Жігер жеңіске жетелейді

Жігер жеңіске жетелейді

Атырауда өткен мүгедек  спортшылар арасындағы дүбірлі додада    Алматы облысының паралимпиадалық командасы бірінші орынды кезекті рет жеңіп алды. Ондағы жетпіске тарта спортшының басым бөлігі Қарасай ауданының «Жігер және М»  мүгедек спортшылар федерациясының мүшелері  болғандықтан  әлеуметтік  бірлестіктің директоры Тәжіғали Ходжамұратовқа жолығып, сұхбаттасуды жөн көрдік.

Тәжіғали Әбдіжәмілұлы бізді көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан бірлестікке тиесілі бөлмеде қарсы алды.  Салауатты өмір салтын насихаттауды  және  жастарды паралимпиадалық жаңа спорт түрлеріне баулуды алдына мақсат етіп қойған жігіт екінші топтағы мүгедек болғанына қарамастан 2001 жылдан бастап спорттың пауэрлифтинг суда жүзу, волейбол сияқты түрлерімен айналыса бастапты. Осы мезгіл ішінде Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жүзуден спорт шеберлігіне үміткер, тоғызқұмалақтан ҚР спорт шебері  дәрежелерін қорғап үлгерген.  Тағдырдың салған сынағына мойымай,  қарағайға біткен қарсы бұтақ іспетті қиындықпен күресе білген Тәжіғалидың  өмірі  күрделі де қызық.
... Ол 1988 жылы Қарақалпақстанның орталығы Нөкіс қаласында диқаншының отбасында дүниеге келіпті. Бақытты балалық шақ, қызыққа толы мектептегі жылдар өз кезегімен өтіп жатқан. Алайда, адам жаза басайын десе, қас-қағым сәт те жеткілікті екен-ау. Бірде достарымен бірге мотоциклді тізгіндеп, жарыса ызғытып жөнелген болатын. Алдынан жүк көлігі  көлденеңдеп шыға келгенде қапы қалғанын кеш ұққан. Сол жолғы көлік апатынан кейін ұзақ уақыт ауруханада емделді. Бір жамбасы мен бір аяғы қатты зақымдалды. Ол кезде медицинаның да дами қоймаған шағы. Ақыры қол арбаға таңылып, өздігінен жүре алмайтын жағдайға душар болған. 
– Алғашқы жылдары далаға шығудан қалдым, – дейді Тәжіғали сол кезеңдерді еске алып. – Замандастарым сияқты жүре алмайтыныма арланып, үйде отыра беретінмін. Алайда бұлай жасасам дүниеден мүлдем мақұрым қалатынымды ұғып, жігерімді жанып, жүруді қайтадан үйрене бастадым.  Қажымай-талмай  алға ұмтылған жан мұратына жетпей қоймайды екен. Ақыры, шауып кетпесем де,  өз аяғыммен тұрып жүретін  болғанмын. 
Ташкенттегі әлеуметтік қорғау саласына қарасты училищені бітіріп, зейнетақы тағайындау мамандығын алғаны да бар. Бір кезеңдері бұл қызмет те тіршілігіне тіреу болған. Ал Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бәрін қалдырып, тарихи Отанына тартып оралыпты.
Бұл жаққа келгеннен кейін Қаскелең қаласына тұрақтап, жаңаша өмір бастайды. Аудандағы мүгедектер ұйымын басқаратын Лия Ивановна Бушқа көмекші болып, мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына, одан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына, құқықтық көмек көрсетуге ықпал етті. Сол кезде-ақ өзі сияқты мүгедектердің спортпен айналысуын қолға алды. Лия Буш Германияға көшіп кеткеннен кейін әріптестері төраға қызметіне Тәжіғалиды сайлағаны да осы тұс.
Тәжіғалидың спортпен айналысу жайлы бастамасын бір-бірінен естіген мүгедек жандар оның айналасына топтаса бастаған. Өздерімен сөйлесіп отырып, спорттың қай түріне бейімі бар екенін білгеннен кейін сол секцияға қатысуына көмек жасайтын. Осылайша, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, суда жүзу, армрестлинг, үстел теннисі, оқпен ату, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты қолжетімді спорт түрлері дами бастады. 
Қарасай ауданының құрама командасы 2007 жылы бірінші рет облыстың чемпионы атағын осылайша жеңіп алады. Содан бері чемпиондық тұғырдан түсіп көрмеген екен. Жеңіске қанаттанған жігіт-қыздар өз қатарларын көбейтіп, бүгіндері спортпен кәсіби айналысатындардың саны 250 адамнан асып жығылған.  Оның ішінде жастар аса белсенді. Соны ескере келіп 2013 жылы «Жігер & М» атты мүгедек спортшылар федерациясы құрылады да, оған Тәжіғали төраға  болып сайланады.  Содан бері «Қуат» мүгедектер қоғамының мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа тарту бағытын табысты жүргізіп келе жатқан жайы бар.
Айтуға оңай болғанымен бұл жұмыстарды атқару көптеген қиындықтармен қатар жүретіні белгілі.  Әсіресе, ауылдық жерлерде мүмкіндіктер бола бермейді. Мұндайда әкімдіктердің спорт жөніндегі нұсқаушыларының көмегіне жүгініп, бастарын қосып отыру, семинар-тренингтер өткізу, өздері сияқты жандардың қол жеткізген табыстарын баяндайтын бейнекөріністерді түсіру, Қазақстандағы, әлемдегі үлкен даңққа бөленген жандардың өмірін үлгі ету  сан тарау жұмыстың бір бағыты ғана. 
2014-2015 жылдардан бастап «Жігер М» федерациясы Қазақстанда көп насихатталмайтын  спорт түрлерін дамытуға  күш салып келеді. Олардың қатарында – зағип жандар ойнайтын «Голбол» деген ойынды дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып, спорттың бұл түріне қызығушылық танытқандардың қатары күннен-күнге артып келеді. Осы жылы паратаэквандо, парадзюдо  спорт түрлері бойынша жұмыстар қолға алынды.  Бүгіндері оқу-жаттығу шаралары жүзеге асырылып, көзі көрмейтіндер мен қолы жоқ адамдар арасында көптеген командалардың қатысуымен ашық турнир өткізілді. Келешекте көзі нашар көретін мүгедектер арасындағы үстел теннисін дамытып, шағын футболды көтермек ойлары бар.
Тәжіғали күн өткен сайын команда құрамының жасарып келе жатқанын қуана хабарлаған еді.  Мысалы, бұрындары негізінен 35-37 жас аралығындағы спортшылар басым болса, бүгіндері 25-26 жастағылар көптеп келуде. Бұл жерде Алматы облысындағы мүгедектерге арналған мамандандырылған спорт мектебі үлкен көмек көрсетуде. Мұнда жыл сайын мүгедек жастар арасында спорттың барлық түрінен жарыстар өткізіліп, жеңімпаздарды республикалық, әлемдік додаларға жіберіп тұруға мүмкіндік туып отыр. Ал, Қаскелеңде «Дельфин» спорт кешені  мүгедектер үшін үлкен жеңілдіктер жасап келеді. Алдағы уақытта спортшылар мұнда тегін дайындала алатын мүмкіндіктер қарастырылуда. Жаңадан алынған  инватакси спортшыларды кешенге әкелуге, жарыстарға қатыстыруға үлкен көмек болып тұр. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің, ішкі саясат бөлімінің  көмегімен жылына мүгедектер арасында үш-төрт турнир өткізіліп тұрады. Бұл жерде ұйымдастыру шаралары, өткізілетін орынды даярлау, жеңімпаздарды марапаттау мәселесіне қол ұшын беріп, қамқорлық танытатын демеушілерге ерекше алғыс айтқан жөн шығар.
Бүгіндері ауданда Алматы облысының мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мамандандырылған спорт мектебінен жалақы алатын үш жаттықтырушы мүгедек жандарды даярлаумен айналысады.  Олар спорттың 12 түрінен  белгіленген жұмыс кестесі бойынша жаттығу жүргізуде. Мемлекеттің әлеуеті артқан сайын тұрғындардың жағдайы да жақсарады емес пе?! Алдағы болашақта спорттың әр түрінен жеке  жаттықтырушылар бөлініп, әлемдік деңгейдегі жеңімпаздардың шығатын уақыты келеді деп сенеді Тәжіғали.
Әңгіме соңында әлемдік спорт додаларында оза шауып, бәйге алған жерлестеріміз  бар ма деген сұрауымызды да қойып үлгергенбіз. «Паралимпиада жеңімпаздары әзірге шыға қойған жоқ, – дейді  Тәжіғали Әбдіжәмілұлы сәл ойланып, – Десе де үстел теннисінен Нұржан Көрпетаев спорт шебері атағын қорғаған. Ол алдымызда Токиода өтетін паралимпиада ойындарына қатысудан үміткер. Сергей Иванкиннің де үстел теннисі саласында жеткен жетістіктері сүйсінерлік. Игорь Берденников жеңіл атлетиканың қол арбамен жарысуынан жақында Сочиде өткен жарыстан жүлдемен оралды. Жәнібек Телегенов, Бақыт Бекбай деген спортшыларымыз да жеңіл атлетикадан жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Саитова Дилярахан деген қызымыз оқ атудан Бразилияда өткен паралимпиада ойындарына қатысуға арналған іріктеу сайысынан қайтты. Алма Махамбетова атты аруымыз дойбыдан Қазақстан чемпионы, спорт шебері атағын қорғаған. Айта берсек, болашақта биік белестерден көрінуі мүмкін жастарымыз баршылық. Ал, ең бастысы, тағдырдың тәлкегіне ұшырап, мүгедек болған жандардың салын суға кетірмей, еселенген  құштарлықпен   өмір сүруге талпынуында жатқан жоқ па?! Біздің басты мақсатымыз да осы болмақ».
Он екі мүшесі сау азаматтардың сарыуайымға салынып, дүниеден түңіліп жүргенін анда-санда байқап қаламыз. Осындай кезде мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан жалындай жанып, өзіне де, төңірегіндегілерге де қуаныш пен бақыт сыйлап жүрген жандарға деген құрметің арта түседі екен. Сәттілік саған, Тәжіғали!

Қуат Қайранбаев.

Қарасай ауданы.

Оқи отырыңыз