Ат үстіндегі ақсүйектер

Ат үстіндегі ақсүйектер

Тақымы ат үстінде тозған ата-бабамыздың ұрпақтан ұрпаққа дарыған, мұра боп жалғасын тауып келе жатқан бәйге, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, көкпар сынды ұлттық ойындардан өзге халықаралық олимпиадаларда сынға түсетін шөген (поло), конкур сынды классикалық спорт түрлері де елімізде қарқынды дамып келеді.

Классикалық ат спортының ішінде кең таралғаны конкур, яғни, кедергілерден секіру. Белгіленген биіктік пен кедергілерді бағындыруда жал-құйрығы сүзілген сәйгүліктің бабы мен бағын тізгіндей тең ұстанған шабандоз жеңіс тұғырына көтерілетінін табиғаты көркем Талғардың «Ақбұлақ» ат спорты кешенінде өткен жарыс барысы аңғартты. Облыс әкімінің және облыстық ат спорты федерациясының кубогіне өткен конкур сайысында Қазақстанмен қатар көршілес Ресей мен Қырғызстанның ат спортшылары бақ сынасты. Жарыс талаптарына сай дайындалған арнайы алаңда 10 түрлі кедергіден секіру бойынша сынға түскен бәсеке өте тартысты басталды.
– Жалпы, ат спортының бұл түрі облыста жаңа дамып келеді. 2017 жылы Талғардан ат спортының классикалық түрлері бойынша арнайы дайындайтын спорт мектебін ашқанбыз. Сол мектептің 4 түлегі бүгінгі жарысқа қатысып, жасөспірімдер арасында өткен сында біреуі жеңімпаздар қатарына ілікті. Оған қуаныштымыз, – деген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Тұратбек Шарапиев Солдатсайдағы полоклубта әлі талай спортшылар бапталатынына сенім білдірді.
Халықаралық жарысты облыстық ат спорты федерациясы ұйымдастырғанын баса айтпақпыз. 
– Ат спортының бұл түрі – олимпиадалық ойындарға кіреді. Дей тұрғанмен, Қазақстанда енді дамып келеді. Бұған қызығушы жасөспірім өте көп. Нәтижесінде  спортшыларымыз Азия чемпиондар лигасына қатысып, Араб Әмірлігі, Катар, Өзбекстан, Қырғызстан спортшыларымен бәсекеге түсуі аталған спорт түрінің жандануына септігін тигізуде. Бұл орайда, ат спортының дамуына айрықша қолдау білдіріп отырған облыс әкімі Амандық Баталов пен осы жарысты ұйымдастыруда белсенділік танытқан Талғар аудандық әкімдігіне алғысымызды білдіреміз, – дейді облыстық ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев.
– Федерация жыл сайын халықаралық деңгейде жарыстар өткізуді дәстүрге айналдырған. Бүгінгі жарыста 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер атпен 100 см. биіктікке секіруді бағындырса, келесі айналымда ақалтеке тұқымдас аттар 110 см. биіктікке секіреді. Одан кейін 5-6 жастағы аттар 115-120 см.-ге көтерілсе, облыс әкімінің жүлдесіне арналған жарыста аттар 130 см.-ді бағындырмақ. Дүбірлі жарыстың ең соңында, яғни облыстық ат спорты федерациясының кубогіне арналған сынақта кәсіби спортшылар 145 см.-ді бағындыруға күш салатын болады, – деген Рустам Баялиев жарысқа қатысуышларға сәттілік тіледі.
«Ақбұлақ» ат спорты кешенінде Алматы қаласы мен облысының спортшылары жоғары деңгейлі дайындықтан өтуді қолға алған. Алдағы уақытта да осы спортты жандандыру мақсатында ат спортына әуес кәсіби спортшылармен қатар жасөспірімдерді тарту көзделген. Осы мақсатта бюджеттен де қаржы бөліну қажеттігі құлаққағыс етілді. Ерен еңбекпен жүзеге асырылатын жаттығу үшін спортшыларға кәсіби, әлеуметтік, экономикалық жан-жақтылы демеушілік жасалса ат спортының бұл түрін дамылсыз әрі қарай дамытуға болатындығы да тілге тиек болды. Ежелден ат үстінде өсіп, аламан бәйгеден бастап түрлі ұлттық ойындарымызды меңгерген халқымыз үшін француздар негізін салған классикалық спорт түрінен де үлкен жетістіктерге жету мүмкіндігі мол екендігіне үмітті. 
Сонымен ұзақты күнге жоспарланған конкур жарысында кедергісі көп жаттығуларды мінсіз орындаған сұлу сәйгүліктер мен шебер шабандоздар анықталып, әділқазылар шешімімен жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, олар ұйымдастырушылар мен демеушілердің қаржылай жүлдесі, бағалы сыйлықтарымен, ең бастысы, облыс әкімі мен аталған федерацияның кубоктарымен марапатталды.
 
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы

Оқи отырыңыз