс-жақын шетелден қысқа, ұзақ мерзімге демалып қайтуға келетін қонақтардың қатары көбеюде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алакөлде 150 мыңға жуық адам демалыпты. Биыл бұл сан өсіп, 160 мыңнан артық адам демалуға келеді деп күтілуде. Бұған көл бойындағы туристік қызмет көрсететін нысандардың мүмкіндігі кемел жетеді.

Аудандық кәсіпкерлік басұармасынан алынған ақпаратқа сүйен­сек, бүгінде Алакөл ауданы ау­ма­ғында 112 демалыс үйі, демалыс аймағы, пансионат, қонақүй және туристік кешен орналасқан. Атап айтқанда,  500 орынды СДО «Пе­ли­кан», 350 орынды  «Ала теңіз», «Аласу» және 200 орынды «Қара Тас», 150 орынды «Көктұма» пан­сио­наты,  тағы да басқа же­ке­мен­шік үйлердің жа­нынан ашылған қонақүйлері бір уақытта 4500 адам­ға қызмет көрсете алады. Бұлардың барлығы Алакөл көлінің жағасында орналасқан. Осы демалыс орын­дарының мүмкіндігін жақсарту үшін облыстық туризм басқармасы ҚР туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырым­дама­ла­рын бекіту туралы №508 қаулы­сы­на сәйкес,  көл жа­ғалауының инф­рақұрылымын да­мы­туға бағыт­тал­ған 17 іс-шара  қарас­тырыпты. Осы­ған орай 2015 – 2017 жылдар  ара­лығында  Ақши ауы­лының көл жа­ғалауында 3 ірі инвес­тициялық жо­баны іске асыру жос­парланып, «Falkon Petrolium» ЖШС-нің және «Ак­­вамарин  ре­сорт»  пен  жеке кәсіпкер Д. Каримовтың көп­са­лалы демалыс орындары бой кө­теруде. Алдағы уа­қыт­та «Аква­марин  ре­сорт»  де­ма­лыс аймағының ашылу салтанаты бол­мақ.

Көпсалалы демалыс орын­дары­мен қатар өзге де туристік мақ­сат­тағы нысандар құрылысы да ойда­ғы­дай жүзеге асуда. Яғни,  2015 жы­лы 10,  өткен жылы 10 туристік ны­сан­ды ел игілігіне беру жос­па­ры­ның қолға алынғанын да айта кет­кен жөн. 2015 жылы Алматы – Жеті­ген – Достық бағытында туристік пойы­зын жүргізу жоспары бекітіліп, об­лыс­тық бюджеттен 63,0 млн. тен­ге субсидия бөлінді.  Сол жылы ту­рис­тер­ге арналған пойыз  аталған ба­ғытта аптасына 6 вагонмен 3 рет қа­тынап, 5 мыңнан астам туристі көл бойына жеткізді. Аталған пойыз биыл 17 маусымнан бастап жолау­шы тасымалымен айна­лыс­пақ. Көл бойын­дағы демалыс орын­дарының мүмкіндігін жақсарту үшін Ақши мен Көктұма ауылы кәріз жүйесінің жо­балық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жеткілікті қаражат бөлінді. Сон­дай-ақ, Ақши ауылының де­ма­лыс аймақтарына баратын 24 ша­қы­рым жол салу жұмыстары жүр­гі­зі­лу­де. 2015 жылдың 4 тоқсанында бас­­талған жоба келер жылдың 4 тоқ­санында пайдалануға берілмек. Бү­гінгі күнге облыстық басқарма ар­қылы мемлекеттік сатып алу порта­лының жеңімпазы «Жол» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жұмыс бас­талды. Дайындалған  жоба аясында су ағатын лотоктар, жаяу жүргін­шілер жолы, құбырлы көпір, жа­рықшам, аялдама салу жоспарланған. Жобада Ақши ауы­лы­на кіреберіс жолдан 13 разъезге дейінгі бір шақы­рымды құрайтын жол салу жұмысы да қамтылған.

Халықтың әл-ауқатының артуы­на байланысты Алакөлге күре жол, те­міржол, әуежолымен де келе­тін­дер көбейе түсуде. Сондықтан Ала­көл ау­даны әкімдігінің 2015 жылғы 12 ма­мырдағы № 183 Қаулы­сы­мен «Авиа­ком­пания «Жетісу» АҚ-на Үшарал қа­ласының әуежайы құры­лысын жүр­гізу және қызмет көрсету үшін 49 жылға уақытша пайдалану құ­қы­ғы­мен 3 гектар жер телімі бө­лінді. Қазір облыстық жолау­шы­лар көлігі және автомобиль жолдары бас­­қар­ма­сы арқылы сағатына 50 адамға қыз­мет көрсететін әуежай бе­кетін салуға ЖСҚ даярлауға бө­лін­ген 21,0 млн. теңге қаражатқа «Каз­аэро­проект» АҚ-мен жоба дай­ын­далуда. 2008 жылы Алматы об­лыс­тық құры­лыс басқармасының тап­сырысы бойын­ша Алакөл кө­лі­нің жағалауын бекітетін 3 ша­қы­рым бөгет құры­лы­сын салу объек­ті­сінің сметалық-жо­балық құ­ны дай­ындалған. Аталған жо­ба «Та­раз-Технопроект» ЖШС-нің орын­дауына жүктелген. Өткенде «Пе­­ли­кан» отбасылық демалыс үйін­де өт­кен «Крылья Алаколя» атты фес­­ти­­вальде жоғарыда айтылған та­ма­ша мүмкіндіктер тағы бір рет са­ра­лан­­ды.

Көптен бері көл жағалауындағы заманауи байланыс жүйесін жетіл­діру жайының айтылып келе жат­қа­ны анық. Жұрт тілегін ескерген ала­көлдіктер туристерді сапалы ин­тер­нет жүйесімен қамтамасыз ету үшін Достық ауылынан 1 база­лық ин­тер­нет стансысын орнатып, желіде бай­ланысуды жеңілдете түскен. Ал­дағы уақытта Үшарал қа­ласы, Ақши және Көктұма ауы­лы­на базалық ин­тер­нет стансысын ор­нату жоспары қа­рас­ты­рылуда. Бұл жоспар орын­дал­са көл жаға­сында жүріп-ақ әлем­нің әр түк­пі­рін­дегі елдермен интер­нет бай­ла­ны­сын орнатуға мүм­кін­дік туады. Со­нымен қатар, көлге шо­мы­лу мау­сы­мы басталысымен Ақши ауы­­лын­да ауылдық дәрігерлік  ам­бу­­ла­то­­рия, АЗС, көлік тұрағы, нау­бай­ха­на және дәріхана  жұмысын бас­тай­ды.

Қысқасы, Алакөлдің туристік әлеуеті артып келеді. Мұнда дема­лу­шыларға барлық жағдай жасал­ған. Көлдің шипалы суымен емде­ліп, жүйкеңізді тынықтырғыңыз кел­се, еш ойланбай Алакөлге тар­тып кеті­ңіз.

Қажет Андас

Оқи отырыңыз