ТАҒЫ ДА ҚАРЫМТА ҚАЖЕТ

ТАҒЫ ДА ҚАРЫМТА ҚАЖЕТ

   Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Көптен күткен Геннадий мен Альварестің қарымта кездесуі өтті. Елден аттанғанда сіздерден сүйінші сұраймын деген едім. Өкінішке қарай, жеңілістің кермек дәмін татып, жүрегім езіліп тұр. Әрине, бұл – спорт. Тағдырың жұдырықпен шешілетін үлкен дода. Кәсіпқой бокстың қызығы да, қиындығы да осы. Әйтсе де еліміздің талантты ұлының бірі Геннадийді жазғырудың еш қажеті жоқ. Нағыз батырға лайық өнер көрсетті. Қарсыласы да оңай емес. Шиыршық атқан Мексиканың  майталманы. Әйтсе де қос боксшы күллі әлемге тамаша бокс кешін сыйлады. Алдында өзім айтқандай, «қанға – қан, жанға – жан» дегендей, аянып қалмады. Сонымен Геннадий мен Сауль Альварестің боксы жайлы көзіммен көргенімді, көңілге түйгенімді айтайын.

 

   Жарыс басталатын күні Лас-Вегаста күн ыстық болды. Аспан айналып жерге түсердей күйдіріп, ыстық жалынға қарып алды. Дода болатын «Т-Mobilе» аренасына жиылған жанкүйерде есеп жоқ. Отыз мың адам сыятын кешеннің барлық есігі ентелеген жұртты қабылдап жатыр. Біз де арнаулы есіктен ішке кіріп, орнымызға жайғастық. Көптен күткен бәсекенің басталуына санаулы минут қалды. Ортаға тігілген шаршы алаңның кермесі боксшыларды сағынып қалғандай. Аздап дірілдеп, өзінің сайыпқырандарын күтуде. Әшейінде той десе ішкен асын жерге қойып, дарақыланып кететін мексикалықтар бұл жолы тіптен есіріп кеткендей. Кернейлетіп, шулап, сарайдың ішін басына көтеріп жүр. Бұл кәсіпқой бокстың, жалпы спорттың жанкүйерге тән жазылмаған заңдылығы. Иә, көп күттірмей сағат тілі түскі екіні соққанда думан басталды.
   Бәсекенің алдында үш елдің Мемлекеттік Гимні орындалды. Біздің Гимнді Карина Абдуллина орындады. Осы тұста менің айтпағым, осындай күллі әлем тамашалайтын додаға дауысының жігері бар, адамның жан дүниесін, тұла бойын шымырлатып Гимнді шырқайтын әншіні жібермегеніне таңғаламын. Әрине, Каринаны сөгіп отырғаным жоқ. Әндерін тыңдағаным болмаса, жете танымайды да екенмін. Тек менің айтпағым, бокс кешіндегі Каринаның Гимнді орындауы көңіліме қонбады. Елді танытудың бір жолы, арқаланып елімнің Гимні шырқалып жатыр деген мақтаныш сезімнің шалқымай қалуы жаныма қатты батты. Келешекте осыны ескерсе екен деген тілегім бұл. Ал, Мексика мен АҚШ-тың Гимнін шырқаған әншілер жиналған жұрттың айызын қандырды. Асқақтатып, шыңырау шегіне жеткізді. Бізде де жоқ емес қой, рухыңды оятып, еңсеңді биіктететін әншілер. 
   Сонымен, бірінші болып шаршы алаңға жас боксшылар шықты. Олардың жартысы кәсіпқой бокстың ауылына жаңа аяқ басқандар. Дүбірлі доданың дәмін жаңа татып жүрген жастар келген жанкүйерлерге тамаша өнерімен айшықталды. Үлкен шайқастың алдында дене қыздырғандай жанкүйерлердің де көзін қызықтырып, шамалары жеткенше жұдырықтасты. Алғашқы үшеуінің шайқасы да қызыққа толы болды. Біреуінікі алты раундқа, екіншісі, сегіз, он раундқа созылды. Қалғандарының жұдырықтасуы уақытынан бұрын аяқталып жатты. Әсіресе, Генадан оңбай таяқ жеген Лемьенің шайқасы көпке созылмады. Мұрты едірейіп, жанкүйерлермен кездесу кезінде қоқан-лоқы көрсеткен Гэри О’Салливаның бірінші раундқа ғана шамасы жетті. Әуелі раундтың аяғына жетпей Лемьенің жұдырығынан есі танып құлап қалды. Осындай қызықтардан кейін ортаға Геннадий Головкин мен Сауль Альварес шақырылды. Көптен күткен шайқас басталды.
  Бірінші раунда екі боксшы да бір-бірін жаңа көргендей аңдысып шайқасты. Бір байқағанымыз, Сауль алғашқы кездесуіндегідей емес, қашып жүріп ұрыс салмады. Керісінше, бірінші нөмірмен шайқасқа шығып, алдыға ентелеп келеді. Буырқанған бұла күш Генаға тап берді. Қазақстандық боксшы да аянып қалмады. Күтіп алып, ашық тұстан соққының астына алды. Екеуі де алма-кезек ұрысқа кірісіп, бір-бірін төпеледі. Менің ойымша бұл раунд тең түсті деп есептер едім. 
  Екінші раунд та қызықты болды. Екі мықты да шегінген жоқ. Шаршы алаңның тең ортасында жүріп шайқасқа түсті. Раунд басталысымен Сауль төрт-бес рет Головкинді соғып жіберді. Ұрғанда да төске балға соққандай қатты тиді. Оның үш жауабын Головкин раундтың соңына дейін қайтарды. Дегенмен бұл раундта таразы басын он грамм болса да Альварес басып тұр деп ойлаймын. Үшінші раунд айтарлықтай сұрапыл болмады. Головкин джеп соққыларымен соққаны болмаса, ауыр соққы жасамады. Оң қолының соққылары дәл тимеді. Керісінше, Саульдің бір соққысы өтіп кетті. Мұнда да мексикалық сары баланың басымдығы үстем боп тұр. Төртінші раундты біздің пайдамызға шешуге болады. Генаның аперкоты тамаша өтті. Иектің астынан көтере соққан соққысы Саульді сабасына түсіргендей. Тізерлеп құламаса да, мықтылығынан бір танып қалды. Оған Сауль айтарлықтай жауап қайтармады. Төртінші раунд Генаға ойысуы керек. Бесінші раунд тіптен шиеленіскендей болды. Ішкі буырқанған күш сыртқа шығып, сойқан айқас болды. Альварестің бір ауыр соққысы өтіп кетті. Оған Гена да жауап қайтарды. Ұсақ соққыларды санамағанда ауыр соққыларды екеуі де жасады. Егер маған салса, бұл раундты екі боксшыға да теңдей етіп бөліп берер едім.
   Алтыншы раундтың қорытындысы. Альварес бұған дейін берген сұхбаттарында: «Мен Головкинді әбден зерттеп шықтым. Алда көрерсіздер, мен оған үлкен сый дайындап отырмын. Барлық бокстерін қарап шықтым, өткен жолғы өзімнің кездесуімнен де қорытынды шығардым. Оны қалай жеңудің жолын білемін», – деген болатын. Айтқанындай алтыншы раундта Сауль бір қадам да шегінген жоқ. Соққыларын қарша боратып, өзіне сенімді болды. Геннадий де қарап қалмады. Өзінің ауыр соққыларымен қарымта қайтарып отырды. Осы шайқасты көріп отырып, шешім бір мысқал болса да Альварес жаққа кетіп қалады-ау деп қорқып отырмын. Жетінші раундты бөліп-жарып айту қиын. Екі боксшы да бір-біріне ауыр соққылар жасады. Оны санау мүмкін емес. Тура дауыл тұрғандай болды. Жанкүйерлердің де құмартқаны осы болар, орындарынан тік тұрып тамашалады. Меніңше, екеуі тең түсті. Ал сегізінші раунд сөзсіз Альварестің қанжығасында кетті деп ойлаймын. Шайқас кезінде төрт-бес соққысы оңбай тиді. Шындыққа тура қарау керек, Гена соққы жасағанымен дәлдік жетіспеді. Оның үстіне раунд ұзаған сайын Генаның күші сарқылып бара жатқандай көрінді. Ал, ана шикіл сары одан сайын күш алып, қарқын қосып келе жатқандай. Тоғызыншы раундтың алғашқы екі минутын Гена алып қойды. Жақсы-жақсы соққыларын өткізіп үлгерді. Бірақ, соңғы минутта Сауль қарымта қайтарып кеткендей. Әйтсе де, менің ішкі дүнием, бұл кездесудің пайдасын  Головкинге беруге болады. Мен оған келісемін. 
   Оныншы раунд құдіретті шайқас болды. Біздің боксшы тамаша соққысымен Саульді бір сілкіп алды. Тіпті құлауға шақ қалған. Әйтсе де ана пәле тізесін бүкпеді. Күшті қайдан алатыны белгісіз, қайта есін жиып, атойлап шықты. Бұл ретте мен таразы басын Генаға қарай бассам, ешкім ренжи қоймас. 
  Он бірінші раунд та  кескілескен шайқас болды. Күш алып қуаттанған Альвареске тосқауыл болды. Ауыр-ауыр соққыларын өткізіп, Саульдің миын шайқағандай көрінді. Әйтеуір басы орнында, тек құламады. Ол да қапы қалмай, қарымта қайтарып жатты. Бұл жерде сөзсіз Головкин жеңді. 
   Он екінші раунд та жағаға соққан толқындай болды. Генаның соққылары Саульдің тұмсығына дөп тиіп жатты. Бағанағы атойлап жүрген сары бала шаршады ма, жоқ, жұдырыққа тойды ма, әйтеуір тегеурінді қарсылас болмады бұл жолы. Менің ішкі ойым, Геннадий соңғы екі раундта сөзсіз жеңді. Оған дауласуға да болмас. Егер мен төреші болсам осылай істер едім. Кім біледі, әліптің артын бағайық. 
Иә, төрешілердің шешімімен Сауль Альварес жеңіске жетті деп айқайлағанда көңіліміздің түсіп кеткені рас. Қалай болғанда да Саульді мойындауымыз керек. Дәл осы сәтте мен  журналист ретінде де, маман ретінде де Альвареске қол соғып, басымды иемін. Талантты боксшы, мықтыны мықты деп айтқан абзал. Бұл спорт, бұл күрес. Ол тек жеңістен ғана тұра бермейді. Жеңілістің де дәмін тататын кез  кездеседі. Генаны жазғырып тұрғаным жоқ. Ол сөзсіз мықты боксшы. Кәсіпқой бокстағы нағыз талант. Мұндай боксшы ғасырда бір туады. Осындай ақмаңдай ұл біздің маңдайымызға бұйырды. Ол – Геннадий Головкин!

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ.

Оқи отырыңыз