ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ТҰЛПАРЛАР ТАРТЫСЫ

ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ТҰЛПАРЛАР ТАРТЫСЫ

   Талдықорған қаласы атшабарында Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтті. Додаға спорттың бес түрінен 100-ге жуық жүйрік қатысты.

 

   Бәйге басталар алдындағы алғашқы сөз кезегін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев алып, жұртшылықты Жеңіс күнімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. 
   Тұлпар туар құлынды желісінен танитын халықтың ұрпағы болғандықтан, дүлдүлдердің шабысын тамашалауға келген көрерменнің қарасы жетіп артылады. Ұлы Дала төсінің шаңын көтеріп, тақымы тайға жабысқан шабандоздар жиналған қауымның ықыласына бөленіп жатты. «Ат тұяғын тай басар» деп алғашқы дода 5 шақырымдық тай жарысымен басталды. Дода десе ішкен асын жерге қоятын жұрт алғашқы айналымнан-ақ тартысты додаға куә болды. Төрешінің ысқырығы шалына салысымен басын шарт таңып қамшысын тістеген шабандоз сәйгүлігін қамшылай жүйтки жөнелді. Бастапқы айналымда тізгін тартып ат шабысын бәсеңдетіп отырған тұста тұлпар жұлқа тартып, алдыға қарай ұмтыла жөнелді. Айналым өткен сайын қамшыға қамшы басып, ат ауыздығымен алысқан шабандоздар тізгінді босатып жіберді. Осы тұста үйме-жүйме дода басталды. Іркес-тіркес шаба жөнелген жүйріктер мәреге жетер айналым азайған сайын шабысына шабыс қосып ағылып отырды. Нәтижесінде бас жүлдені  Жамбыл облысынан келген Әділхан Шынтасовтың жүйрігі «Тұмар» еншіледі. 2-орын Алматы қаласынан келген Кенжебек Алинуровтың «Дерзский» атты тұлпарына бұйырса,  Ескелді ауданынан Ақылбай Ақбергеновтың «Ойпырайы» үздік үштікті түйіндеді. 
   Құнан бәйгеде 9 шақырымға құйрық-жалы сүзілген кілең жүйріктің желмен жарыса жүйткуі де жанкүйердің жан-жақтан қиқу салуымен қызықталды. Бұл топқа 18 ат қатыстырылды. Ауыздықпен алысқан сәйгүліктер дала төсін дүбірге бөлеп, жарыстың көрігін қыздырды. Дода қорытындысы бойынша бас бәйге мен жүлделі бірінші орынды  Шығыс Қазақстан облысынан Алексей Рыбалкиннің «Джели» және «Шолпан» атты тұлпарлары қанжығасына байлады. 3-орын Ақсу ауданынан Асан Құмарғалиевтің «Оқтай» атты тұлпарына бұйырды.
   Топ бәйгеде 25 тұлпар 15 шақырымға көсілді. Шашасына шаң жұқпайтын арғымақтардың арыны ашылған сайын атбегіде жан қалмады. Сегіз өрім қамшысын көкте айналдырған шабандоз мәреге жақындаған сайын аруақтанып, жиылған жұрттың делебесін қоздырды. Нәтижесінде 1-орынды Қарасай ауданынан Асқат Дінмұхаммедттің «Сұңқар» атты тұлпары еншіледі. 2-орынды Алматы қаласынан Сейтжан Қайқыбаевтың «Роза-лала» атты жүйрігі жеңіп алса, Талғар ауданы, Үнгірлі жылқы заводының «Бақкелді» атты тұлпары үздік үштікті түйіндеді.
   Жорға десе желпінбейтін қазақ бар ма, сірә?! Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар саналған 10 қылқұйрықтың 7 шақырымдық жорға жарысы да қызыққа толы болды. Бұл сында бас жүлдені  Алакөл ауданы Жер-су корпорациясынан «Тайфун» атты тұлпар иемденді. 2-орынды Сарқан ауданынан Оралбек Смайловтың «Көкжайлау» атты тұлпары еншіледі.
   Осыдан кейін көптен күткен аламан бәйге де келіп жетті. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын халық қиқуға басып, аламанды асыға күтуде. Қаз-қатар тізілген жүйріктердің де басы кекжеңдеп құйма тұяғымен жер тарпып құйындатқалы тұр. Алғашқы кезеңде қаршадай балалар жүйріктердің тізгінін тартып келеді. Бірақ, дүлдүлдердің желитін жүрісі жоқ. Іркес-тіркес шаба жөнелген жүйріктер бір-бірінен құйрық тістесе қалыспай келеді. Айналым азайған сайын сауырынан су аққан аттар сусылдай жөнелді. Дүбірлі доданың қызығына кірген дүйім жұрт қиқуға қиқу қосып, шабандоздарды жандандыра түсті. Бұл бәйге десе жанын беретін қазақтың байырдан келе жатқан әдеті. Қаршадай балалардың дүлдүлдері жүйткіген бойы жұлдыздай ағып отырды. Мәреге жетер шақта тұлпарлар бірінен-бірі озып, тартысты дүбірде жанкүйерлерге керемет әсер сыйлады. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Жамбыл облысынан Айдос Айтбаевтың «Валиде» атты тұлпары жеңіп алды. 2-орын да Жамбыл облысынан келген Алик Нұрмахамбетовтың «Ерлинг» атты тұлпарына бұйырды. 3-орынды Кербұлақ ауданынан Бағдат Аймұхаметтің «Ердауылы» еншіледі.  Төртінші жүлдені Көксу ауданынан Жандос Байжуруновтың «Берекесі», бесінші болып Талдықорғандық Ерасыл Бауыржанұлының «Кәрікері» ұтып алды.

Айдар ҚАЛИЕВ.

 

Оқи отырыңыз