«БАЛҚАШ БӨРІСІ» АНЫҚТАЛДЫ

«БАЛҚАШ БӨРІСІ» АНЫҚТАЛДЫ

Жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ қүресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өткізіліп келеді. Осыған орай, Бақанас орталық стадионында қазақ күресінен Балқаш ауданы әкімінің жүлдесіне арналған «Балқаш бөрісі» іріктеу турнирі өтті.

Аталған шараға аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы              Ғалым Тоқпейісов және «Қазақстан Барысының» 2014 жылғы қола жүлдегері, 2016 жылғы күміс жүлдегері, жерлесіміз Руслан Әбдіразақов қатысты. 15 ауылдық округтен 30-ға тарта балуан қатысқан турнир жеңімпаздары «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің үшінші кезеңі – облыстық «Жетісу бөрісіне» жолдама алады.  Турнирдің шымылдығын түрген аудан басшысы өңірдегі спорт саласына кеңінен тоқталып балуандарға сәттілік тіледі. 
Бұдан кейін «Балқаш бөрісіне» үміткер балуандар белдесуді бастап кетті. Былтыр «Балқаш бөрісі» атанып, облыстық «Жетісу бөрісі» турниріне жолдама алған аудандағы мықты балуандардың бірі Арман Сағыныш жарыстың үшінші айналымында бақанастық Айтбай Айболдан осал түсіп жартылай финалға өтпеді. Қола жүлде үшін болған талас та тартысты өрбіді. Көкталдық қос балуан Дінмұхамед Әлімов пен Ержан Қонысбаев бозкілемде белдесіп, бір-бірін ұзақ уақытқа дейін жеңе алмады. Нәтижесінде қазақ күресінің қыр-сырын жетік меңгерген «Көкбөрі» лақап атымен танылған Ержан Қонысбаев «Балқаш бөрісі» турнирінің қола жүлдегері атанып, 50 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал бақанастық апайтөс балуандар, былтырғы «Балқаш бөрісі» турнирінің күміс жүлдегері Айтбай Айбол мен қола жүлдегері Әлімхан Абай ақтық сында бақ сынауға жолдама алды. «Барыс» лақап атымен танымал бақанастық балуан Айбол Айтбай қарсыласынан басым түсіп, жарыс қорытындысында «Балқаш бөрісі» атанып, 100000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты иеленді.  Ал, ІІ орынды түрлі жарыстарда атой салып жүрген «Арыстан» лақап атымен белгілі бақанастық балуан Әлімхан Абай еншілеп, 70 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.  Сондай-ақ, турнир барысында ерекше көзге түскен 18 жасар балатопарлық ең жас балуан «Бөрібасар» лақап атымен белгілі Әлібек Оразбаев   «Көрермендер көзайымы» номинациясына лайық деп танылып, заттай сыйлықпен марапатталды. 

Алтынай СЕЙТКЕН, 
Балқаш ауданы. 

 

Оқи отырыңыз