БАПКЕР АТАНДЫ

БАПКЕР АТАНДЫ

Текелідегі Мәдениет сарайында бокстан студенттер арасында Азия және әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Өтелбаев Дидар Саяқұлының үлкен спортпен қоштасып, бапкерлік жолға ауысуына байланысты жасөспірімдер арасында бокстан турнир және салтанатты шара өтті. 

Бокс әліппесін Тұрарбек Омарұлынан үйренген Дидар мектеп жасынан-ақ түрлі додалардан чемпион атанып, облыс құрамына қабылданады. 2010 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Шукбутовтан тәлім алған былғары қолғап шебері Қарағандыда өткен республикалық чемпионатта топ жарады. Сол жылы Ұлттық құрама сапына енеді. 2012 жылы “Астана арландары” құрамында өнер көрсетеді. 2016 жылы Тәжікстанда өткен студенттер арасындағы Азия чемпионатында алтыннан алқа тағады. Тайландта өткен Әлем біріншілігінде қарсыластарын қоғадай жапырған боксшы бас бәйгені қанжығасына байлайды. Осыдан кейін ол кәсіпқой боксқа шақырту алады. Өкінішке қарай жарақатына байланысты үлкен спортты жалғастыра алмайды. Десе де, жастардың томағасын сыпырып, дүбірлі додаларға дайындайтын бапкерлік жолды таңдайды. 
Шара Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаевтың алғысөзімен бастау алды.
– Спорт – әлем төрінде абыройымызды асқақтататын сиқырлы өнер. Осы өнердің арқасында байрақты бәсекелерде Көк туымыз желбірейді. Ұлт намысын қорғап жүрген білекті спортшылардың жеңісі – білікті бапкерлердің ерен еңбегі. Дидар білікті бапкер болып, еліміздің абыройын асқақтататын шәкірт дайындайтынына сенімдімін. Спортшымызға болашақта баспана мәселесін шешіп береміз, – дей келе ақжарма тілегін ақтарып, турнир жеңімпаздарын марапаттады. Сондай-ақ, Дидардың бойындағы талантын шыңдаған жаттықтырушысы Тұрарбек Омарұлының иығына шапан жапты. 
Өз кезегінде сөз алған Дидар Өтелбаевтың алғашқы бапкері Тұрарбек Омарұлы спортшының бала күнінен еңбекқор болғанын айтып, алдағы уақытта талай шәкірттің шамшырағын жағып, бокстың кіл мықты саңлақтарын дайындайтынына сенімдімін деп сәттілік тіледі.   
Жиын соңында Дидар Саяқұлы озық ойлы, отаншыл шәкірт баптау жолында аянбай еңбектенетінін айтып, шараға жиналған қауымға алғысын білдірді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Оқи отырыңыз