Жакартадан жеңіспен оралды

Жакартадан жеңіспен оралды

Индонезияның Жакарта қаласында өткен ІІІ Пара Азия ойындарына жетісулық  спортшылар да қатысты. Олар Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғады. Атап айтқанда, үстел теннисі, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, шахмат және садақ ату сияқты спорт түрлерінен өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, жерлестеріміз пауэрлифтингтен, яғни, зілтемір көтеруде ерекше көзге түсті. 67 келі салмақта бақ сынаған Раушан Қойшыбаева 114 келі тұратын зілтемірді бағындырса, 88 келіде өнер көрсеткен Рахметжан Шахаев 197 келіні еркін еңсерді. Сөйтіп, қос спортшымыз күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал 50 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен Гүлбану Әбдіхалықова қола медальға ие болды. 

Кешқұрым Алматы әуежайына жарыс жеңімпаздары мінген ұшақ келіп қонды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері бастаған жетісулық ағайындар жерлестерін құшақ-құшақ гүлдермен қарсы алды. Мұндағы жанкүйерлердің дені Ұйғыр ауданынан келіпті. Олай болатын жөні де бар. Өйткені, Раушан мен Рахметжан және осы жарыста бесінші орынға табан тіреген Нодаржан Хамруллаев – осы аймақтың азаматтары. Аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев жерлестерінің жеңіс тұғырынан көрінгендеріне дән риза.
– Біз үшін бүгін үлкен қуаныш. Бауырларымыз ел намысын қорғады. Өздерінің мықты екендерін дәлелдеді. Төзім мен жігер оларды биіктерге алып шықты. Нағыз ерліктің ерен үлгісін көрсетті, – дейді Дәулетжан Модинұлы.
Жанкүйерлердің арасынан күміс жүлдегер атанған Рахметжан Шахаевтың анасы Мукарам апайды да жолықтырдық.
– Балаларымның ең үлкені осы – Рахметжан. Тағдырдың жазуына, басына түскен қиындықтарға қарамастан кішкентай кезінен алға ұмтылды. Спортты өзіне серік етті. Соның арқасында өмірге деген құлшынысы оянды. Бүгін, міне, елінің мақтанышына айналып отыр, – дейді ол. Әжесінің екі қолынан ұстап алған Рахметжанның екі ұлы – Руфад пен Умутжан да спортпен шұғылданады екен. Бұл да әкеден алған өнеге мен тәлім.
Раушан Қойшыбаеваның жұбайы Бауыржан Қасымбеков те осы жерден табылды. Екеуінің де тағдырлары ұқсас. Раушан жиырмадан енді асқан шағында теміржол апатына ұшырап, екі аяғынан мертігеді. Бауыржан да дәл осындай күйді басынан кешіріпті. Ауруханада танысқан екі жас бір-біріне өмірлік жар болуға уәде береді. Бүгінде олар үш қызды тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. 
Раушан бұған дейін де талай байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатқан нағыз майталман спортшы. Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарында күміс медальді еншіледі. Еуропа мен Азияның ашық біріншілігінде топ жарды. Журналистер қауымы оны кезекті жеңісімен құттықтап, жарыстан алған әсері туралы сұрады.
– Әрине, қарсыластарымыз оңай болған жоқ. Тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде ғана жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бір әттеген-айы, Пара Азия ойындары тікелей эфирде көрсетілмеді. Өкінішке қарай, елімізде мүмкіндігі шектеулі мыңдаған адамдар өмір сүруде. Егер олар өзі сияқты тағдыр иелерінің жетістіктерін теледидардан көріп жатса, өмірге деген көзқарастары да басқа арнаға бұрылар ма еді деп ойлаймын. Өйткені, жеңіс адамды жігерлендіреді, – дейді Раушан. 
Тағдыр теперішіне қарамай, он екі мүшесі сау замандастарымен өздерін тең ұстап, әлемдік додада жеңімпаз атанған қайсар жандардың өр рухы, жігері расында қайран қаларлық.

Болат МӘЖИТ
Алматы

Оқи отырыңыз