Әкім атындағы турнир

Қиын кезеңде елін тарықтырмай тапшылықтан алып шыққан Жаркент өңірінің тумасы Панфилов ауданының әкімі болған Әділшайық Ыбыраймолдаевты жерлестері құрметпен еске алады.

Сол құрметтің жарқын көрінісі – Жаркент қаласында үлкен бір көше және өзі кезінде шаруашылық басқарып, ел игілігін еселеген Көктал кентінде көше мен саябақ Әділшайық Ыбраймолдаев есімімен аталады. Басқа да еске алу шаралары өткізіліп тұрады. Биыл Әдікеңді еске алу құрметіне футболдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылды. Аудандық орталық стадионда бір ай бойы өткен доп додасына өңірдегі 18 команда қатысып, ақтық ойынға екі команда үздік шықты.
Барлық қарсыластарын қоғадай жапырған Көктал ауылдық округінің футболшылары мен Жаркент қаласының намысын қорғаған «Ирада» командасы орталық стадионда бас жүлде үшін бақ сынасып, жаркенттік «Ирада» командасы чемпион атанды. Турнирдің жабылу салтанатында сөз сөйлеген Әдікеңнің замандас құрдастары Панфилов ауданының Құрметті азаматтары Шернияз Нұғыманов пен Ақжол Юсупов ауданның тұңғыш әкімінің құрметіне ұйымдастырылған дәстүрлі доп додасына қатысқан спортшыларға алғыс  білдіріп, елі үшін еңбек еткен ерен ерді еске алды. Игілікті іске ұйытқы болған аудандық спорт бөлімінің басшысы Ерғали Қонашевқа, орталық стадион директоры Сәкен Дәуренбековке, футбол командаларының жаттықтырушыларына және басқа да азаматарға алғыстарын жаудырды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Жаркент қаласы

Оқи отырыңыз