ЖҰЛДЫЗДАЙ АҚҚАН ЖҮЙРІКТЕР

Талдықорған атшабарында Астана қаласының 20 жылдығына орай ұлттық ат спорты түрінен республикалық жарыс өтті. Доданың алғашқы дүбірі тайжарысқа үкілеп қосқан тұлпарлардың шабысынан басталды.  

Қаз-қатар тізілген тайлардың басы кекжеңдеп, құйма тұяғы тыным таппай құйындатқалы тұр. Төрешінің ысқырығы шалына салысымен басын шарт таңып, қамшысын тістеген шабандоздар өмілдірігін үзердей алқынып, ауыздықтарымен алысып, пысқырған аттарының тізгінін қоя берді. Жан-жақтан жиналған кіл жүйріктер айналаның шаңын шығарып, бас бермейтін асауша ортаға ойнақ салып, осыла жөнелді. Жанкүйерлер де тақым қысып, өз жерлерінің сәйгүліктері алғы шептен көрінсе екен деп тілеп отыр. Алғашқы кезеңде шабандоздар тұлпарының тізгінін желкеге тартып, ат басын тежесе де, жүйріктің желитін жүрісі жоқ. Керісінше, алға ұмтылады.  Айналым азайған сайын сауырынынан су аққан аттар мәреге қарай жұлдыздай аға жөнелді. Иә, бәйге десе ішкен асын жерге қоятын көрермендер алғашқы айналымнан-ақ тартысты додаға куә болды. Дала төсін шаңға бөгіп, тақымы тайға жабысқан шабандоздар да жиналған қауымның ықыласына бөленді. Жарыс қорытындысы бойынша  бас жүлдені Талғар  ауданы, «Үңгірлі» жылқы шаруашылығының Ақбақай атты тұлпары еншіледі.  2-орын Қаратал ауданынан келген Айқынбек Биркенбаевтың Береке атты тұлпарына бұйырды. Ал 3-орын  Ақылбай Ақбергеновтың Қаламқас атты жүйрігіне бұйырды.
Құнан бәйгедегі құйрық-жалы сүзілген кілең жүйріктің желмен жарыса жүйткуі де жанкүйердің жан-жақтан қиқу салуымен қызықталды. Ауыздықпен алысқан сәйгүліктер дала төсін дүбірге бөлеп, жарыстың көрігін қыздырды. Дода қорытындысы бойынша бас бәйге Талғар ауданынан  Мерхат Бұлғыновтың Барбара атты тұлпары қанжығасына байлады. 2-орынды Қырғызстаннан «Асанбек ата» жылқы шаруашылығының жүйрігі  Сұлутөр  еншіледі. Жамбыл облысынан Бақыт Байтөленің Самалы үздік үштіктің қатарынан көрінді. 
Топ бәйгеде шашасына шаң жұқпаған арғымақтар көсілді. Айналым азайып, тұлпарлардың арыны ашылған сайын қамшыға қамшы басып, ат ауыздығымен алысқан шабандоздар тізгінді босатып жіберді. Осы тұста дүлдүлдер іркес-тіркес құйрық тістесе шауып, айналаны шаңға бөкті. Дүбірлі доданың қызығына кірген дүйім жұрт қиқуға қиқу қосып, шабандоздарды жандандыра түсті. Нәтижесінде 1-орынды Жамбыл облысынан Сержан Тапиевтің Қазына атты тұлпары иемденді. 2-орынды Талғар ауданынан Димаш Тілеубектің Дауыл атты жүйрігі жеңіп алса, Түркістан облысы, «Ғажап» шаруашылығының Еркеторы атты тұлпары үздік үштікті түйіндеді.
Жорға жарысы да қызыққа толы болды. Мәреге жетер шақта тұлпарлар бірінен-бірі озып, сегіз өрім қамшысын көкте айналдырған шабандоздар аруақтанып, жиылған жұрттың делебесін қоздырды. Бұл сында 1-орын Алакөл ауданынан Қалқаман Қапсаламның Космос атты тұлпарына бұйырды. 2-орынды Қырғызстаннан «Асанбек ата» жылқы шаруашылығының Қабылан атты сәйгүлігі жеңіп алса, Талғар ауданы  Мерхат Бұлғыновтың Көкжайлау атты жүйрігі мәре сызығын үшінші болып кесті. 
Аламан бәйге десе желпінбейтін қазақ бар ма?! Міне, дүйім жұрттың көптен күткен аламан бәйгесі де келіп жетті. Алғашқы айналымнан-ақ шашасына шаң жұқпаған жүйріктер құйындата жөнелді. Қаршадай балалар барынша тізгін тартып келеді. Бір-бірінен құйрық тістесе қалыспай келе жатқан жүйріктер мәре жақындаған тұста жұлдыздай ағылды. Дүбірлі доданың қызығына кірген жұрт қайта-қайта орнынан тұрып «шап-шапқа» басып, шабандоздарды жандандыра түсті. Иә, бұл ұлттық өнер десе барын беретін қазақ елінің байырдан келе жатқан әдеті. Баласы додаға кірсе, үйде отырып тақым қысатын халық жүйріктердің жарысынан керемет әсер алды. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Алматы қаласынан Алимансұр Мадидің Сұрақ атты тұлпары жеңіп алды. Жамбыл облысынан Бақыт Байтөленің Дауыл атты сәйгүлігі тұғырдың екінші сатысынан көрінсе, 3-орын Талғар ауданынан Әділет Нұрбековтың  Намыскер атты жүйрігіне бұйырды. 

 

Айдар ҚАЛИЕВ

Оқи отырыңыз