Батырға құрмет

Батырға құрмет

Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 29 жыл толды. Осынау қан майданға қазақ жастары да аттанған болатын. Солардың бірі – Ауған соғысының аңызына айналған Борис Керімбаев 70 жасқа толды. Соған орай №15 орта мектептің мұрындық болуымен волейболдан жарыс өтті. «Ұлағатты ұстаз – ұлт болашағының тірегі» атты жарысқа 10 мектептің ұжымы қатысты.

Қатысушылар аталмыш шара алдында қаза болған боздақтарды бір минут еске алды. Мектеп өнерпаздары әннен шашу шашты. Ардагерлер жылы лебіздерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Осыдан кейін тартысты бәсеке басталып та кетті. Ең бірінші Назарбаев зияткерлік мектебі мен №9 мектеп сайысқа түсті. Алғашқы сәтте Назарбаев мектебі қарсыластарына дес бермеген еді, кейін №9 мектеп намысқа тырысып барын салып, кездесуді өз пайдаларына шешті. Тартысты сайыста Бекетай Қожахметов, Елдос, Шаймерденов, Ермек Жолдасбеков, Бауыржан Бекешов, Дәулет Құмаров төрелік етті. Қалған командалар да жеңіс үшін аянып қалмады. Ойыншылар ала допты ұршықша иірді. Әсіресе, ақтық сынға шыққан №25 және №15 орта мектеп ұжымының ойыны әсерлі болды. Екі алпауыт команда жанкүйерлерге бойкүйездік танытпай әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Нәтижесінде №4 мектеп тұғырдың 3-ші бөлігінен көрінді. Ал №15 мектеп 2-орынды қанжығаға байласа, №25 мектеп оқ бойы озып шығып, 1-орынды еншіледі. Әуеде қалықтаған ала допты шегеше қаққан Бауыржан Бекішев уездік шабуылшы атағын алса, үздік ойын көрсеткені үшін Ілияс Тәкенов марапатталды.

Думан Кеңшілік

 

 

Оқи отырыңыз