Рио - 2016 Төрт жылдың толағай тойы!

Рио - 2016 Төрт жылдың толағай тойы!

Қош келдің, төрт жылдықтың басты додасы Рио Олимпиадасы. Дүйім жұрт сағына күтетін дода ертең Бразилияның Рио-де-Женейро қаласында алауын тұтатпақ. Күллі әлемнің басын біріктірген бәсекеге он мыңнан аса спортшы қатыспақ. Олар спорттың 33 түрінен 301 медаль жиынтығын сарапқа салады. Тамыздың 5-21 аралығы спортсүйер қауымды былай қойғанда, барша әлем халқының назарын аударатыны сөзсіз. Бақ пен бап, елдің намысы мен рухы сыналатын шақта қалай ғана тыныш отырсын дейсің. Иә, ол айтқанға оңай! Құрығы ұзын жанкүйер мықтылардың бәсекесін өз көзімен көруге аттанып, мұхит асып, бүгінде Риоға табаны тиді. Қалғанымыз құлағымызды түріп, көзімізді тігіп, алақанымызды ысқылап үйде қалдық. Қалғанда да жай қалмадық, алақай мен сүйінші сұрайтын күнді туғызатын серкелеріміздің соңына үміт артып қалдық. Біз сенім артқан104 спортшы бекзат өнердің 26 түрі бойынша бақ сынайды. Аламанға қосылған мықтылардың осалы жоқ. Тек сәттілік жолдас болғай дейміз. Естеріңізден кете қоймаған болар Лондон Олимпиадасы. Қанжығамызға 7 алтын, 1 күміс, 5 қоланы байлап, 12 - орынға тұрақтаған болатынбыз. Бұл жолғы аламан қалай болады деген сауал көп. Әйтседе, намысты қолдан бермеуге тырысып бағады. Дүбірлі дудың алдында түрлі келеңсіздіктердің орын алғаны бар. Еңсемізді түсіретін жайттардың бірі алтын алған алтын ұл мен қыздарымызды допинг дауына іліктіріп, жарыстан шеттетіп тынды. Мұнымен жаси қоймаспыз, қайраттана кірісіп, жүлдеге мол уыс саламыз деген үміт басым. Олимпиаданың алауы тұтанғанша тарихына көз жүгірте кетейік. Алдыңғы буын жатқа білгенімен, жас буынның да санасына сіңе беретін деген ниет.

 

                           

Біз қатысқан дода

Тәуелсіздік алғалы бері жиырма бес жыл ішінде Олимпиада ойындарынан қалыс қалған күніміз жоқ. Барлығына да қатысып, толайым табыспен оралдық. 1996 жылы алғаш рет тәуелсіз Қазақстан ретінде топқа түсіп, сенім артқан қыз-жігіттеріміз 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль еншілеген еді. Одан кейін 2000 жылы Сидней Олимпиадасында 3 алтын, 4 күміс жүлдемен оралғаны әлі есімізден кете қойған жоқ. Афины додасында ғана сәл сылбырлық танытып жалқы алтынмен оралды. Есесіне 4 күміс пен 3 қоламызға шүкір қылдық. Қалай болғанда да алтынның салмағы басым. Бейжіңде алтынды жұп жасадық. 4 күміс пен 7 қоланы қоса ұттық. Көңіл тоқ. Ал айды аспанға шығарған Лондон Олимпиадасы. Елдің де, спортшылардың да рухы тасыған күн. Аспаннан алтын жауып, қоржынымыз топиды. Жүлденің санын мақаламның басында айттым. Ендігі кезек Рио Олимпиадасы. Сол межені қайталай аламыз ба? Асып кетпеген күннің өзінде межені ұстап тұрудың өзі асқан батырлық. Жалпы осы жылдар арасында барлығы 52 медаль жиынтығын алыппыз. Оның 16 алтын, 17 күміс, 19 қола медаль. Тек сол жүлденің ішіндегі төрт алтынды қайтарып алып қоймаса деген ниетіміз басым. Ендеше соған көңіл бөлейік.

 

Қазаққа төнген қара бұлт

 

Жыл басынан бері «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей допинг болды. Алдымен шудың дуы ауыр атлетика спорты бойынша өткен әлем біріншілігінен шықты. Әп-әдемі көтерген Алмас Өтешовтың батпан тасын санамай, артынша қолда тұрған алтыннан бір айырды. АҚШ-та өтіп жатқан бәсеке. Жұдырығына қысып тұрған саф алтынды жұлып алып, қолына күмісті ұсынды. Сол кезде қапаланған Алмас бауырым көзіне жас алып тұрып: «Алтынымды алып қойды, күміске қолым жетті. Әділетсіздік, мен оларға Рио да көрсетем. Өлсем де алтын аламын», – деп еді. Дәл осылай, айна қатесіз сөз арнаған еді. Қазақтың қайсар ұлынан қорықты ма, артынша допинг қолданды деп Алмас, Жасұлан, Ермекті жарыстан шеттетті. Онысымен қоймай Сырдың алтын баласы Ильиннің соңына шам алып түсті. Тіпті, қисынға келмейтін 2008 жылғы өтіп кеткен Бейжің Олимпиадысы мен Лондон додасының сынамасын қайта тексеріп, қанынан рұқсат етілмеген дәрумен табылды деп айыптады. Алтын біткенді уыстап алатын алпауыттарымызға қырғидай тиді. Ильинді бітіріп, жетісулық чемпиондар Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедованы да допингтің дауына іліктіріп, төрт жылдықтың басты додасынан тыс қалдырды. Осымен қазақ жұртының қазаны ортаяды деген-ау. Кім білсін, осы әділетсіздіктің қарымтасын қайтаратын жаңа чемпиондардың шығатыны анық. Ақыры толық құрамда қатысады деген толағайларымыздың екі жолдамасын тартып алып, сегіз спортшы ғана бақ сынайтын болды. Мен білетін ауыр атлеттер қайыса қоймайды. Жетісулық желкенді қыз Маргарита мен Жазира Жапарқұл жүлдеден дәмелі. Ерлеріміз де осал емес. Қытайдан келген екі ұлымыз бен Әзірбайжаннан келген Нижат та қол созуға дайын.

 

Сенім артқан серкелер

 

Қазақ спортшылары қандай бәсекеге қатысса да боксшылар мен балуандардың жолына үмітпен қараймыз. Биылғыны қосқанда үшінші олимпиадасына аяқ басқан Біржан Жақыповқа сенім мол. Әлем чемпионы мен Азияны неше рет ұтқан Біржанға Олимптің алтыны ғана жетіспей тұр. Алдын кес-кестеген қытайлық Зоу Шиминнің көзі құрыды. Енді жол ашық. Одан кейін қазақтың салмағына айналған 69 келіде өнер көрсететін Данияр Елеусінов те алтынға үмітті. Оның да атағы бір басына жетерлік. Ал жетісулық Жәнібек Әлімханұлына көңіл ерекше.  Тай күнінен бәйгенің басын бермейтін Жәнібек бұл жолы қапы қалмау керек. Өткен жылы біраз сәтсіздіктер болғаны рас. Өзбек боксшысы Мелкузиевке есе жіберсе, осы жолы есе қайтаратын кезек келді. Тұңғыш рет 91 келі салмақта боксшымыз Олимпиада дуына қатыспақшы. Васили Левит пен ауыр салмақтағы Иван Дычко да жүлдеге қол созып қалуы бек мүмкін. Дычко бұған дейін Олимпиаданың жүлдесін татып көрген оғлан. Ал Олжас Сәттібаев пен Абылайхан Жүсіпов та осал емес. Әсіресе, Абылайханның мүмкіндігі мол. Алғашқы олимпиадасы. Жас өспірімдер арасындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы ересектер арасында алтынға қол жеткізеді деген сенім бар. Берік Әбдірахманов, Қайрат Ералиев, Әділбек Ниазымбетов те тұғырдан қол бұлғауға лайықты. Оның сыртында екі қызымыз бар. Дариға мен Жайна. Осылайша боксшыларымыз Рио Олимпиадасына тұңғыш рет толық құрамда қатысып отыр. Ал балуандарымыз да үмітті ақтайды деген ойымыз бар. Нұрмахан мен Алмат Кебіспаев және Досжан Қартықов үмітті ақтайтын жігіттер. Еркін күресте де балуандарымыз жерге қаратпайды. Дәулет Шабанбай мен Ғалымжан Өсербаев, Артас Сана да санаттан шығып қалар. Қыздар күресі де қоржынды бос қайтармайтын шығар. Гюзел бастаған арулар намысты қолдан бермейді. Екатирина Ларионова мен Жұлдыз Ешімова, Эльмира Сыздықова да талайды ығыстырады. Ал дзюдошыларымыздан Елдос Сметов пен Глбадрах Отгонцэгцэгке жүз пайыз сенім артуға болар. Екеуі де жыл басынан бері дүбірлі додада шаң қапқан емес. Байрақты бәсекенің барлық жүлдесінің ішінде Олимп алтыны жетіспей тұр. Максим мен Жансайды да жүлдегерлер санатына қосуға болады. Сәтін салса ғайыптан қосылған жолдамаға иелік еткен Дидар Қамза да жаман өнер көрсетпейді деп ойлаймын. Жеңіл атлетикада Ольга Рыпаковаға артқан жүгіміз ауыр. Қалған спортшыларымыз да қара жаяу емес. Бірі жас болса, қалғандарында бәсекелестік басым. Бұл додаға Алматы облысы жеті спортшы қосып отыр. Барлығы да талантты қыз-жігіттер. Жолдары болғай!

 

Қызық дерек

Сыйақыдан көш басында

Қазақстан Республикасы Олимпиада чемпионына 250 мың АҚШ долларын береді. Күміске 150, қолаға 75 мың АҚШ доллары.

   Бұл Азия бойынша бірінші орындамыз. Көршілес Қырғыз елі байрақты бәсекеге алты спорт түрінен 16 спортшыны жіберіп отыр. Олардың сыйақысы 104 мың доллор. Күміске 74, қолаға 51мың. Ала шапанды ағайындар спорттың 13 түрінен 70 атлетті қатыстырмақшы. Олардың құрметі 200, 100, 75 мың доллар. Тәжікстаннан жеті спортшы енген. Тәжіктер алтынға 38, күміске 31, қолаға 25 мың доллар береді. Түркіменстан намысын 8 спортшы қорғайды. Жеңімпаздарға берілетін сыйақы туралы мәлімет жоқ. Өйткені, Түркіменстан Олимпиада ойындарында жүлдеге қол жеткізбеген Азиядағы жалғыз ел.

 

Жолдама бар, жарысқа қатыспайды

Ресей мемлекетінің бірқатар спортшыларын жарыстан шеттеткені белгілі. Біздің басымызға төнген қара бұлт оларға да үйірілген еді. Әсіресе ауыр атлеттері мен жеңіл атлеттеріне шүйліккен. Ақыр соңында барлығын шеттетіп тынды. Зілтеміршілерінің сегізі допингпен ұсталып, толықтай команданы алып тастады. Сол секілді жеңіл атлеттер де зілтерміршілердің кейпін киді. «ВАДА»-ның бұл шешімін орыс мамандары «бандитизм» деп айыптап отыр.

 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.

Оқи отырыңыз