Ойын маусымы ашылды

Ойын маусымы ашылды

Облыс әкімі Амандық Баталов пен орынбасары Жақсылық Омар жылдағы дәстүр бойынша жағажай волейболының ойын маусымын ашты. Беташар ойынға өңір басшысы бастаған «Жетісу» командасымен қатар «Ардагерлер», «Жастар» және ҚР ҰҚК облыстық департаментінің құрамасы қатысты.

Амандық Ғаббасұлы Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайының қасынан жағажай волейболына арналған алаң ашылғалы  бұл жерде үздіксіз ойнап келеді. Мұндай үлгі-өнеге жастарды бұл спорт түріне қызықтыра түсері сөзсіз. 
– Осыны жастарға көрсету керек. Қаржыны бөліп жатырмыз. Бапкерлер құрамын кеңейтіп, оларға штат ашып, жұмысқа қабылдадық. Спорт залдар да жастар үшін қызмет істеп тұр. Нәтиже күтеміз, – деді өз сөзінде Амандық Ғаббасұлы. 
Жарысқа қатысқан бес топ бір-бірімен кездесті. Алаңда әр командадан төрт ойыншы болды. Қарсыластарынан басым болған «Жастар» спорт сарайының құрамасы бірінші орынды алса, «Жетісу» ардагерлері екінші орынды, ал ҚР ҰҚК облыстық департаменті үшінші орынды иеленді. Бұл беташар ойынға «Жетісу» қыздар құрамасымен жеті жыл қатарынан ел чемпионы болған бапкер Асқар Шалқыбеков, кезінде Қазақстан ерлер құрамасының капитаны болған Марат Әдірішов сынды саңлақтар да қатысты. 
Рас, жағажай волейболы біздің елде классикалық үлгісімен салыстырғанда кенжелеп қалған. Соны дамыту, басқаларға үлгі көрсету мақсатында ұйымдастырылған шара көңілді нотада аяқталды. Жарыс ұйымдастырушылары тек бір ойынмен шектеліп қалмайтындығын, алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, үлкен жарыстар ұйымдастыратындықтарын айтты. 
Соңғы жылдары жігіттерден құралған «Жетісу жастары» өңір намысын жоғарғы лигада қорғап жүр. Үш ойыншы жиырма жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының қатарында ойнады. Жеті дүркін ел чемпионы болған қыздарымыздың жетістігі өз алдына. «Жетісу» қыздары маусымды биыл күміспен аяқтаса, жағажай волейболында жетісулықтар Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова Қазақстан кубогын жеңіп алып, әр турды сәтті өткізіп келеді. 
Жасөспірімдер волейболы да қарқынды дамып жатыр. Қыздарымыз республика чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмейтін жеңімпаз болса, ұлдарымыз жүлдегерлер қатарынан түскен емес. 
Осының барлығы Жетісу жерінде волейболдың өркендеуіне көп күш-жігер жұмсаған Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті Амандық Ғаббасұлының еңбегі. 2001 жылдан бері Жетісу волейболын өз қолына алған өңір басшысы тізгін ұстаған жылдар  тек жеңістерге толы. «Жетісу» ел ішінде ғана емес, Азия құрлығы бойынша да үздіктер санатында.

 

Оқи отырыңыз