Голболдан жарыс өтпек

Голболдан жарыс өтпек

Бүгінде салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың қатары көп. Бірі күрес, екіншісі жүгіру, суда жүзу, футбол, волейбол секілді ойындарды жанына серік етіп, түрлі біріншіліктерге қатысып тұрады. Кәсіби спортшыларды былай қойғанда, жекелеген адамдар да спорттық белестерді бағындырып, өз имидждерін қалыптастыруда. 

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар арасында да байрақты бәсекеде бақ сынап, ел абыройын асырғандар қаншама?! Қазіргі уақытта мүгедектер спортына мемлекет тарапы жоғары қолдау көрсетіп отыр. Арнайы спорттық клубтар құрылып, қарамағындағы спортшылар додада оза шауып келеді. Тұрақты қолдаудың арқасында жетістіктері де жаман емес. Осындай мүмкіндігі шектеулі жанның бірі «Жетісу шабыты» мүгедектер қоғамының төрағасы Аликен Дәркенбаев. Аликен  медициналық колледжге дейін қаржы саласы бойынша білім алып, жұмыс та істеген. Сол уақытта көзін зақымдап алып, он бір рет ота жасатқанымен көру мүмкіндігі нашарлаған. Кейін медициналық колледжге оқуға түсіп, өзіне керекті мамандық массаж саласы бойынша білім алады. Тағдырдың сынағына мойымай қол қусырып отырмады. Қоғаммен біте қайнаса, өмірге деген талпынысын одан ары жандандырып, игілікті іске араласты. Мүгедек жандардың басын біріктіріп, түрлі шаралар ұйымдастырды. Соның бірі голбол ойыны. Туризм академиясына оқуға түсіп, студент атанған жас жігіт, спорт саласын таңдады. Өзі секілді зағип жандардың қолдаушысы болып, салауатты өмір салтына икемдеді. Міне, сол жұмыстың жемісі ретінде Талдықорған қаласында голболдан облыстық ашық чемпионат өткізуді жоспарлап отыр. Бұл ісін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиев қолдады.  Сәуір айының 21-22-жұлдызында Талдықорған қаласында «Жастар» спорт сарайында алғаш рет голбол ойыны өтпекші. Оған республикамыздың әр аймағынан онға жуық команда қатысады. Жетісу жерінің намысын Қарасай, Ескелді ауданының командасы қорғамақ.  Аликеннің айтуынша, бұл ойын 1945 жылы Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін қолға алынған. Еуропаның біраз мемлекеттері бұл спорттың түрімен шұғылданады. Әзірге үлкен чемпионаттар болмағанымен ішкі біріншіліктер өтіп тұрады. Міне, сол қанатын кеңге жайып келе жатқан спорт, алдағы уақытта параолимпиалық ойынның санатына жатып, кейін төрт құрлықтың басты додасына айналмақ. 
Қазіргі кезде Германия, Ресей, Қытай мемлекетінің спортшылары алдына жан салмайды. Біздің мемлекетте енді дамып келе жатқан спорттың бір түрі. Негізі ойынның үлгісі бір команда да алты адамнан тұрады. Голбол ойыны волейбол алаңында ойналады. Алаңның ауданы 189 шаршы метр. Ұзындығы 9 метр, біктігі 1,5 метр қақпа болады. Қақпаға үш адам тұрады. Көздері тұмшаланады, тізесі мен шынтақтарына арнайы қорғаушы киім киіледі. Арнай рәзеңкеден жасалған салмағы 1,5 келі доп, ішіне қоңырау салынған. Міне, осы допты бір-біріне лақтырады, қақпашылар слух арқылы допқа тосқауыл болып, ұстап алу керек. Егер өткізіп алса гол болып саналады. Ойынның негізгі шарты мен тәртібі осылай деп атап өтті. Аликен Әділбекұлы жергілікті спортшыларымызға қолдау білдіруге жарысқа барлық жетісулық жанкүйерлерді шақырады.

Әмір САНА. 

 

Оқи отырыңыз