БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ...

БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ...

«Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі» деген татымды тіркес мұқым елдің азаматын ардақтап, қайраттысын қастерлеген сәтінде айтылатын ұранға айналды. Ғажайып жырлар тудырған ел еркесі Есенқұл Жақыпбековтың бұл жырына лайықты ерлеріміз жетерлік. Оған байрақты бәсекелерде көк туымызды желбіретіп жүрген каратэ шебері Мерей Сүйіновтің азаматтық ісі дәлел. 

Мұстафа Өзтүріктің салып кеткен сара жолын жалғап жүрген Мерей Сүйінов «Жетісу» газетінің спорт шолушысы, Сейдахмет Бердіқұл атындағы сыйлықтың лауреаты Ришад Тұрғанбайдың «Намыс-жебе» кітабының жарыққа шығуына орай шағын футболдан облыстық турнир ұйымдастырды.
Гимнмен шымылдығы ашылған шара басында спорт саңлақтарын саралап, дарындысын даралап жүрген журналиспен «тонның ішкі бауындай» болып кеткен каратэ шебері сөз алып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Ал, кітаптың тұсаукесер рәсімін өткерген Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев спорттың адам өміріндегі алатын орны мен тигізетін септігі жайлы тағылымды ой толғап, жинақ авторының азаматтық һәм қаламгерлік қасиетіне жан-жақтылы  тоқталып өтті. Сонымен қатар, әріптесіміз Ришад Тұрғанбай да спортшыларға ақжарма тілегін арнап, бұл турнирдің өтуі Мерей Сүйіновтің жасаған тосынсыйы екенін атап кетті.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнир сәтті ойын өрнегімен басталды. Мұнда жиналған 16 команда кіл мықты спортшылардан жасақталуымен көрермендердің көңілін көкжиекпен астастырғандай болса, кәсіби футболшылар жарыстың көрігін қыздырды. Айталық, әр команда қарсыласымен ақтық сында айқасқандай ойын мәнерін көрсетіп, жеңістен үмітті екендерін таныта білді. Дегенмен «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»  демекші, мүлдем өзге жүйеде өрбіген жарыста «Альсар» командасын 8:9 есебімен жеңген «Намыс» пен «Жастарды» 0:2 есебімен ойсырата ұтқан «Шығыс» командасы ақтық бәсекеге жолдама алды. Қарсыластарын қоғадай жапырып чемпиондыққа бір табан жақындаған қос команда финалда күш-жігерлерін аяп қалмады. Мәселен «Намыс» командасы алғашқы таймда қарсыластарының қақпасына жауапсыз екі доп кіргізсе, екінші таймда қақпасына гол соқтырмауға тырысқан «Шығыс» командасы есепті бір допқа қысқартты. Сөйтіп, қарсыластарына бір доп есе жіберген шығыстықтар жарыстың екінші орнына жайғасты. Ал,  кіл жүйріктерді «шаңқаптырған» «Намыс» командасының намысты спортшылары жарыс жеңімпазы атанып, «Супер кубокты» және қаржылай тігілген 100 мың теңгені қанжығасына байлады. Турнирдің жоғары дәрежеде өтуіне күш салған өзге командалар да кубок пен арнайы марапаттарға ие болды. Ал, спорт журналистикасының жарқын өкілі сапынан табыла білген Ришад Тұрғанбай ойын мәнерімен тәнті еткен спортшыларға кітабын үлестіріп, жарыста қазақ елі азаматтарының достығы мен азаматтығы жеңгенін атап өткен-ді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз