"Жасыл ел" кубогы

Талдықорғандағы медициналық колледжде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының құрылуына XIII жыл толуына орай жастар арасында волейболдан «Жасыл ел» кубогы өтті. Сайысқа 9 команда қатысты.

Шара облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бақтияр Жақсыгелдиновтың алғысөзімен бастау алды. 
– «Жасыл ел» ауыспалы кубогы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Турнирдің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру. Бүгінгі жарыста тек мықтылар жеңіске жетсін, – дей келе спортшыларға сәттілік тілеп, жарысты ашық деп жариялады.
 Осыдан кейін жарысқа жиналған командалар дүбірлі доданы бастап кетті. Алғашқы кезеңнен-ақ әуе добының спортшылары бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін дәлелдеді. Сайыс олимпиадалық жүйе бойынша өрбіді. Яғни, жеңілген команда жарыс жолынан шығып қалады. Сондықтан жеңістің желкенін көтеру үшін командалар барын салып өнер көрсетті. Әсіресе, жартылай финалға шыққан командалар көрермендерге тамаша ойын сыйлады. Бұл сында «БАҚ» пен «Жасыл ел», №25 мектеп пен Көксу ауылшаруашылық колледжінің арасындағы бәсеке тартысқа толы болды. Төрт команда ойыншылары қанша шаршаса да асқан техника мен шеберлік тактикасын ортаға салды. Осылайша үздік ойындарымен жиналған жұрттың таңдайын қақтырды. Әуе добының озық үлгісін көрсете білді. Үшінші орынға таласқан командалар да әдемі ойын өрнегін паш етті. 
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Талдықорғандағы № 25 орта мектебінің командасы жеңіп алды. 2-орынды Көксу ауылшаруашылық колледжі иеленсе, «Жасыл ел» құрамасы үздік үштіктің қатарынан көрінді.

Айдар ҚАЛИЕВ

 

Оқи отырыңыз