Көкбастауда көп тұлпар көсілген күн

Көкбастауда көп тұлпар көсілген күн

Жексенбі  күні  Қарасу  ауылы маңындағы  Көкбастау  атшабарында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Алаш арғымағы» өңірлік бәйгесі өтті. Облыс және аудан әкімдігінің қолдауымен ұлттық ат спортын дамыту мақсатындағы шараға бәйге десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық жан-жақтан көптеп жиналды. 
Көкбастау жазығы бұл күні ат- жарысты қызықтауға келгендермен мерекедегідей мәре-сәре күйге еніп, беткейдегі көрермен орны лезде толды. Атшабар алаңының биігінде жарыс жалауы желбірейді. Ортадағы мінбенің ұшар басында «Рухани жаңғыру» сөзі мен мақала символы қыран бейнеленген. Одан төмендеу тұста «Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз», «Елімнің жылқы баптау – бар құмары, Бәйгенің қыл жүйрігі – Алаштың арғымағы» деген ұрансөздер ілінген. Бәйгеге тігілген сүттей ақ су жаңа жеті автокөлік пен күнге шағылыса жарқыраған бірнеше мотоцикл қаз-қатар тізіліп тұр. Иесін күткен жүлде қорын тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш сияқты тұрмыстық бұйымдар толықтыра түсіпті. Бұл орайда жарысқа ұйытқы болған Болат Назарбаев бастаған ел азаматтарының мырзалығы қалай мақтаса да жарасары анық.
Расында, ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын Ұлы Даласы бар, рухани тарихы бай халықтың телегей-теңіз дәстүрі осындай жиындарда жарқырай көрінетіні бір ғанибет. Жарыс басталғанша аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі әртістерінің жүйрік ат, құмай тазы, ұшқыр қыран баптау тақырыбында ән мен жыр бұлағын ағытуы соның бір айғағындай. Дауыс үдеткіштен ұлттың оң жамбасына келетін атбегілік өнер, ат құлағында ойнаған ептілік дәріптеліп жатты. Бұл орайда комментаторлар Бақыт Жағыпарұлы мен Елдос Үмбетәлиевтің ұлттық құндылықтарды терең білуі, жүргізу шеберлігі байқалады. 
Жарыстың салтанатты ашылуында дала төсіндегі мінбеден облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз алып, бәйге жанкүйерлерін Рухани жаңғыру аясында өткізіліп отырған шарамен құттықтады. Көкбастау атшабарындағы жарыстың ұлттық құндылықтарымызды сақтап, саламатты өмір салтын қалыптастыруда алар орны зор екенін атап өтіп, ұлттық ат спортын дамытуда жетісулық атбегілердің еңбегіне табыс, бүгінгі додаға түсетін шабандоздарға сәттілік тіледі. Жүйрік баптаудың қыр-сырына қанық атбегі, өңірдің құрметті қонағы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Бақыт Байтүгелов көпшілікке бата берді. Алдымен шабандоздар шеруіне кезек беріліп, бір-бір жүйрікті тақымдаған балалар көрермен алдынан салтанатпен жүріп өтті. Жарысқа Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, белгілі атбегі Орынтай Әмірғалиев бас төреші болды.
Бәйгені ұшқыр аттар бастады. 3200 метрлік қысқа қашықтыққа тізгін босатқан 11 сәйгүліктің жылдамдығы таңдай қақтырады. Бір айналымнан сәл ғана асатын жарыс жолын лезде шауып өткенде, Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың төрт жасар «Алтайторысы» бәрінен озды. Екінші және үшінші болып алматылық Әділет Шынайдаровтың күреңі мен Жасұлан Сансызбайдың көк аты келді. Одан кейін бес шақырымға 18 тай құйрық тістескенде, мәрені Батыс Қазақстан облысынан Мақсат Бекқайыровтың «Шаттық» атты торы тайын тақымдаған Ердос Ниязов бірінші болып қиды. Екінші жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысынан Жеңіс Тоғызақбаевтың «Аманат» күреңімен Нұрсұлтан есімді шабандоз ұтты. Талғар ауданы «Үңгірлі» жылқы шаруашылығының жирені «Айсұлу» үшінші, шабандозы Аманжол Рамазан, қарасайлық Әлнұр Назарбаевтың «Ақтанауы» төртінші, шабандозы Баймұхан Ильшат, Алматы қаласынан Бауыржан Бағдатұлының «Алигархымен» шапқан шабандоз Нұржан Алшымбаев бесінші орынды жеңіп алды.
Аш күзендей шиыршық атқан   29 құнанның 11 шақырымға қолтық жазуы да жанкүйердің жан-жақтан қиқу салуымен тамашаланды. Нәтижесінде Талғар ауданынан Мерхат Бұлғыновтың «Мұрагер» қаракөгінің жұлдызы жанды, шабандозы – Ақжол Жұматай. Өтесін Аслан мінген көк құнан екінші келіп, ақтөбелік «Нұрдәулет» жылқы шаруашылығының мерейін асырды. Үшінші болып Қордай ауданынан Талғат Сәкеновтың «Витязы», төртінші – тағы да қордайлық Алик Әбдісабыровтың «Гида» атты қара құнаны, бесінші орында Талдықорған қаласынан Қанат Абдрахмановтың «Ақсу» жирені келді. Бұлардың шабандоздары – Жолаушы Дінмұхамбет, Бауыржан Әбдісабыров, Қойшыбай Олжас.
Топ бәйгеде құйрық-жалы сүзілген 39 тұлпар 16 шақырымға көсілді. Атшабарды алтыншы рет айналғанда Алматы қаласынан Мәлік Рахымбаевтың «Қарақұсы» мәреден бірінші болып өтіп, шабандозы Оразбек Молдашев тізгіндеген қара бесті нағыз бабында екенін танытты. Тағы бір алматылық Әділет Нұрбековтың алты жасар «Фортунасы» Бақыттың тақымында екінші келді. Үшінші орынды қордайлық Сержан Тәпиевтің «Қазынасы», төртінші жүлдені Алматыдағы «Нұрай» жылқы шаруашылығының күрең аты, бесінші болып қордайлық Айдар Нұрмахамбетовтың «Жұлдыз» торысы ұтып алды. Осылайша топ бәйгеге тігілген екі автокөлік пен басқа да қымбат сыйлықтар алматылықтар мен қордайлықтарға бұйырды.
Аламанда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар саналған 38 қылқұйрық 25 шақырымға бауыр жаза көсілді. Тоғыз айналымға тұлпардың тұлпары ғана тынбай шапты десе болады. Ұзақ қашықтықта Алакөл ауданынан Ербатыр Баймұхамбетовтың «Тасқыны» бәрінен озып, бәйгенің бас жүлдесі жол талғамайтын Джип көлігін иесіне тақымдатты. Оның тақымы суланған шабандозы – Жұмаш Диас. Екінші болып Әлнұр Назарбаевтың күрең жүйрігі «Бұйражал» келді. Үшінші жүлдеге тігілген тағы бір автокөлікті алматылық «Нұрай» шаруашылығының «Верный» атты күреңі ұтты. Төртінші орынға қордайлық Есбол Шыңтасовтың «Самал» күреңі табан тіреді. «Оқжетпес» жирені арқылы алматылық Ернар Байбатыров бесінші жүлдеге қол жеткізді.
Ат иелері мен шабандоз балалар жеңіс тұғырында салтанатты жағдайда марапатталды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.

Оқи отырыңыз