Медет Әжібектің жеңісі

Медет Әжібектің жеңісі

Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев Украинаның Одесса қаласында киокушинкай кан каратэ спорты бойынша жасөспірімдер арасында өткен әлем біріншілігінде 50 килограмм салмақ дәрежесі бойынша жекпе-жекке түсіп, бірінші орынды жеңіп алған Медет Әжібекті қабылдады.

Жеңімпазға қошемет көрсетіп келген аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Хамзин дәстүрлі додаға әлемнің 21 елінен 250-ден астам үміткер қатысқанын, солардың ішінен облыстан киокушинкай кан каратэ федерациясының екі спортшысы өз өнерлерін көрсеткенін айта келіп, Медеттің ел абыройын асқақтатып қайтқанын қуана хабарлаған. Алдымен итальяндық спортшыны, екінші турда түрік, үшіншісінде пәкістандық талапкерді тізе бүктірген Медет ақтық айқаста тәжірибелі ресейлік каратэшіні қапы қалдырып, айқын басымдықпен жеңіс тұғырына көтеріліпті. 
Махаббат Сәдуақасұлы сөз басында Медет Әжібекті осынау табыстарымен құттықтады. 
Облыс көлемінде спорттың бұл түрімен 400-ге жуық адам айналысады. Қазірдің өзінде жетістіктеріміз жоқ емес. Мысалы, республикалық чемпионатта Әсел Әзімханова деген қызымыз үздік атанса, әлем біріншілігінде Медетіміз елімізге олжа салып отыр. Одан өзге де жеңімпаздарымыз баршылық.
Киокушинкай кан каратэ федерациясы облыстық филиалының жетекшісі Бекжан Батырбекұлының айтуынша, спорттың бұл түрі жас талғамайтын көрінеді. Бала сөз ұғатын жасқа жеткеннен кейін, яғни, төрт жасынан шұғылдана беруге болады. Сол сияқты, жасы ұлғайған адамдар да дене-мүсінін сақтап, денсаулығын жақсартамын десе бұл спорттың тигізер көмегі телегей. Сондықтан бұған деген қызығушылық жыл өткен сайын арта түсуде.
Бүгіндері Қаскелең қаласындағы «Үміт» тойханасының жертөлесін жалға алып, жастарды каратэ өнеріне баулып жатқан жігіттердің жігеріне таң қалмасқа шараң жоқ. Киокушинкай кан каратэ спорты жұртшылық үшін қолжетімді болу үшін жеңілдіктер де қарастырылған көрінеді. Атап айтқанда мұнда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін жаттықтыру қарастырылған. Қазірдің өзінде 30-ға жуық бала осындай мүмкіндікті пайдаланып келеді.
Қаскелең қаласында жаңадан салынып жатқан спорт кешені пайдалануға берілгеннен кейін киокушинкай кан каратэ клубы үшін жаттығу залын бөлу мүмкіндігін қарастыруға уәде берген Махаббат Сәдуақасұлы жас жеңімпазға естелік ретінде ноутбук сыйлады.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы

Оқи отырыңыз